AstraZeneca вакцинасын егу неге тоқтатылып жатыр?

3222

Биыл әлемнің 70-тен астам мемлекеті бұл екпенің 2 млрд дозасына тапсырыс берді.  

AstraZeneca вакцинасын егу неге тоқтатылып жатыр?

Германия, Франция, Италия және Испанияны қоса алғанда, кем дегенде он шақты ел AstraZeneca коронавирустық вакцинасын қолдануды уақытша тоқтатты.  Өткен аптада Дания мен Норвегияда оның дозасын қабылдаған кейбір адамдардың қаны ұйыған. Бірақ тромбтың екпеден туындағаны әзірге дәлелденген жоқ, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі (European Medicines Agency - ЕМА) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолда бар мәліметтердің бұл вакцинаның қанды ұйытанын растамайтынын, сондықтан, адамдар оны ектіруді жалғастыруы керек деп мәлімдеп отыр.

Не болды?

Дания – өткен аптада СOVID-19-ға қарсы AstraZeneca вакцинасын қолдануды тоқтатқан алғашқы ел. Себебі мұнда кейбір адамдардың қаны ұйып, солардың бірі бір дозаны алғаннан кейін 10 күн өткенде қайтыс болған. Елдің Денсаулық сақтау органдары оксфордтық екпені салуды осы іс тергеліп біткенше, яғни, кем дегенде екі аптаға доғаруды ұйғарып отыр.  Даниялық медиктер "вакцина мен тромб арасында қандайда бір байланыс бар деген қорытынды жасай алмайтындарын" атап өтті.

Көп ұзамай Норвегия, Исландия, Болгария, Латвия, Швеция, Таиланд және Конго да осындай шешім қабылдады. Сенбіде Норвегия үкіметі AstraZeneca вакцинасын ектірген 50 жасқа дейінгі төрт адамның қанындағы тромбоциттердің өте аз болғанын хабарлады. Мұндай жағдайда адамнан көп қан кетуі мүмкін. Содан кейін Ирландия мен Нидерланды да бұл иньекцияны қолдануды тоқтататындықтарын мәлімдеді.

"Біз әрқашан абай болып, сақтық шарасы ретінде үзіліс жариялауға тиіспіз", - дейді Нидерландының Денсаулық сақтау министрі Гуго де Йонг.

Өткен аптада осы вакцинаны егуді жалғастыратындықтарын білдірген неміс шенеуніктері дүйсенбіде жаңа проблемалар туындағанын естігеннен кейін оны егуді доғаратынын мәлімдеді. Франция президенті Эммануэль Макрон да өз елінде бұл препараттың сейсенбі күні түске дейін қолданылмайтынын айтты. Содан кейін AstraZeneca вакцинасына Италия мен Испания да тыйым салды.

Бұның бәріне қатысты жауап бере отырып, AstraZeneca бүкіл Еуропа бойынша доза алған 17 млн адамның мәліметтерін мұқият зерттегенін және қан ұю жөнінде 37 фактіні анықтағанын айтып, бұл проблемаға вакцинаның себеп болғанына "ешқандай дәлел таппағанын" жеткізді. 

Вакцинаның кінәсіне дәлел бар ма?

Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі вакциналау науқанының бұл жағдайларға себеп болғанының ешқандай нышанын байқамаған. Дегенмен, ол "ЕО реттеу органдары осы мәселеге қатысты тергеуді жалғастырып жатқанын және барлық деректерге мұқият талдау жасалатынын" хабарлады. Және де ЕМА-ның мәлімдеуінше, дәл қазір AstraZeneca вакцинасының артықшылықтары оның жанама әсерлерінен бәрібір басым болып тұр.

AstraZeneca-ның 11 млн дозасы салынған Ұлыбританияда 11 адамның ғана қаны ұйыған, бірақ олардың ешқайсысына екпе себеп болмапты.

Кейбір дәрігерлердің айтуынша, вакциналау науқандары ең осал адамдарға доза егуден басталды. Ал, кейбір адамдардың денсаулығында иммундау кезеңіне дейін-ақ проблемалар болады. Осы жайтты ескерсек,  вакцинаның қандайда бір ауруға жауапты екенін анықтау қиын.

Қолда, аяқта немесе басқа жерлерде пайда болатын тромбтар кейде жүрекке, миға немесе өкпеге қанды өткізбей, адамды инсультқа, инфарктқа, тіпті өлімге душар етуі мүмкін.

Сонда неліктен вакцина салу тоқтатылды?

Вакциналау науқаны кеңейген сайын кейбір адамдардың денсаулығы нашарлағаны немесе біреулердің қайтыс болғаны туралы хабарлар түседі. Дегенмен, бұндай оқиғалардың басым көпшілігі ақырында вакцинамен байланысты емес болып шығады. Ал, COVID-19-ға қарсы екпелер әлі де эксперименталдық.  Сондықтан, олардың күтпеген жанама әсерлері зерттеуді қажет етеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас ғылыми қызметкері - доктор Сумя Сваминатан БҰҰ Денсаулық сақтау агенттігінің өкілдері соңғы күндері екпелерге қатысты жарияланған жағымсыз хабарламаларға бола, "адамдардың үрейленгенін қаламайтынын" мәлімдеді. Сонымен қатар, ол бүкіл әлемде адамдарға коронавирустық вакциналардың 300 миллион дозасы салынғанын, алайда  " коронавирусқа" қарсы екпелермен байланысты бірде-бір өлімнің тіркелмегенін атап өтті.

Басқа вакциналар алаңдата ма?

Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Бірақ, қазір Eуропа дәрі-дәрмек агенттігі Pfizer-BioNTech, Moderna және AstraZeneca компаниялары жасаған COVID-19-ға қарсы инъекциялардың  кейбір пациенттерде тромбоциттердің төмендеуіне және олардан қан кетуіне себеп болуы мүмкін бе деген мәселені зерттеп жатыр. 

Халыққа қандай кеңес?

ДДСҰ мен ЕМА және бірқатар елдердегі реттеуші органдар, адамдарды иммундау науқанынан өтуді әрі қарай жалғастыруға шақырып, вакциналаудың болмашы қаупі оның кез-келген ықтимал зиянынан әлдеқайда жоғары екенін алға тартып отыр.

"Халықтың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұрады. Адамдар бәрібір COVID-19-ға қарсы вакцинаны алуы керек", –  дейді Ұлыбританияның дәрілер жөніндегі реттеуші органы.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу