Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданына қарасты Центральный елді мекенінде орналасқан астық қоймасынан шу шықты. Мұндағы А .Ф.Христенко атындағы ауыл шаруашылық станциясының бастығы күзде астық жинау науқаны кезінде оңай жолмен қаражат табуды көздепті. Ол алқаптан астық сақтайтын қоймаға түсіп отырған астықтың мөлшерін қол астындағы жұмыскерлерге басқаша көрсетіп, артығын алып қалуға нұсқау берген. Жұмыскерлердің айтуынша, қойманың ішінде және сыртында екі таразы қойғызып қойған. Центральный елді мекеніндегі астық тазалау нысанында 13 жыл бойы қойма меңгерушісі болып еңбек етіп келе жатқан Александр Моругин бұл ұрлықты әрі қарай жасырмай директорының үстінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағым түсірген. Алайда ұрлықты ашқан қойма меңгерушісі бүгінде басым дауға қалды деп отыр.
"Мен бұл ұрлықтың жолын кестім, оларды әшкере еттім. Алайда сол әрекетімнен кейін тыныштық кетті. Енді өзіме маза бермеуде. Істеп жүрген жұмысымнан қудалана жаздадым", – дейді ауыл шаруашылық станциясының астық тазалайтын нысан меңгерушісі Александр Моругин.
Басы дауға қалған директор бұл лауазымға бір жыл бұрын ғана, "Ұлттық аграрлық ғылым білім орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасының бұйрығымен тағайындалған. Аталған акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандары директорды екі көлік астықты сатып тұрған жерінен құрықтаған.
"Сотқа дейінгі тергеу барысында директор қызметін атқарып жүрген Арман Бекмағамбетов өзінің қол астындағыларға астықты аз көрсетіп, артылғанын алып қалуға бұйрық береді. Яғни егінжай алқабынан шыққан астық көлемі туралы мәліметке өзгерту енгізіп отырған. Оның бұл айыбы куәгерлердің көрсетілімдерімен дәлелденді. Артық шыққан астықтың сомасы бухгалтериядан табылған жоқ", – деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу басқармасы бастығының орынбасары Александр Иксанов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, станция директоры лауазымын пайдаланып қол астындағыларға құжаттағы мәліметті қате көрсетуге нұсқау берген. Осыдан кейін 34 тонна артық шыққан астықты 970 мың теңгеге танысына сатып жіберген.
Александр Моругиннің айтуынша, директорға қатысты шудан кейін астық қоймасына Астанадағы бас кеңседен тексеру комиссиясы келген.
"Ақыр соңында осы артық астықты тексеруге комиссия келді. Мен комиссияға өзімдегі бар ақпаратты бердім. Алайда астықты тексеруге келген комиссия "өрт қауіпсіздігін сақтамадың" деп өзімді жазалады. Олар астықты өлшеп тексеруі керек еді, бірақ ештеңені өлшеген жоқ", – деп қынжылады Александр Моругин.
Мемлекетке тиесілі астықты жымқырған директордың ісі лауазымын асыра пайдаланды деген бап бойынша сотқа жіберілген. Жақында сот үкімімен Арман Бекмағамбетовке 1 жылға бас бостандығы шектелді. Сонымен қатар ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды жұмысқа тағайындала алмайтын болады. Ол мемлекетке келген шығынды толығымен өтеген. Бүгінде сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Арайлым Еркебаева