Ата Заңның маңызы неде?

1702

Еліміздегі басты құжаттың қабылданғанына 28 жыл толды.

Ата Заңның маңызы неде? Фото: tolqyn.kz

Бүгін – Қазақстан Республикасының Конституция күні.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Конституция 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданған болатын. Ал қазіргі Ата Заң 1995 жылдың 30 тамызында қабылданды.  Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 8 маусымдағы Заңына сәйкес, Ата Заң 99-баппен толықтырылды. Еліміздегі басты құжатта 9 бөлім, 99 бап бар.

Осы уақытқа дейін басты құжат 6 рет өзгеріске ұшырады. Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша бүкілхалықтық референдум соңғы рет былтыр өтті.

Заңгер Аржан Садуақастың сөзінше, Конституция әр елдің ең маңызды құжаты болып саналады. 

“Қарапайым тілмен айтатын болсақ, Конституция дегеніміз мемлекет пен оның азаматтары арасында жасалатын шарт. Ата Заңға негізделе отырып басқа да біздің заңнамалар дайындалады. Парламент қабылдайтын кез келген заңнама немесе басқа да бір органның нұсқаулықтары не нормативтік-құқықтық актілерінің барлығы Конституцияға негізделеді. Оған қайшы келсе, демек ол норма заңсыз болып саналады, күші жойылып, оның қолданылуына тыйым салынады. Кез келген заңнама Ата Заңға қаралып әзірленеді”, - деді ол.

Осы тұста қазақстандықтардың құқығы қаншалықты қорғалған деген заңды сұрақ туындайды. Сарапшы олардың құқықтық сауаты төмен екенін жасырмады.

“Қазақстандықтардың құқығы құжат бетінде жақсы қорғалған. Қателіктер бар, бірақ олар жөнделіп жатыр. Осы тұста олардың құқығы неге бұзылады дегенге келсек, себебі құқықтық сауаты төмен. Заңда жазылған құқығының бар екенін білмегендіктен, басқа тарап азаматқа заңсыз әрекеттер жасап, оның құқығын шектейді. Мұның бәрі құқықтық сауатсыздықтан. Бізде заңда барлығы негізінен дұрыс жазылған, қарастырылған. Бірақ сол құқықтық сауатсыздықтың кесірінен азаматтар өздеріне тиесілі құқықтан шектеліп жатады немесе ол құқық мүлдем сақталмайды”, - деп атап өтті спикер. 

Аржан Садуақастың пікірінше, құқықтық сауатты мемлекеттік органдар арттыруы тиіс. 

“Мұны негізінен мектеп қабырғасынан бастау керек. Экономикалық (қаржылық) және құқықтық сауатты 10-11 сыныптарда балаларға дұрыс түсіндіру керек”, - деді ол. 

Былтыр еліміздің басты құжатына алтыншы рет түзету енгізілгені белгілі. Заңгерден өзгерістер легі жалғасуы мүмкін бе деп сұрадық.

“Иә, олар жалғасуы мүмкін. Алайда қазіргі Конституциямыз сақталады деп ойлаймын. Себебі керек өзгерістің барлығы енгізілді. Келесі билік келген кезде, келесі саяси жүйе келсе, өзгерістер болуы ықтимал. Бұл саяси жүйеге байланысты”, - деді заңгер.

Спикердің айтуынша, Ата Заңға енгізілген түзетулер экономика, саясат және басқа да салаларға бірқатар өзгерістер әкелді.

“Мәселен, Конституциялық сотты қайта жандандыру. Бұл қазіргі таңда сот жүйесіне үлкен өзгерістер алып келді. Конституциялық сот кез келген қаулылар немесе Президенттің өзге де құжаттарын заңсыз деп тануға құқылы орган. Одан кейінгі өзгерістердің бірі – Президенттің жеті жылға сайлануы. Оған сәйкес Президент бір мерзімге ғана сайлана алады. Әлемде мұндай тәжірибе де өте аз. Кейінгі өзгерістің бірі жер қойнауы мемлекетке емес, халыққа тиесілі екендігі  туралы. Осындай өзгерістер экономикалық тұрғыдан азаматтарға тиімді”, - деді Аржан Садуақас.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу