Бұл дегеніңіз, мысалы мемлекеттің көмек-қолдауы жайлы құлағыңыз шалса, компьютер іздеп жүгірмей, қазір жете дамыған планшет сияқты құралдан "Atameken Services" ұтқыр қосымшасына кіріп, мән-жайға қанығасыз. Кеңседен шықпай-ақ немесе үйде отырып, ҰКП қызметтеріне ұзын-сонар кезексіз, қашықтықтан тапсырыс бере аласыз.
Әзірге "Атамекен" палатасындағы нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы "бір терезе" қағидатымен қызмет ұсынатын "Atameken Services" электронды қызмет көрсету жобасын әңгімелегенде осылай деп ұғындырады. "Арық айтып, семіз шық" деген халық даналығын ұмытпай, игілікті істің сиырқұйымшақтанып кетпеуіне тілектестік білдіріп, кей кемшіліктер байқалып жатса, кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметті жеңілдетуге арналған тың бастамаға "Көш жүре түзеледі" деген жанашырлық ниет танытуға шақырамыз сыншыл жұртты.
Жалпы білікті мамандардың айтуынша, бизнес саласындағы электронды қызмет түрлері шағын және орта бизнестің дамуына оң әсер етпек. Қазақстан нарығында компаниялардың электронды қызмет түрлері дамып келеді. Қызметтің саналуан түрін ұсынатын мобильді қосымшаларды екінші деңгейлі банктер, жекеменшік компаниялар ғана емес, үкімет пен мемлекеттік емес ұйымдар да қолға алған.
"Атамекен" палатасының электронды қызмет көрсету алаңы – уақыт талабының жемісі. Бүгінде "Atameken Services" қосымшасы арқылы қаржылай емес қолдаудың 8 бағыты бойынша 76 тегін қызмет көрсетуге қол жеткізуге болады екен. Сондай-ақ жеке деректемелер арқылы заңды тұлға туралы ақпарат іздеу қызметі де бар. AGILE әдістемесі бойынша "бір терезеге" кәсіпкерлер палатасының электронды қызметтерін шоғырландыру жұмыстары жалғасады. Бұл ай сайын көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті арттыра түспек. "Atameken Services" каталогында әлеуетті тұтынушылардың, жеткізушілердің, дилерлердің тізімін, сатып алу туралы және алдыңғы сатып алу деректері туралы ақпарат табуға болады.
Осы арқылы бизнесті дамытуда сервис-провайдер саналатын КҰП маңайына топтасқан кәсіп иелерінің ашық сұхбат арқылы бірлігі де нығайып, кірісі де көбеймек. Ал құрамында тұтас бизнесті шоғырландырған "Атамекеннің" уәжін, заңнамаға өзгерістер енгізу жайлы ұсыныс-талаптарын үкіметтің байыпты қабылдайтыны белгілі.
Заманауи құрал көмегімен шетелде және ел ішінде тұтынушылар мен серіктестер, жұмыс күшін тапқан бизнестің сауда көрігі қызып бермек. Жергілікті сенімді әрі арзан тауар жеткізумен байланыс орнатқан отандық өндірушінің шығыны да азаймақ. Нарықта бәсекеге қабілетті артықшылық пайда болып, әкімшілік кедергіні жеңген бизнестің заңсыз әрекеттен қорғанысы да беки түсері анық. Өйткені "Atameken Services" автоматтандырылған қосымшасы арқылы кез-келген заңбұзушылық туралы хабарлауға жол ашық.
Субсидия мен грант, жеңілдік жайлы құнды мағлұмат пен сарапшы кеңесі өз алдына. Нәтижесінде тыныс-тіршілігі өркендеген кәсіпкерлік салада жаңа жұмыс орындары ашылып, ел қазынасына құйылатын қаржы артатыны даусыз. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа тойтарыс берудің тиімді тәсілі.
Тағы бір маңызды жай, еліміздегі табысты кәсіпкерлік оқиғаларының ірі қоры, бизнесін енді бастаған жандарды ынталандыруға септігін тигізбек.
Қазір тестілеу тәртібінде жұмыс істеп тұрған ұтқыр (мобильді) қосымшаны орнату мен оған тіркелу жайлы сall-орталық нөмірінен білуге болады – 87172270460.
Web: services.palata.kz
Қосымшаны жасаушы жақтың сендіруінше, әлемде электронды қызмет көрсетуге сұраныс бар.
"Қазіргі таңда мобильді технологиялардың тиігізетін әсері күн санап артып келеді. Сондықтан бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін көптеген мекеме мобильді шешімге арналған салымдарын 70%-ға дейін арттыруға дайын. itvesti.com.ua порталының мәлімдеуінше, корпоративті мобильді жүйе түрі шетелде де кең тараған", – дейді олар.
Гонконг
GovHK Notifications қосымшасы – Гонконг үкіметі ұсынған мобильді қосымша кез келген үкіметтік мекемеден ақпарат алуға сауал жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымшада мемлекеттік мекемеге бару туралы ескертуді орнатуға, әкімдікке бару үшін өзіне ыңғайлы уақытты көрсетуге, мемлекеттік әкімдікке әрбір барған өтініш ретін есептеуге болады.
Оңтүстік Корея
Сан түрлі мобильді қосымшаны көп қолданатын мемлекет. Бұл бағдарламалар тұлға мен үкімет органдары арасындағы құжат айналымы секілді барлық салада қызмет көрсетеді. Оңтүстік Кореяның электронды қосымшаларының дамығаны сонша, үйде отырып, бір тетікпен өмірге қажетті мәселелерді реттеуге болады. itvesti.com.ua порталының мәлімдеуінше, кореялық денсаулық сақтау департаменті мен әлеуметтік қызметтерінің E.GE.N қосымшасы тиімділігі мен оңтайлылығы жөнінен көш бастап тұр.
Түркия
Бұл елдің e-Devlet қосымшасы халық пен үкімет арасындағы байланысты нығайтып отыр. Қосымшада электронды үкіметтің порталында барлық қызмет түрі жинақталған. "e-Devlet" қосымшасының бүкіл функциясын сипаттау мүмкін емес, себебі ол өте ауқымды және көрсетілетін қызмет түрі де өте көп. Алайда, халықтың ең көп жүгінетіні – жол жүру ережесін бұзған жағдайда айыппұл сомасын, салықты есептеу.
Аустралия
Express Plus Centrelink мобильді қосымшасы Аустралияның Әлеуметтік қызмет департаментінің тапсырысымен жасалған. Қосымша авторлары бұл мобильді қосымшаны қолданушылар – жас отбасылар, зейнеткерлер, жұмыссыздар, әлеуметтік қорғалмаған жандар деп топшылаған. Алайда аталмыш жоба сәтті шығып, Аустралияның орта табысты секторын толығымен қамтып отыр. Өз қаражатын есептеп, тиімді пайдаланамын деген кез келген аустралиялық осы қосымша қызметіне жүгінеді.
АҚШ
SBA мобильді қосымшасы АҚШ-тың Small Business Administration тапсырысымен өз бизнесін бастауға ниетті жандарға арнап жасалған. Қосымша кәсібін жаңа бастап жатқан іскер азаматқа бизнес құруға тегін кеңес алу үшін SBA-ның жақын маңдағы кеңсесін табуға, шығын есебін жүргізуге және жаңа бизнесті іске қосу үшін қажетті қаржыны бағалауға, бәсекелестік деңгейі бойынша статистикалық және белгілі бір ауданда таңдалған бизнестің даму тенденциясы жайлы ақпарат алуға, SBA туиттерінен жаңалық алуға, YouTube-тегі SBA бейне арнасынан соңғы видеоларды көруге көмектеседі.