Ата-аналар балабақша тамағының сапасын қадағалайды

9323

Мектепке дейінгі мекемелердегі тамақ сапасына бақылау жүргізіледі. 

Ата-аналар балабақша тамағының сапасын қадағалайды

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Ануар Жанғозин мектепке дейінгі  білім беру мекемелеріндегі тамақтандыру сапасына мониторинг жүргізілетіндігін мәлімдеді. Мониторинг келесі аптада басталады.

"Тамақтандыру сапасын қадағалау мақсатында белсенді ата-аналар қауымдастығы, қалалық маслихат, "Адалдық алаңы" өкілдерімен бірлесе отырып, мектеп асханаларын бақылау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, мектептер тамақтандыруды ұйымдастыру үшін конкурс жарияламайтын болды, бұл жұмыс ендігәрі активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы деңгейінде бірыңғай конкурс арқылы өткізіледі. Екінші, ата-аналар мектеп асханасындағы тамақ сапасын бақылай алуы үшін әр мектеп асханаларына бейнебақылау камералары орнатылды. Үшінші, қолма-қол ақшасыз, карталар арқылы төлем жасау мүмкіндігі пайда болды. Төртінші, мониторинг жүргізу нәтижесінде 85 мектеп арасынан тек 30 мектепте ғана кемшіліктер анықталған жоқ. Қалған мектептер жеткізушілерін ауыстырды. Нәтижесінде шағымдар 35 %-ға азайды",– деді Ануар Жанғозин.

Мектептерде мониторинг жүргізу табысты өткізілгеннен кейін, осы тәжірибені балабақшаларға енгізу қолға алынуда.

"Жұмысты жалғастыра отырып, халықтық мониторинг тобын мектепке дейінгі мекемелердегі тамақтандыру сапасын қадағалау мақсатында кеңейтіп отырмыз, әрі ата-аналарды осы жұмыстарға белсене атсалысуға шақырамыз", – деді Ануар Жанғозин.

Нұр-Сұлтан қаласындағы "Nur Otan" партиясының филиалы басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қаналимов мониторинг жасауға ата-аналарды белсенді қатысуға шақырды.

"Ас – адамның арқауы" тағамның сапалы болуы өте маңызды. Мектептерді тексеруге белсенді араластық. Балабақшаларға мониторинг жүргізуге де жұдырықтай жұмылып қатысамыз. Осы шараға өз үлесін қосқысы келетін ата-аналар бір-екі мекемені тексергеннен кейін кетіп қалмай, аяғына дейін табанды түрде қатысып, шынайы бағаласа екен деген өтінішім бар",– деді партия өкілі.

Айта кету керек, қалалық мониторингтік топқа кіруге өтініштер Білім басқармасының bilim.astana.kz сайтында 20 қыркүйекке дейін қабылданады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу