Ата-аналар тағы бір науқаннан құтылды

8847

Білім және ғылым министрінің жаңа бұйрығының күші тек пандемиямен күрес кезеңіне ғана жарамды.   

Ата-аналар тағы бір науқаннан құтылды Фото: sputniknews.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кезінде әріптесі Аслан Сәрінжіпов қабылдап кеткен "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына толықтыру енгізді.

Төрт жыл бұрынғы құжат барлық оқушыдан тек мектеп формасын киіп жүруді және ол киім бірдей болуын талап етеді. Әйтпесе, оған дейін әр мектеп ата-аналар комитетімен ақылдасып, балалардың білім ордасына киетін киімінің үлгісін қалаған стильде бекітіп алатын.

Бірақ білім және ғылым министрінің жаңа бұйрығының күші тек пандемиямен күрес кезеңіне ғана таралмақ. Құжат жаңа ғана жария етілді. Демек, енді күшіне еніп отыр.

"Тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын жүзеге асырған, төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, форс-мажор жағдайлары туындаған жағдайларда тиісінше шектеу іс-шаралары алынғанға, ТЖ, форс-мажор жағдайлары тоқтатылғанға дейін ата-аналар балаларды орта білім беру ұйымдарына киіп бара алатынындай іскерлік, классикалық стильде ыңғайлы киіммен қамтамасыз етеді", – делінген бұйрықта.

Қарапайым тілмен айтқанда, жаңа оқу жылының кем дегенде бірінші тоқсанында балалардан мектеп формасын кию талап етілмейді. Тек іскерлік үлгіні сақтаса болғаны.

Осыны министрліктен бас мемлекеттік санитар Айжан Есмағамбетова талап етіпті. Өйткені еліміздің барлық өңірінде білім ордалары "кезекші бастауыш сыныптарды" ашуға қызу әзірленіп жатыр. Шалғай аудандар мен ауылдарда шағын жинақты мектептер барлық сынып үшін дәстүрлі оқытуды жалғастырады. Ендеше бұл елді дүрбелеңге түсіріп, ата-аналар мен шәкірттердің бұрынғыдай оқушылар киімін сататын дүкендерді лық толтыруына соқтыруы мүмкін.

"Мектеп формасын алу керек емес. Үйіңіздегі классикалық үлгідегі кез келген киім жарай береді", – деуге мәжбүр БҒМ.

Дегенмен, қазақстандықтар мұны да азсынады. Мысалы, көптеген отбасыда, әсіресе, ауыл жақта күнделікті киетіннен басқа "іскерлік стилдегі" киім табылмауы мүмкін.

Қызылжарлық оқушылар құрған QazUrban әлеуметтік жобасының өкілдері білім және ғылым министріне өтініш жолдады. Олар БҒМ басшысынан мысалы, іскерлік үлгі болуы үшін шалбардың қырын шығару деген сияқты кеңес кезінен келе жатқан қалыптан бас тартуды, жасөспірімдерге футболкамен баруға да рұқсат етуді сұрайды.  

"Министрлік уақытша болса да, оқушылар үшін бекітілген дресс-кодты жоюға шешім қабылдады. Алайда бәрібір ұқсас талап сақталыпты. Сондықтан, бірер ұсынысымыз бар. Біріншіден, осы кезеңде баласына қандай киім кигізетінін тек ата-аналардың таңдауына қалдыру қажет. Екіншіден, "денеге жабысып тұрмауға тиіс" деген талап қана қалдырылсын. Бұл оқушының қимылын шектемеу, киім қолайлы болуы, әрі анайы көрінбеуі үшін қажет. Үшіншіден, костюм және ақ жейде орнына жағасы бар футболканы киюге рұқсат етілсе. Ал шалбардың қырын сақтау секілді ескірген талап жойылса!" – деді мектеп белсендісі Әлихан Көшербаев.

Асхат Аймағамбетов 2016 жылғы №26 бұйрықтағы міндетті мектеп киімі үлгісіне қатысты талаптар жойылмайтынын ескертті.

"Ол талаптар 2020–2021 оқу жылында күшінде қалады. Әйткенмен, коронавирус инфекциясының кең таралуына байланысты министрлік сол бұйрыққа өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, карантин және шектеу шаралары жойылғанға дейін мектеп формасына қатысты жеңілдік беріліп отыр. Құқықтық актіге енгізілген осы арнайы тармақ әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындай қалса, сол кезеңде күшіне енгізіледі. Осындай жағдайларда балалар мектептегі сабағына таза, классикалық үлгідегі кез келген киімді киіп баруына болады", – деді министр.  

Оның айтуынша, мемлекет әлеуметтік осал отбасылардағы балаларды мектеп киімімен қамтуды жалғастырады.

"Елімізде биыл аз қамтылған отбасылардағы 1 жастан 18-ге дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама беру ісі басталды. Осы топтама аясында 6-дан 18 жасқа дейінгі оқушылар мектеп керек-жарақтарымен және мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Бұл жеңілдікті жалпы білім беру қоры (Фонд всеобуча) аясында жергілікті әкімдіктер жүзеге асыруда. Тиісінше, ол жеңілдікті пайдалану үшін ата-аналар өз баласы оқитын мектепке жүгінуі керек", – деді А.Аймағамбетов.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу