ATAMEKEN BUSINESS Қырғызстанда хабар тарата бастады

3216

Бизнес арнаны 18 мамырдан бастап "Акнет" кабельдік операторының көрермендері тамашалай алады. 

ATAMEKEN BUSINESS Қырғызстанда хабар тарата бастады

"Atameken Business" Қырғызстан ақпарат айдынындағы қазақстандық алғашқы жекеменшік телеарна атанды. Іскерлік арна "Акнет" кабельдік операторы арқылы таратыла бастады.

"Atameken Business" телеарнасының іске қосылуы Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлері арасындағы қарым-қатынастың дами түскенін білдірсе керек. "ATAMEKEN BUSINESS" медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахарияның айтуынша, бауырлас елде хабар таратудың негізгі мақсаты – екі елдің іскер топтары арасында ақпарат алмасу алаңын құру.

"Орталық Азия инвестициялар мен кәсіпкерлікті дамытуда маңызы ерекше аймақ. Қазақстан мен Қырғызстан әртүрлі салада аймақтық және ғаламдық маңызы бар ойыншыларға айналып келеді. "Atameken Business" іскерлік БАҚ ретінде екі елдің бизнес секторының дамуын қадағалап отыруға әрі оның өркендеп өсуіне септігін тигізуді көздейді. Біз қос мемлекет нарығының барлық өкілі үшін пайдалы болатын аналитикалық және білім беруші контент әзірлейтін ақпараттық көпір боламыз", – деп атап айтты медиахолдинг басшысы.

Жергілікті кәсіпкерлер мен басшылар да "Atameken Business" бағдарламаларын Қырғызстанның көгілдір экранына шығарудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Бішкек қаласындағы Freedom Finance филиалының директоры Бауыржан Садықов елде бизнеске арналған БАҚ жоқтың қасы екенін сөз етті.

"Біздің компания филиалының Қырғызстанда жұмыс істей бастағанына үш жылдан асты. Осы уақыт аралығында Қырғызстанның ақпараттық кеңістігінде материалдардың аздығын байқадық. Әлбетте, біз тақырыптық ресурстарда көбірек ақпарат жариялағымыз келеді. Бизнестің бүгінгі сұранысын қанағаттандыратын бұқаралық ақпарат құралдарының жетіспеушілігін, сондай-ақ аналитика мен сараптамалық пікір алуға болатын бірыңғай ресурстың жоқ екенін көріп отырмыз. Өз тәжірибемізбен бөлісуге болалатын ортақ бизнес арнаның болғанын қалаймыз", – деді филиал директоры.

Нарықтың тағы бір өкілі, бизнес қауымдастық жетекшісі Денис Парменов өз ойымен былайша бөлісті:

"Іскерлік арна бизнес, болашақ серіктестер және әлеуетті тұтынушыларды байланыстырушы түйін ретінде пайдалы болмақ. Арна арқылы бейнехат форматында түпкілікті тұтынушыға хабар жолдауға мүмкіндік беріледі. Бизнес өз уақытын үнемдеп, белгілі бір өнімнің артықшылықтары жайлы айта алады. Іскерлік бизнеске қызмет етуге тиіс".

Бастапқы кезде "Atameken Business" Қазақстандағы эфиріне ұқсас контент таратады. Алайда  медиахолдинг жақында Бішкек қаласында корреспонденттік бөлімін ашуды жоспарлап отыр. Арна негізгі мәселелерді талқылап, талдаумен қатар Қырғызстандағы кәсіпкерлер үшін бірегей бағдарламалар шығаруды көздейді.  Медиахолдингтің даму жөніндегі директоры Руслан Исмаиловтың сөзінше, дамудың келесі сатысында телеарна  Өзбекстан мен Тәжікстан нарығына да шықпақ.

"Біздің медиахолдингтің қырғыз теледидары эфиріне шығуы екі ел арасындағы шағын және орта бизнесті бірлесіп дамытуға қажетті көпір іспетті болады. Бизнесті қолдау және мемлекетаралық экономикалық қатынастарды дамыту үшін телеарнамыздың шекарасын кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға тырысамыз. Медиахолдинг көршілес Өзбекстан мен Тәжікстан нарығына шығуды жоспарлап отыр. Жақында біздің телеарнаның сигналы әлемнің кез-келген түкпірінде жеңіл қол жетімді болады деп ойлаймын!", – деп мәлім етті Руслан Исмаилов.

"Atameken Business" бағдарламаларын көрермендер Қырғызстанның барлық аймағында елдің ең ірі кабельдік операторларының бірі – "Акнет" арқылы көре алады. "Акнет" сигналы Қырғызстанның кәсіпкерлері шоғырланған Бішкек, Ош және Шу облыстарын қамтуы бизнес арна үшін ерекше мәнге ие. Сонымен қатар, бұл компанияның интернет провайдер ретінде қызмет етуі да аса маңызды. Көрермендердің интернетке ойысуы үдерісін ескере отырып, "Atameken Business" арнасы да ғаламтор кеңістігіне белсене енуде. Қазіргі уақытта іскерлік арна өнімін 10-нан астам OTT операторының пакетінде, оның ішінде ресейлік алпауыт MEGOGO, Kalinka TV халықаралық қызметі және өзбекстандық Mediabay TV провайдері, сондай-ақ Yandex ТV және BeeTV интернет алаңдарында тамашалауға болады.

MEDIA HOLDING "ATAMEKЕN BUSINESS" бизнес туралы және бизнес үшін ақпар тарататын бірегей бұқаралық ақпарат құралы. Интернет, кеңжолақты мобильді байланыс және теледидар сынды негізгі платформаларда қызмет етеді. Медиахолдинг қаржылық еркіндікке ынталандыратын пайдалы контент шығарып, экономика, бизнес, білім беру және әлеуметтік маңызы бар жаңалықтар таратады. Компания құрылымына "Atameken Business" телеарнасы және Inbusiness.kz ақпарат агенттігі кіреді.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу