Ата-аналар мемлекеттен ай сайын 275 мың теңгеден ала алады

9456

Қазақстанда "фостер отбасы институты" енгізілді. 

Ата-аналар мемлекеттен ай сайын 275 мың теңгеден ала алады Фото: canva.com

Енді жетім балаларға түпкілікті емес, уақытша ғана ата-ана болған қазақстандықтарға қомақты ақша төленетін болды.

Осы жаңашылдыққа өмірге жолдама берген тиісті заң 2025 жылғы ақпанда күшіне енді. Ол "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Жаңа институттың мән-маңызын, мағынасын Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева түсіндірді.

"Заң Қазақстанда бала асырап алатын "кәсіби отбасы" институтын енгізу ісін реттейді. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағын қамтамсыз ету – біздің жалпыұлттық міндетіміз! Отбасы баланың өмірінде басты рөл атқарады. Жетім бала отбасында өссе, ол оған толыққанды тәрбие, ғұмырына қажетті мазмұн береді. Отбасы баланың білімге қол жеткізу және басқа құқықтарын қорғайды. Сондықтан біз әлемдік тәжірибені зерделей келе, кәсіби қабылдаушы отбасы немесе "Фостер отбасы" дегенді енгізіп отырмыз", – деді Наталья Григорьевна.

Депутаттардың айтуынша, кәсіби отбасы институтына бірнеше талап қойылады:

  • Бір отбасы өз қанатының астына 4 жетім не тастанды баладан артық ала алмайды;
  • Кәсіби отбасы жетім қалған не ата-анасы тастап кеткен баланы таңдаусыз, кез келген уақытта қабылдауға міндетті;
  • Ол баланы 6 айдан аспайтын уақыт бойы ғана асырайды;
  • Асырау уақытында ол балаға лайықты тәрбие беріп, ауру болса, оңалтуы қажет;
  • Ол баланың биологиялық әкесін не анасын тауып, баланы өз қамқорлығына алуға үгіттеуге үлес қосуы керек;
  • Туған әке-шешесі табылмаса не үгітке көнбесе, ата-әжесі, туысқандары ізделеді;
  • Бұдан нәтиже шықпаса, бала әрі қарай жетімханаға жолданады.

Мысалы, асырап алушылар, қамқоршылар мен қорғаншылар өз қарауына алған баланың ата-анасының барлық құқығына ие болады: яғни, тәрбиелеу, оқыту, күтіп-бағу және басқа мәселелерде баланың атынан шешім қабылдап, құжаттарға қол қояды. Ал, депутаттардың айтуынша, кәсіби қабылдаушы отағасында не отанасында балаға қатысты ондай құқық болмайды.  

"Заң бойынша кәсіби отбасы – оңалту және кейіннен биологиялық отбасына немесе орналастырудың басқа түрлеріне беру үшін қиын өмірлік жағдайларға тап болған балаларды орналастырудың уақытша нысаны болады. Кәсіби отбасы баланы асырап алу және басқа басым формаларын ауыстырмайды, оларға тек бір балама болады. Яғни, бұл институт жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар орналастырылатын мекемелерге негізгі баламалардың бірі", – деді мәжілісмен.

Заңда кәсіби тәрбиешілерді іріктеу, оқыту, еңбекақы төлеу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары және заңды мүдделерін қорғау мәселелерін реттеудің құқықтық тетіктері, сондай-ақ барлық қатысушылардың құқықтары және міндеттерін белгілеу деген сияқты құқықтық қатынастар қарастырылған.

Кәсіби отбасыларды әр өңірде комиссиялар анықтайтын болады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев фостер отбасы институты бұдан бұрын елімізде сынақтан өткізілгенін жеткізді.

"Пилоттық режимде 4 отбасы анықталды. Барлық тиісті ережелер пилоттық режимде сыналды. Заң күшіне енген соң бірінші кезекте біз 43 отбасын іріктеп алып отырмыз. Бүгінде тиісті ережелері, оқыту үдерістерінің барлығы дайын. Соның негізінде бұл отбасыларды тиісті оқулардан өткізіп, күшейтілген түрде іріктеу жүргіземіз. Жалпы, әрі қарай мұндай отбасылардың санын біртіндеп көбейтуді жоспарладық.  Егер бірінші кезеңде 43 отбасы болса, келесі жылы 74 отбасы іріктеледі. Солай көбейту арқылы бұл мәселені шешетін боламыз", – деді Ғани Бейсембаев.

Қазақстанда заң және жазаның қатайтылғанына қарамастан, педофилия өршіп барады. Ресми дерек бойынша, 2024 жылдың 11 айында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы 890 қылмыс фактісі тіркелген. Салдарынан, 2023 жылғы ұқсас мерзімге қарағанда педофилия фактілері 8 пайызға өсіп шыға келіпті.

Осы орайда заңды қабылдағанымен, қалаулылар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кәсіби отбасылардың әлдебір мүшелері тарапынан зәбір көрсетілуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген болатын.

"Заңда кәсіби отбасылардан балаларға қауіп төндіруі мүмкін жайттарды сараптау, іріктеу мәселелерінде бұл жағдайдың бәрі қарастырылған. Яғни, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ол асырап алушыны оқыту ғана емес, тұтас отбасының жағдайын толыққанды тексеру қарастырылған. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан өтеді", – деп сендірді министр Бейсембаев.

Ол кәсіби отбасыларға бюджеттен төлем төленетінін қосты.

"Жалпы, ол отбасыларға алған балалардың әрқайсысы үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленетін болады. Бұл биыл 39 320 теңгеге тең. Ал, отбасында жұмыс істейтін әке-шешесіне бірдей 70 айлық есептік көрсеткіш айлық төлеу қарастырылған", – деді Оқу-ағарту министрі.

70 АЕК биылғы жылы 275 240 теңгені құрайды.

Республикада бүгінде 116 интернаттық мекеме істеп тұр. Сондықтан жетім немесе тастанды баланы уақытша "кәсіби отбасыға" беру амалсыздан туған амалға ұқсайды.

Министр қиын жағдайға тап болған балалар үшін уақытша болса да, сенім мен жылулық атмосферасын қалыптастыру, психоэмоционалды жағдайын сақтау, күйзелістен қорғау, қоғамға табысты кіріктіріп, әлеуметтендіру мақсатында отбасылық орналастырудың осы жаңа нысанын енгізуге мәжбүр екендерін жеткізді.

Схема келесідей: жетім немесе ата-анасы бас тартқан бала анықталғаннан кейін бұрынғыдай бірден жетімханаға (балалар үйлеріне) емес, алдымен кәсіби отбасыларға табысталады.

Бұл ретте әрбір бала жаңа ата-ананың назарына ілігіп, қамқорлығымен қамтылу үшін "бір кәсіби отбасындағы балалар саны төрт баладан арттырылмайды" деген талап бекітілді.

Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанда әке-шешесіз қалған балаларды орналастырудың шамамен 6 түрі болды. Бұлар – асырап алу, қорғаншылық-опека, патронат, қабылдаушы отбасы, қонақ отбасы (гостевая семья) және балалар үйі. Енді бұл қатарға – кәсіби қабылдаушы отбасы деген жаңа форма қосылды.

"Бұған дейін өмірлік қиын жағдайға қалған бала бірден балалар үйіне жолданатын. Мына жаңа форманың енгізілуі отбасынсыз қалған баланың бірден түсі суық мемлекеттік мекемеден бір-ақ шықпауын, басқа отбасының, өзге ата-ананың аялы алақанына табысталуын қарастырады. Бұл балаға психологиялық тұрғыдан өзін әлдеқайда қолайлы сезінуіне көмектеседі", – деп мәлімдеді министр Бейсембаев.

Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова кәсіби қабылдаушы отбасы институты идеясы Парламентте қызу пікірталас туғызғанын әңгімеледі. Депутаттардың үлкен бір бөлігі мұны қажетсіз және қолданыстағы формалары жеткілікті деп санады. Онда неге заңда бұл бастама қабылданды?

"Бала үшін отбасы өте маңызды және ол тұрақты болғаны жөн. Заңда кәсіби отбасы уақытша форма ретінде белгіленді: ол отбасыны емес, мемлекеттік интернаттық ұйымды ғана ауыстырады. Жалғыз қалып, мемлекеттің көмегіне зәру болған бала сол сәтте отбасыға түсуі қажет. Бірақ оны асырап ала қоятын ата-ананы бірден таба қою қиын, оның бюрократиялық сатылары бар. Мына жағдайда ол бала әп дегеннен қазыналық ұйымға – арнайы қабылдау-тарату орнына (спецприемникраспределитель), балаларды бейімдеу орталықтарына емес, кәсіби дайындалған отбасыға түседі", – деді мәжілісмен.

Оның түсіндіруінше, бала өзінде болатын 6 ай ішінде кәсіби отбасының міндеті – оның биологиялық ата-анасын тауып алу болады. Егер ата-анасы болмаса, баланың туыстарын тауып, соларға табыстауға үлес қосуы қажет. Жетімхана – баланы алатын басқа ешкім болмаған жағдайдағы соңғы саты болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу