"Атамекен" 20 мың жас кәсіпкерге бизнес негіздерін оқытады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3588

Жас кәсіпкерлер одағы мен "Атамекеннің" Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесі меморандумға қол қойды.

"Атамекен" 20 мың жас кәсіпкерге бизнес негіздерін оқытады

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы биыл жас кәсіпкерлерді бизнес негіздеріне оқытады. Бұл туралы палатаның жаппай кәсіпкерлік және микро қаржыландыру департаменті директорының орынбасары Әсет Сәдуақасов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ұлттық палата 2017-2018 жылдары ауылдық елдімекендегі кәсіпкерлерді бизнестің қыр-сырына үйреткен. Енді еліміздің үш ірі қаласында – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент шаһарларындағы кәсіпкерлерді оқытуды бастайды. 

"Биыл қазір білімін жетілдіріп жатқан 15 мың кәсіпкерден бөлек, 20 мың жас кәсіпкерді оқытамыз. Үш апталық қысқа мерзімді оқу курсынан бизнестің негіздерін, басқа да қажетті дүниелерді үйренуге болады. Біз негізінен 18 бен 29 жас аралығындағы NEET жастарды, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін қыз-жігіттерді қамтуды көздеп отырмыз. Мұның бәрі "Еңбек" бағдарламасы аясында іске асырылады", – деді Нұр-Сұлтан қаласында өткен жас кәсіпкерлер одағының таныстырылымына қатысқан Әсет Сәдуақасов.

Жас кәсіпкерлер одағының құрылуына ұйытқы болған жандардың бірі Айнұр Әмірхан. Ол жартылай дайын өнімдер шығарумен айналысатын "Алай Фуд" компаниясының негізін қалаушы.

"Қазіргі жас кәсіпкерлердің дені кәсібін үйде, азын-аулақ қаржымен бастайды. Олар әлеуметтік желілер арқылы өнімін насихаттап, кәсібін дөңгелетеді. Бірақ мұндай кәсіпкерлерге қашанда қолдау керек. Сондықтан біз "Жастар жылы" аясында жас кәсіпкерлер одағын құруды жөн көрдік. Қазір бұл одаққа 40 кәсіпкер мүше боп енді. Олардың қатары көбейетініне сенімдімін. Мұндай одақ бізге қажет. Бұл одақ жастар үшін жиналып, танысып, өзара тәжірибе алмасатын тамаша алаң болмақ", – дейді жас кәсіпкерлер одағының төрағасы Айнұр Әмірхан.

Атап өтерлігі, жас кәсіпкерлер одағы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер одағының қолдауымен құрылып отыр.

Айнұр Әмірхан атап өткендей, одақ ерекше стартап жобаларға инвестиция тартумен де айналыспақ.

Бүгін жас кәсіпкерлер одағы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Нұр-Сұлтан қалалық филиалымен өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу