"Астық бар: даурықпаңыздар, бірақ азық-түлік қымбаттайды"

4117

Ауыл шаруашылығы министрі мен сарапшылардың сөзі осыған саяды. 

"Астық бар: даурықпаңыздар, бірақ азық-түлік қымбаттайды"

Министрліктің сәуірдің басындағы ақпаратына қарағанда, қамбадағы астық ішкі нарықты қойып экспортқа шығаруға жетеді (6,4 млн тонна), деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Бидай жетпей жатыр деген бос сөз. Мәселе бидай өңдеушілер мен ұн өндеушілердің бағаға келісе алмауынан туындап отыр. Солтүстік облыстарда 153-155 мың теңгеден бидай бар. Біз тілдескен ұн өңдеушілер өздеріне тиімді бағада бидай таппай отырғанын айтады. Әрі шу көтеріп отырған ұн өңдеушілердің 80 пайызы сыртқа, экспортқа шығаратындар. Сол себепті олар бидай өңдеушілермен өзара келісімге келуі керек", – деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев үкімет кулуарында журналистке.

Вице-министр Айдарбек Сапаровтың сөзіне қарағанда, ұн экспорттаушылар бұрын Ресейден бидайды арзан бағада алып келген. Ресей сыртқа шығаруға шектеу қойғаннан кейін олар өз ішіміздегі жоғары бағаға тап келіп, ажиотаж туындап жатыр.

"Астық өсірушілеріміз көктемгі егіс науқанына қажетті қаражатын табуы керек. Несиесін жабуы керек. Сондықтан олар арзанға сата алмайды", – дейді Сапаров.

Астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ганның пікіріне сүйенсек, Ресейден шектеусіз жеткізіліп жатқан кездің өзінде бидай бағасы 115 теңгеден 155 теңгеге жеткен. Демек 35 пайыз қымбаттады. Мұндайда ұн кемінде 20 пайыз қымбаттайды. Онсыз болмайды.

"Химия, тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер мен тұқым қымбаттады. Міне, егіс науқаны басталды. Сондықтан шаруалар өнімін лайықты бағаға сатуы керек қой. Енді осыған байланысты нан өнімдерінің бағасы көтерілетіні анық. Әлеуметтік нан қымбаттамас. Өйткені азық-түлік корпорациясында астық қоры бар және қосымша жеткізуге де дайын. Одан басқа нан өнімдері, сиыр еті, шошқа еті, құс еті қымбаттайды. Себебі жем қымбаттайды ғой", – дейді Ган.

 

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу