Асылбек Қожахметов: Байлардың балалары грант алмауы керек

2697

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі білім гранттарын табысы аз отбасыларға бағыттауды ұсынды. 

Асылбек Қожахметов: Байлардың балалары грант алмауы керек

Дәл қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтіп жатыр.

Халықтың жалпы білімін көтеру үшін мемлекеттік гранттарды табысы аз отбасынан шыққан балаларға көбірек ұсыну керек. Ұлттық кеңес мүшесі Асылбек Қожахмет ұйымның үшінші отырысында осындай ұсыныс айтты. 

"Бізге әлеуметтің әлсіз топтарына жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру керек. Талапкерлердің академиялық білім дәрежесіне емес, білімге мұқтаждығы ескерілуі қажет. Қазақстанда студенттердің 30 %-ы ғана мемлекеттік грант бойынша білім алады. Білім гранттарының саны өсіп жатқанымен, қала мен ауылдың арасындағы айырмашылық сақталуда. Ауыл жастарының жоғары білімге қол жеткізгендері 20 %-дан аспайды. Мемлекеттік грант бойынша кішігірім теңгерім болғанымен, ақылы оқуда ауыл жастарының үлесі 15 % ғана. Өйткені ауылдықтардың табысы қаладан 44 % төмен", – деген сарапшы білім кредиттерінің санын қайтадан көбейту керек деген ой айтты. 

"Қазақстанда  мемлекеттік білім беру кредиті 10-20 %-бен беріледі. Егер басқа елдерге қарасақ, 2-3 пайыз ғана. Бізде білім кредиттерін студенттердің 1 %-ы ғана пайдаланса, өзге елдерде бұл көрсеткіш  90, 74, 70 % деңгейінде. Осылайша бізге грант үлестіру кезінде білім көрсеткішіне ғана емес, әлеуметтік-академиялық факторларға да қарау керек. Табысы жоғары отбасылардан шыққан талапкерлер мемлекет грантын алмауы керек. Табысы төмен отбасынан шыққан талапкерлердің бәріне 50 балдық көрсеткіш сақталған жағдайда грант ұсыну керек. Оксфорд пен Кембридж университеттеріне биыл Үкімет талапкерлердің кем дегенде 7 %-ын кедей отбасынан шыққан жастардан жасақтауды тапсырды. Яғни әлем де бағытын өзгертіп жатыр. Біз де әлеуметтік лифт жұмыс істеуі үшін мемлекеттік гранттарды әлеуметтік бағытқа бұруымыз қажет", – деді Асылбек Қожахметов.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу