Ата-аналар мен оқушылар заңды айналып өтуге талпынып жатқаны белгілі болды

363

Биыл елімізде 240 мыңға жуық оқушы мектеп бітірмек. 

Ата-аналар мен оқушылар заңды айналып өтуге талпынып жатқаны белгілі болды Фото: qazaquni.kz

Әрі қарай 2-15 маусым аралығында емтихандарын тапсырып, жоғары білім алуға аттанады. Дегенмен жылдағыдай соңғы қоңыраудың у-шусыз өтпейтіні тағы анық. Түлектер кеші ұйымдастырылып, түрлі шара өтеді, кейде оның арты қайғылы жағдайға соқтырып жататыны да жасырын емес. Дегенмен үкімет биылдан бастап оның бәріне тыйым салмақ ниетте болса да, ата-аналар мен оқушылардың көндіге салуы мүмкін емес секілді.

Жалпы, биыл мектеп ұжымдары, ата-аналар мен түлектер соңғы қоңырауды қатаң ережелермен қарсылап алатындай. Себебі мұғалімге сыйлық беруден бастап, кештерді табиғат аясында немесе мейрамханаларда атап өтуге дейін тыйым салынды.

Мұғалімдердің де мемлекеттік қызметшілер секілді 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сомада сыйлық алуына болмайды. Яғни, ұстазға бағасы 7 864 теңгеден асатын қандай да бір зат сыйға берілсе, жемқорлықтың нышаны ретінде қабылдануы мүмкін. Ал көп жағдайда бір құшақ гүлдің бағасы да одан асып кетіп жататынын ескере беріңіз.  

Дегенмен бұның да келісер-келіспес тұстары бар. Көп сарапшылар мұғалім еңбегіне алғыс білдіру символикалық әрі қарапайым форматта болғаны жөн екенін алға тартады. Мысалы, гүл шоғы, кітап, балалардың қолымен жасалған құттықтау, шағын сыйлық сертификаты, шығармашылық бейнеқұттықтаулар заң талаптарына да, әдеп нормаларына да сәйкес келетінге ұқсайды.

Әйтсе де ата-аналардың бәрі теңдей құлақ аса қоятынына сену қиын. Өйткені соңғы қоңырау жақындаған тұста түрлі шараға, соның ішінде мұғалімге сыйлық үшін ақша жинау қалыпты дәстүр секілді белең алған.

Негізі Оқу-ағарту министрлігі түлектердің кешін қарапайым етіп, барынша қауіпсіз өткізуді мақсат етіп отырғаны анық. Әйтпесе қазіргі мектеп бітіру кештері дүркіреген тойлардан қалыспай өтеді – қымбат ресторан, сәнді әрі қымбат киім, әрісі оның бәрін әлеуметтік желіге жүктеу. Ал кей ата-ананың жағдайы оны көтере ме, жоқ па, көбі тереңіне бойламайды.

Ақыры Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектеп бітіру кешін ұйымдастыру тәртібіне нақты өзгерістер енгізді. Ведомствоның мәліметінше, қабылданған шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, олардың құқықтарын қорғауды және тәртіпсіздіктің алдын алуды көздейді.

"Аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылады. Білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады. Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйым­дарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді, – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Алайда қарсы тараптың да пікірі барын ескерген абзал. Түрлі тыйымға қарамастан ата-аналар мен мектеп бітіру кешін көңілді әрі есте қалатындай етіп өткізгісі келетін балалар жасырын амалдарын табуы мүмкін. Тіпті, қазірден-ақ көп мейрамханалар 25 мамырдың шамасында бос болмайтынын, яғни, брондалып қойғанын айтушылар көп.

Қазір кез келген әрекетті заңмен өлшейтін заман. Осы тұста "бәлкім, ата-аналар мен түлектердің еркіне тыйым салып отырған құзырлы органдардың әрекеті жөнсіз бе?" деген сауал жол тосады.

"Мектеп бітіру кештері білім ордасының ғимаратында емес, сыртта, кафе не ресторандарда өткізіледі немесе бөлек үй жалдап тойлайды. Бірақ ол жерде не болып жатқанына мектеп ұжымы жауап бермейді. Өйткені оқушылар аттестат алып қойды, оларға мектеп әкімшілігінің құзыреті жүрмейді. Тіпті, полиция да тыйым сала алмайды. Бірақ 18 жасқа толмаған жасөспірімдер түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне болмайды", – деді заңгер Б.Мәліков.

Жасырары жоқ, жыл сайынғы соңғы қоңыраудан кейінгі кештерде түрлі оқыс оқиғалар болғаны туралы ақпараттар шыға бастайды. Балалық шағының аяқталар сәтін түлектер ерекше атап өткісі келетіні түсінікті де, бірақ қауіпсіздік одан да қымбатырақ болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу