Ата-анасыз қалған балаларды баспанамен қамтуға 60 жыл кетуі мүмкін

"Жетім көрсең жебей жүр" дейді қазақ.

Ата-анасыз қалған балаларды баспанамен қамтуға 60 жыл кетуі мүмкін Фото: canva

Қазір бұл міндетті үкімет мойнына артқанын жақсы білеміз, 18 жасқа толғанға дейін әр ата-анасыз қалған баланы қамқорлыққа алады. Алайда олардың үлкен өмірге басқаннан кейінгі қадамы қалай болмақ? Бұл істі аз-кем көңіл толмайтын мәселелер барын жасырмаған жөн.

Бұған дейін баспасөз беттерінде балалар үйінің саны азайып келе жатқаны жөнінде ақпараттар жарияланып жүрді. Бірақ бұл мәселе толығымен шешілді дегенді аңғартпайды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде 20 178 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның 16 294-і азаматтардың отбасыларында тәрбиеленсе, 3 884 бала арнайы ұйымдарда тұрып жатыр.

Рас, қолданыстағы заңнама жетім балаларға бірқатар әлеуметтік кепілдік береді. Олар білім беру ұйымдарына түсу кезінде арнайы қабылдау квотасына ие болады, мемлекеттік білім грантын тағайындауда басымдық алады. Колледждер мен жоғары оқу орындарында жатақханамен қамтамасыз ету, материалдық қолдау көрсету, каникул кезінде жол шығындарын өтеу сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ тұрғын үй заңнамасына сәйкес, жетім балалар коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға бірінші кезекте үміткер болады. Жергілікті атқарушы органдар оларды жұмысқа орналастыруға да міндетті. Алайда бұның бәрі іске асып жатыр ма?

Мысалы, тұрғын үй жайын қарастырып көрейік, қазір республикада "жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санаты бойынша 59,9 мың азамат баспана кезегінде тұр. 1 ауданның халқындай адам. Жыл басынан бері жергілікті органдар соның тек 465-ін ғана баспанамен қамтыған. Бұндай қарқынмен алдағы 60 жылда да мәселе шешілмейтіндей. Әрине, бұл болжамды есеп қана, әйтпесе жетім балалар азайып не көбейерін де тап басып айта алмаймыз.

Айтпақшы, жақында ғана Премьер-министр Олжас Бектенов бұрынғы Сенат депутаты Андрей Лукиннің сауалына жауап беріп, жетім балалар үшін тұрғын үй алу тәртібін жеңілдетуге бағытталған өзгерістерді баяндағаны есте. Айтуынша, бұған дейін республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада тұрғын үй кезегіне тұру үшін талап етілетін үш жылдық тұрақты тіркеу міндеті алынып тасталған. Сонымен қатар бір облыс аумағында тұрғылықты жері өзгерген жағдайда азаматтың тұрғын үй кезегіне алғаш тұрған күні сақталады. Сондай-ақ жетім балалар баспана алғанға дейін тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен шығарылмайды.

Баспана мен әлеуметтік қолдау жайын айтып жатырмыз, әйтсе де тақырыптың күрмеуі бұнымен де тарқатылмайды. Үлкен өмірге қадам басып, білім алып, маман атанып, еңбек етуіне биліктен бұрын қоғам да мүдделі болуға тиіс. Оның үстіне олар жастайынан буллингке ұшырап, құқықбұзушылыққа қатысып жүретіні де жиі байқалады. Демек, олар психологиялық көмекке мұқтаж.

Бірақ білім беру ұйымдарында 2017 жылы құрылған Қамқоршылық кеңестері жұмыс істейді. Бұл кеңестің құзырына тәрбиеленушілердің ақшалай қаражаттары мен материалдық құндылықтарының сақталуы, мүліктік және мүліктік емес құқықтарының сақталуына мониторингті жүргізу кіреді. Министрліктің мәліметінше, жетім балалардың жұмыспен қамтылуы мен тұрғын үй мәселесіне мониторинг жүргізіледі, ал олардың қоғамға бейімделуі, отбасы құруы, тұрақты еңбек нарығына орналасуы жөнінде кешенді зерттеулер жүргізілмейді екен. Яғни, қоғамға бейімделу жайына ешкім бас қатырып отырған жоқ десек болады.

Дегенмен үкімет бұл кем-кетікті түзеуге ниет еткендей. "Қазақстан балалары" 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жетім балаларға арналған ұйымдардың түлектерін ересек өмірге бейімдеу тетіктері күшейтілмек екен. Жасөспірімдер үйлерін әлеуметтік бейімдеу орталықтарына айналдыру жоспарланған. Ол қаншалықты нәтижелі болады, кесіп айтуға әлі ерте.

Қазақстан психологтар одағының төрайымы Гүлзат Асанованың сөзінше, бұл санаттағы балалар есейгенде өз бетінше тірлік ету қиынға соғады, себебі олар үшін бала кезінен басқалар шешім қабылдап келген.

"Көпшілігі ас әзірлей алады, үй жинайды, күнделікті тіршілікті ұйымдастыруды біледі. Бірақ жандарында сенімді ересек адам болмаған, қиналғанда арқа сүйеп үйренбеген. Қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін осы арқылы көруге болады. Материалдық қолдау өте маңызды. Алайда одан кем емес маңызды нәрсе – жаныңда сенімді адам болуы. Сол арқылы адам көмек сұрауды, қиындықты жалғыз көтермеуді, қарым-қатынаста берік болуды және қаржысын жоспарлай білуді үйренеді, – дейді сарапшы.

Асанованың пікірінше, жетімдерге қолжетімді психологиялық көмек болғаны дұрыс. Бірақ ол "есеп үшін өткен үш кездесу" болып қалмауы керек. Ал бұл мәселені құзырлы органдар алдағы уақытта реттей ала ма, белгісіз. Бір анығы, олар үшін қазір моральдық көмек жоқ десек болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу