"Атамекен" Ұлттық банкпен келіссөз жүргізеді

5170

Тимур Құлыбаев тиімді диалог үшін үкіметке алғыс айтты. 

"Атамекен" Ұлттық банкпен келіссөз жүргізеді

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев ұлттық кәсіпкерлер палатасының VI съезінде бизнес субьектілерінің құқығы мен мүддесі палатаның басты назарында болатынын мәлімдеді.

"Бүгінгі съезде күн тәртібіне қойылған мәселелер мен бизнестің барлық ұсынысы ескеріледі. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы сын-ескертпелерді назарға алады. Қорытынды жасалып, нақты шешім қабылданады", – деді  Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасы үкімет бизнес-қоғамдастығы көтеріп жүрген мәселелерді жақсы білетінін атап өтті.

"Экономика министрлігі, салалық министрліктер бізбен тығыз байланыс орнатқан. Осыған орай үкіметке тиімді диалог үшін алғыс айтамын. Біз туындаған мәселелерді тиісінше шешіп отырмыз",– деді Тимур Құлыбаев.

Оның сөзінше, қаржыландыру мәселесі күні бүгінге дейін өзекті болып тұр.

"Ұлттық банкпен қаржыландырудың тиімділігін арттыруға қатысты келіссөз жүргіземіз. Экономиканың шынайы секторын қолдау қажет. Біз тұтыну несиесіне жүгінетін азаматтардың көбейіп кеткенін біліп отырмыз. Жалақының өспегенінен де хабардармыз. Инфляциялық таргеттеу туралы сөз қозғағанда жоғарыдағы мәселе назардан тыс қалмауы керек. Алдағы уақытта бұл тақырыпқа үкімет, Ұлттық банкпен бірлесіп қайта ораламыз деп үміттенеміз", – деді Тимур Құлыбаев.

Естеріңізге салайық, бүгін бас шаһарда үкімет басшысы Асқар Маминнің қатысуымен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының VI съезі өтті.

Съезде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жататын "Атамекен" ҰКП қызметінің қорытындысына қатысты жыл сайынғы есепті бекіту, "Атамекен" ҰКП төралқасы жекелеген мүшелерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және сайлау, "Атамекен" ҰКП жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, "Атамекен" ҰКП-ның үш жылдық кезеңге арналған индикативті ортамерзімді бюджетінің кейбір мәселері, сонымен қатар "Атамекен" ҰКП ревизиялық комиссиясының жылдық есебін бекіту және ревизиялық комиссия туралы ережеге өзгерту мәселелері қарастырылды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу