Атамбаевтың адвокаты Гаага сотына шағымданбақшы

1852

Экс-президентке өмір бойы бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. 

Атамбаевтың адвокаты Гаага сотына шағымданбақшы

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 26 тамызға дейін тергеу абақтысында болады. Қамауға алынған экс-президентке бұлтартпау шарасы қолданылды. Ал әлеуметтік желі арқылы Алмазбек Атамбаевтың тергеу барысында түсірілген фотосы тарап кетті.

Қырғызстанның экс-президентіне қылмыстық кодекстің 319-бабы "Жемқорлық" бойынша айып тағылып отыр. 

Алмазбек Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев саясаткерді құтқару үшін Гаага сотына шағымданбақшы. Бұл туралы ол: "Біздің сотқа сенім жоқ. Сондықтан біз халықаралық сотқа, Гаага сотына шағымдануға бел буып отырмыз", – деді. 

Естеріңзге салайық, 7 тамыз күні Қырғызстанның арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевты тұтқындағысы келді. Алайда операция сәтсіз аяқталды. 

Алмазбек Атамбаевтың Бішкектен 20 шақырым жерде орналасқан Қой-Таш ауылындағы үйінде қарулы қақтығыс болды. Экс-президенттің жақтастары арнайы жасақ сарбаздарын кепілге алды. Атыс кезінде 45 адам жарақаттанып, арнайы жасақтың бір сарбазы қайтыс болды.

Осының ізінше Қырғызстанның бас прокуроры мәлімдеме жасап, "Жаппай тәртіпсіздік", "Бұзақылық", "Адам өлтіру", "Адамды кепілге алу" баптарымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын басталғанын және құқық қорғау органдары тарапынан азаматтарға қарсы атыс патрондары қолданылмағанын мәлімдеді. 

8 тамыз күні күш құрылымдары дегеніне жетті. Қырғызстанның бұрынғы президенті қолға түсті. Осы күні Жогорку Кенештің кезектен тыс отырысы өтті. Онда ел президенті Сооронбай Жээнбеков билік саяси тұрақсыздыққа жол бермейтінін жеткізді.

"Кешегі күнге дейін Алмазбек Атамбаевты тергеуге куәгер ретінде шақырса, енді оған аса ауыр қылмыс жасағаны үшін күдікті ретінде қарайтын болады", – деді Сооронбай Жээнбеков.

Ұмытпасаңыздар, 13 маусым күні Қырғызстан парламенті арнайы комиссия құрып, Алмазбек Атамбаевтың 6 қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін деген қорытынды жасады. 20 маусым күні Жогорку Кенеш бұл қорытындыны мақұлдап, Бас прокуратураға жіберді. Уақыт өте келе бас прокурор 6 фактінің бесеуі бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз бар екенін жариялады. 

27 маусым күні Жогорку Кенеш Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айыру туралы шешім қабылдады.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу