Ата-аналар баласы үшін айыппұл төлейтін болды

552

Кейінгі онжылдықта ата-ана мен мектеп мұғалімдерін дауластырған бір жайт бар.

Ата-аналар баласы үшін айыппұл төлейтін болды Фото: gov.kz

Оқушылар білім ордасында еркін смартфон қолданып келгенін, соның кесірінен оқу үлгерімі төмендеп жатқанын айтушылар көп. Ақыры Қазақстан бұл мәселені заңмен реттеуге мәжбүр болды.

Бұдан былай сабақ кезінде смартфон ұстаған оқушылардың ата-анасы немесе қамқоршысы 5 АЕК, яғни 20 мың теңге айыппұл төлейді. "Білім туралы" заңның 47-бабының 10.1-тармағында "сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануға болмайды" деп шегелеп жазылған.

Егер оқушы сыныбында телефон қолданып, оны мұғалім байқаса, алдымен жақындарына "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 409-бабы бойынша ескерту айтылады. Бірақ оқушы бұл ескертуді елемей, тағы да смартфон қолданса, ата-ана жауапкершілік арқалайды.

Бір қарағанда керемет бастама, құдды сабақ үстіне смартфон ұстамаған баланың оқу үлгерімі жақсарып-ақ кететін сынды. Кей ұстаздар бұған ризашылығын айтып жатыр. Осыған дейін сыныптағы балалардың телефонын жинап, әуре-сарсаңға түсетін олардың қолы жеңілдеді. Сабақ кезінде смартфон ұстамауды енді мұғалім емес, ата-ананың өзі қайталап жүретін болады.

Дегенмен екінші мәселе де бар. Оқушы асханаға барғанда төлем жасауы керек, ата-анасымен байланысып отыруға тиіс. Кейде оқу процесінің өзіне технологияны пайдалану қажет болады. Сондықтан жауаптылар смартфонды толық шектей алмайды.

Бұл мәселе қазір дамыған елдердің де уайымына айналып отыр. Мәселен, Францияның бастауыш мектептерінде смартфон ұстауға тыйым салынған. Орта мектептерінде "сандық үзіліс" жобасы бар. Басқа емес, оқушылардың өзі құрылғыларын жеке шкафына сақтап, құлыптап қоюға тиіс. Италияның да бастауыш және орта мектептерінде телефон ұстауға болмайды, тек ерекше қажеттілігі бар оқушылар үшін мұғаліммен қолдануға болады. Нидерландта да талап солай.

Ал Эстонияда жағдай басқаша, смартфонды оқу құралы ретінде санайды, жоғары сынып оқушыларына ЖИ акаунттары беріліп, сабақ өтіледі. Финляндия мектептерінде оқушылардың білім алуына арнайы планшеттер беріледі, мектептер толық цифрлық технологиямен қамтамасыз етілген.

Қазақстанның құрметті ұстазы Аягүл Миразованың айтуынша, Корея, Жапония, Сингапур сынды дамыған елдерде де оқушылар мектепте телефон қолданбайды. Технологиясы қанша дамығанмен де, оны оқушылардан шектеу арқылы сапалы білім беріп отыр.

– Айыппұл төлеумен мәселе шешіле салмайды. Кейбір бала ата-анасының айыппұл төлегенін шыбын шаққан құрлы көрмеуі мүмкін. Бұл заң – алғашқы ұсыныстардың көрінісі. Бұл орайда елдегі ақылы мектептердің жүйесін негізге алып, әрекет етуге болады. Онда балаларға сабақ уақытында телефон ұстатпайды. Оқушылар мектепке кіргеннен бастап телефонын есік алдына қалдырады. Бір жағдай болса, бір жері ауыра қалса, ата-анасына хабар бере алмайды деген ой туса, онда интернеті жоқ, Tik Тok, Instagram-ы жоқ кнопкалы телефонды ұстатады. Бұл өте дұрыс. Балаларымыз қаласақ та, қаламасақ та, телефонға байланып қалды, ойланып отырғаннан гөрі телефоннан тез қарай салғанды құп көреді. Денсаулығы жоқ бала болмаса, білім алуға бәріне бірдей мүмкіндік бар, – дейді маман.

Бірақ жалпы мектептерде мұндай мүмкіндік қаралмағанын білеміз. Телефонды жинап, сақтау, қайта таратып отыру да оңай жұмыс емес. Арнаулы штат қажет болады. Алдағы уақытта үкімет мүшелері бұл тақырыпты ойлана жатар.

Қазір әлеуметтік желіде де жаңа заңға қатысты түрлі ой-пікір айтылып, талқыланып жатыр. Ата-аналар да жүйелі жағдай жасап, әр оқушыға жеке телефон сақтағыш жәшіктің болғанын қалап отыр. Үзілісте асханаға бара қалса, бір жері ауыра қалып немесе тосын жағдай болса, ата-анаға хабарласуға мүмкіндік болуы тиіс. Оның үстіне 20 мың теңге де аз ақша емес, алдағы уақытта кей ата-аналар шу шығаруы да мүмкін.

Осылайша, Қазақстандағы білім беру жүйесінде смартфон мен технологиялар зиянды да, екінші жағынан аса қажет те дүние саналып, талас тудырып отыр. Заң жөнді делік, бірақ одан шығатын даулар мен келеңсіз оқиғалар азаймайтынына кепіл жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу