Ата-анаға кеңес: Баланы 1-сыныпқа дайындау үшін қанша қаражат керек

8014

1 қыркүйекте елімізде мыңдаған бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Яғни жаңа оқу жылында әр балаға керек-жарақ, киім-кешек, оқу-құралдарының қажет болары анық. Кәсіпкерлер де дәл қазір алақанын ысқылап, сауда сөрелерін сабаққа қажетті тауарлар мен заттарға толтыра бастаған. Осы ретте Іnbusiness.kz тілшісі сауда нүктелері мен базарларды аралап, 1-сыныпқа баратын балаға қанша қаражат керектігін есептеп шығарды.

Ата-анаға кеңес: Баланы 1-сыныпқа дайындау үшін қанша қаражат керек

1 сыныпқа баратын балаға не қажет?

Жаңа оқу жылында баласы алғаш мектеп табалдырығын аттайтын әрбір ата-ана ештеңеден аянып қалмасы анық. Олай болса, бірсыпыра қажетті заттардың тізімін жасап көрейік. Әуелі, ең алдымен мектеп формасы керек. Содан соң сөмке және кеңсе тауарлары, оқу құралдары мен жұмыс дәптерлері бар.

Нақтырақ айтқанда, форма мен спорттық киіммен бірге киілетін қосалқы киімдерді сатып алуға тура келеді. Сондай-ақ аяқ киімнің де бірнешеуін аласыз. Костьюммен киюге арналған күнделікті аяқ киім (туфли, бәтеңке) және дене шынықтырумен айналысу үшін спортзалға арналған аяқ киім (кеды, крассовка).

Ал оқу құралдарын салатын сөмке міндетті түрде болғаны жөн. Бұған қоса, алатын құрал-жабдықтар және бар. Оның барлығын бірден сатып алуға көп жағдайда қаражаттың жеткіліксіздігі себеп болып жатады. Сондықтан ең қажетті деген кеңсе тауарларын атап өтейік. Олар кемінде 2 дана көк қаламсап, жәй қарындаш, түрлі-түсті қарындаш, өшіргіш, қалам ұштағыш, сызғыш, пенал, дәптерлер, дәптер мұқабалары. Бейнелеу өнері мен еңбек сабақтары үшін: сурет дәптері, акварель бояуы, бояуға арналған құты және қылқалам, гуашь, түрлі-түсті картон, түрлі-түсті қағаз, желім-қарындаш, ермексаз (пластилин), ермексаз үшін тақтайша, қайшы және т.б. Ал бастауыш сынып үшін кейде оқулықтарын да сатып алуыңызға тура келеді.

Қайсысын таңдайсыз: базар ма, бренд пе?

Сабақ басталуына санаулы күн қалды. Сонымен бір балаға мектепке баруы үшін қанша ақша жұмсалады? Біз осыны анықтау үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы базарларды аралап, ірі сауда орталықтарындағы бағаларды бағамдадық. Бір оқушыға қажетті киім-кешек пен керек-жарақтың орташа бағасын есептеп көрдік.

Өткен жылмен салыстырғанда биыл бағаның қымбат екені айтпаса да түсінікті. Мәселен, былтыр 3000-6000 теңге аралығында болған ақ көйлектің бағасы биыл 4500-12000 теңгеден сатылып жатыр. Дәл осындай ақ көйлектер бірыңғай балалар киімін сататын ORCHESTRA сауда нүктесінде 18 990 теңге, сөрелерін мектеп формасымен толтырған BearRichi дүкенінде 12000-17000 теңгеден тұр. Ал белдемше қара базарда 3000-8000 теңге аралығында болса, сапасы жақсысы жоғарыдағы аты аталған дүкендерде 10000-14000 теңгеге дейін барады. Ескеретін жайт, базардың өзінде "турецкий" ақ жейдеңіз 10 мың теңгеден кем түспейді. Қыздардың спорттық киімінің арзаны 15 мың, сапасы жақсысы 30 мың теңге, ал ер балалардың костьюм-шалбары 25 мыңнан жоғары.

Аяқ киімге келер болсақ, баға тіпті асып түседі. Кез келген ата-ана аяқ киімнің сапалысын алғысы келетіні анық. Әсіресе, күнделікті киетін туфли, бәтеңкелердің оқушы үшін сынына емес сапасына мән берген жөн. Олардың бағасы да арзан емес. Жақсысы 20 мыңнан басталады. Арзан іздесеңіз 7-8 мыңнан да алуға болады. Балаға киімнен бөлек ең керекті зат – сөмке.

Байқауымызша, ата-аналар мүмкіндігінше ортопедиялық жабыны бар, материалы төзімді әрі ылғал өткізбейтін, ауыр кітаптарды салғанда тез тозбайтын сөмкелерді алуға тырысады екен. Қаржылық жағдайыңызға қарай олардың бағасы да әртүрлі. Базарда 7-8 мыңнан басталып, 10-14 мыңға дейін бағаланып тұр. Ал MARWIN, Детский мир секілді дүкендерде сапасы орташасы 18 мың, ең әдемі әрі төзімділері 30 мың теңгеден кем түспейді.

Енді ұсақ-түйек, қалам-қарындаштарды санайық. Оның да көпке жетуі үшін ата-аналар сапалысын алуға тырысатыны белгілі. Сонымен кеңсе тауарларына орта есеппен 10 мың теңге жұмсайды екенсіз.

Бір балаға қанша қаржы жұмсалды?

Іnbusiness.kz тілшісімен тілдескен көпбалалы Айнұр есімді елорда тұрғыны бір баласына неше теңгеге киім алғанын есептеп берді. 

"Биыл расымен киімдер қымбаттап кетіпті. 1 сыныпқа баратын қызымның мектеп формасына: ақ көйлегі, белдемшесі, туфлиі, сыртынан киетін жейдесі бар соның барлығына 50 мың теңге жұмсадық. Оның сыртында енді алатын спорттық киімі, кроссовкасы, оқу құралдары бар. "Арзанның жілігі татымас" демекші, жай базардан емес дүкеннен алғанды жөн көреміз", – дейді дүкен аралап жүрген көпбалалы ана.

Қысқасы, 1 сынып оқушысына шамамен кем дегенде 60-100 мың теңге аралығында қаражат жұмсалатыны белгілі болды. Бұл тұрғыда бір емес, екі немесе үш-төрт баласы мектепке баратын отбасылардың шекесі тіптен қызбайтыны анық. Ақшаны жүз мыңдап жұмсауға тура келеді.

Мәселен, мемлекеттен төрт баласы бар анаға айына 49 100 теңге (16,03 АЭК) жәрдемақы беріледі. Ойлап қарасақ, қазіргі нарықта ол көмек бір балаға да жетпейді. Себебі одан бөлек баланың өзге де киетін киімі, ішіп-жемі бар. Бұл енді бөлек әңгіме...

Бұрынғының балалары бір-бірінің киімін киіп өсетін. Ал қазіргі балаларды олай алдай алмайсыз. Олар брендті де, трендті де біледі. Соған сай киінгілері келеді. Ал әр баланың қалауын орындап, шамасы келгенше мектепке дайындау – ата-ананың парызы. Қымбатшылық қысқан заманда сол парызын орындаймын деп жүргенде қарызы өсіп кетпесе игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу