Атамбаевтың жақтастары 17 қыркүйек күні митингіге шығады

4410

Бұл күн Қырғызстанның бұрынғы президентінің туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. 

Атамбаевтың жақтастары 17 қыркүйек күні митингіге шығады

Шараның өткізілетіні туралы Алмазбек Атамбаевтың кеңесшісі Құндыз Жолдыбаева өзінің Фэйсбуктегі парақшасында жариялады. Ол Бішкек мэриясына бейбіт шеру өткізу туралы хабарлама қалдырғанын мәлім етіп, қала тұрғындары мен қонақтарын шеруге қатысуға шақырды.

Айта кетейік, Атамбаев өзінің пайғамбар жасқа келгенін Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында өткізеді. Ол Бішкектегі Первомайский аудандық сотының шешімімен 26 қазанға дейін қамауға алынды.

Бұған дейін Қырғызстанның әскери прокуратурасы бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты қолға түсіру операциясы кезіндегі қарулы күштер әрекеттерінің құқықтылығын тексерген еді. Бұл операция салдарынан 100-ден астам адам жарақат алып, бір әскери қаза тапқан болатын.

Мемлекеттік прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, Қой-Таш тұрғындарының қару ведомство басшыларының үстінен жазған арызы осы аптаның басында келіп түскен.

ІІМ мен Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің үстінен жазылған ұжымдық арыз прокуратураға жіберілді, кейін сотқа дейінгі іс жүргізу нәтижесі бойынша, тиісті заңды шешім қабылданады.

Естеріңізге сала кетейік, 7-8 тамыз күндері арнайы жасақ бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты ұстау үшін оның Қой-Таш ауылындағы үйінде арнайы операция жүргізген болатын.Орган қызметкерлері  оның жақтастарына қарсы арнайы әдістер қолданған. Нәтижесінде Алмазбек Атамбаев қарулы күштерге өзі берілді. Операция салдарынан 136 кісі зардап шегіп, Үсен Ниязбеков есімді арнайы қызмет өкілі қаза тапты. 

2017 жылы Қырғызстандағы ең ірі парламенттік социал-демократтар партиясының көшбасшысы Алмазбек Атамбаев билікті жақтасы Сооранбай Жээнбековқа тапсырған еді. Бірақ кейін Қырғызстан парламенті оны экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырып, елдің ІІМ оны тергеуге шақыра бастады. Атамбаевқа қызметінде жемқорлыққа жол берді, өкілеттігін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген айыптар тағылып отыр. Өз кезегінде Алмазбек Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар екенін алға тартқан болатын.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу