Атамбаевтың басына қара бұлт үйірілді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3478

Қырғыздың экс-президенті ерекше мәртебесінен айырылуы мүмкін.

Атамбаевтың басына қара бұлт үйірілді

Қырғызстанда экс-президент Алмазбек Атамбаевты "жеке басына қол сұқпау" мәртебесінен айыру үшін арнайы парламенттік комиссия құрылды.

Бұған дейін 60 депутаттан тұратын топ Атамбаевты елді басқарған жылдары жемқорлықпен айналысып, билігін озбырлыққа пайдаланды деп арнайы петицияға қол қойған болатын. Осыған орай 12 депутаттан құралған комиссия іске кірісті.

Депутаттар комиссияның алғашқы отырысына Атамбаевтың "құрбанына" айналып, 2015-2017 жылдары бас бостандығынан айырылған журналистер мен саясаткерлерді шақырыпты. Экс-президентке журналистер мен саясаткерлерді қыспаққа алған қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты бостандыққа шығарды деген айып тағылып отыр. Сондай-ақ Атамбаев Ресей азаматтарына заңсыз қару берген. Бұдан бөлек, Кой-Таш ауылынан заңсыз жер алып, жеке үйін салған.

Бір қызығы бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев Қырғыз елінің қазіргі басшысы Сооронбай Жээнбековті жемқор деп кінәлап отыр. Кезінде ол Жээнбековтің кандидатурасын өзі қолдаған болатын.

Осы жылдың мамыр айында Сооронбай Жээнбеков арнайы заңға қол қойды. Аталған заңға сәйкес, елдің бұрынғы басшысына "жеке басына мүлдем қол сұқпау" мәртебесі берілмейді. Бірақ оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін парламент кінә тағуы керек. Кейін оны елдің бас прокуратурасы растауға тиіс.  

Еске сала кетейік, Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған болатын.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу