Астық экспорттаушыларға ҚҚС жеңілдетілген қайтару жөніндегі пилоттық жоба өткен жылдың қараша айында Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілді.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.
"Пилоттық жоба осы саланы сауықтыруға және жосықсыз бәсекелестікті жоюға бағытталған. Жалпы 2019-2021 жылдары 157 млрд теңгеге 2,7 млн тонна астық импортталды. Оның ішінде Ресей Федерациясынан – 145 млрд теңгеге 2,7 млн тонна астық бар. Өз кезегінде, жалпы астық экспорты 2,1 трлн теңгеге 20,2 млн тоннаны құрады. Оның ішінде РФ – 55 млрд теңгеге 441 мың тонна. 2019-2021 жылдары астық пен ұнды экспортқа шығарушыларға 127 млрд теңге мөлшерінде қосылған құн салығы қайтарылды. Оның ішінде, 2019 жылы – 21 млрд теңге, 2020 жылы – 27 млрд теңге, 2021 жылы – 50 млрд теңге", – деп атап өтті комитет төрағасының орынбасары.
Спикердің сөзінше Ресейден импортталған бидайдың үшінші елдерге, оның ішінде кері экспорттау және олар бойынша ҚҚС өтеу тәуекелдері бар екенін ескеру қажет.
"Мұндай тәуекелді болдырмау үшін Комитет "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп ҚҚС-ты жеңілдетілген қайтару бойынша пилоттық жобаны іске асырды. Жоба нарықтағы заңсыз әрекеттерге қарсы іс-қимыл жүргізеді. Бұл мемлекет пен бизнестің бірлескен саясаты. Басты мақсат – бұл саланы сауықтыру және жосықсыз бәсекелестікті жою", – деді Қайрат Миятов.
Яғни осы жобаға қатысу туралы меморандум жасасатын экспорттаушыларға ҚҚС қайтару тексерусіз және айыппұл санкцияларын қолданбай жүргізіледі. Пилоттық жобаға қатысушылар осы бағдарламаның үйлестірушісі, Мемлекеттік кіріс органдары және тиісінше меморандум жасасқан астық нарығының қатысушылары ретінде "Атамекен" ҰКП болып табылады.
"Бүгінгі таңда пилоттық жобаға 20 салық төлеуші қатысуда. Олардың ішінде 7 экспорттаушы және 13 астық өнімдерін шығаратын тікелей жеткізуші бар", – деді спикер.
Айта кетейік, меморандум ерікті түрде жасалады. Кез келген компания меморандумға қосыла алады. Ол үшін "Атамекен" ҰКП-ға жүгіну қажет.
Құралай Құдайберген