Ата-аналар дені сау балаларын да үйде оқыта бастады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5428

Оқушылар орта білімді мектепке барып алуға тиіс. 

Ата-аналар дені сау балаларын да үйде оқыта бастады

Әлемде home school – үйде білім алу деген қозғалыс бар. Ол оқушыға мектепке бармай, ата-анасымен бірге сабақ оқып, тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік береді.

Кезінде үйде білім алуға ауқатты адамдар ғана жүгінетін. Кейін үйде денсаулығының кінәраты бар балалар оқытылатын болды. Ал қазір бұл тәсіл трендке айналды. Оны қолдайтын, қолдамайтын азаматтар, оған рұқсат берген және тыйым салған мемлекеттер бір-біріне қарама-қарсы шеп құрған.

Көрші Ресей білім берудің жаңа тәсілін осыдан 5 жыл бұрын заң бойынша қолданысқа енгізді. Португалия, АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Беларусь, Канада, Жапония, Өзбекстан, Украина, Аустралия, Молдова, Австрия, Чехия дәстүрлі білім беру саласына home school жүйесін қосты. Ал Германия, Греция, Голландия, Испания, Швеция мұндайға түбегейлі қарсы. Мұнда home school жүйесіне жүгінген ата-аналар айыппұл төлейді, сотталады немесе ата-ана құқығынан айрылады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, біздің елде  оқушыларға денсаулығына байланысты ғана үйде білім алуға рұқсат берілген.

"Home school деген тренд бар. Ол батыс елдерінде, Ресейде қарқынды дамып жатыр. Біз балалардың құрбы-құрдастарымен бірге оқығанын және білім мен тәрбиені әлеуметпен бірге алғанын қолдаймыз. Мектепте білім алу маңызды әрі қажет деп санаймыз. Балалардың мектепте сапалы білім алуына жағдай жасаймыз", – дейді Асхат Аймағамбетов.

Дегенмен, министрдің мәлімдеуінше, үйде білім алу қозғалысын қолдайтын қазақстандық ата-аналардың ұсынысы ескерілмей қалмайды.

Айта кетейік, home school шығармашылықпен, спортпен кәсіби түрде айналысатын оқушылар, ата-аналары қызмет бабымен немесе өмір салты бойынша үнемі көшіп-қонып жүретін балалар үшін тиімді.

Заң бойынша еліміздің 1-9 сынып оқушылары орта білімді мектепке барып алуға міндетті. Алайда заңда home school жүйесіне тыйым салатын нақты бап жоқ.

Елімізде дәстүрлі білім беруге балама болатын home school жүйесі 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа білім беру жүйесінің пайда болуына  педагог, психолог Вера Садықова ықпал етті.

"Елімізде үйде білім алуға рұқсат берілмеген, бірақ шектеу қойылмаған.

2018 жылы елордадағы №22 мектептің жанынан Moodle платформасы арқылы оқушыларға қашықтан білім беруді қолға алдық. Оқу үдерісінің жоспары жасалды. Бақылау педагогтарға жүктелді. Оқушылар мектептен тыс жерде білім алады. Белгілі уақытта БЖБ мен ТЖБ тапсырады. Қазір 100 оқушыға білім беріп жатырмыз. Әр оқушы ай сайын 25 мың теңге төлейді. Баланың білім алуына ата-ана жауапты болады. Сабаққа атүсті қараған оқушы автоматты түрде homeschool жүйесінен шығарылады", – дейді Вера Садықова.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова үйде білім алу жүйесін қолдамайды. Ол  оқушылар орта білімді тегін және мектепте алуға тиіс деп санайды.

"Әкімшілік кодексте ата-ана баласының мектепке баруын қамтамасыз етуі керек екені, бұлай болмаған жағдайда айыппұл салынатыны нақтыланған", – дейді депутат.

Баласын Ресей Федерациясының мектебінде қашықтан оқытып отырған ана Лиза Попова аттестатты көрші елден алатынын айтады.

"Қазақстандағы орта білімнің сапасына көңілім толмағандықтан, баламды қашықтан Ресей мектебінде ақылы негізде оқытып жатырмын. Баламның бәсекеге қабілетті екеніне және өзі қатарлы балалардан білімі жоғары екеніне кепілдік беремін. Балам еркін және азат ойлы болып өсіп келеді. Баламды 25-30 оқушымен мектепте оқытқаннан, емін-еркін және жеке оқытқаным тиімді екенін жақсы білемін. Үйде оқыту арқылы баламның уақытының пайдалы іске жұмсалғанын қадағалаймывн, миын артық ойдан, жүйкесін күйзелістен сақтаймын", – дейді Лиза Попова.

Саясаттанушы Марат Шибұтов білім беру саласына еркіндік ауадай қажет екенін алға тартады. Оның ойынша, бұйрыққа бағынып үйренген адамдар өз бетінше әрекет ете алмайды. Шектеуден, шеңберден шыға алмай, өмір сүреді.

"Үйде білім алу жүйесі оқушыға еркіндік сыйлайды және өз ойын батыл әрі бүкпесіз жеткізуге жетелейді", – дейді Марат Шибұтов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу