Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде Қазақстандағы жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жалпы саны 504 мың адамды құрап отыр. Бұл дегеніңіз – 97,3 мың отбасы. Оның ішінде 72,4 мың адам (атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 14,4%-ы) шартсыз ақшалай көмек, ал 431,6 мыңы (85,6%-ы) шартты ақшалай көмек алады.
"Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 66%-ы ауылда тұрады. Қалған 34%-ы – қалалықтар. Негізінен көмек алушылардың көбі оңтүстік өңірдің тұрғындары. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмекке қарап отырғандардың 34,8%-ы Түркістан облысының, 11,7%-ы Жамбыл облысының, 10,7%-ы Алматы облысының, 7%-ы Қызылорда облысының және 9,7%-ы Шымкент қаласының тұрғындары", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәжілістегі үкімет сағатында.
Министрдің сөзінше, биыл жаңа форматтағы әлеуметтік көмек үшін мемлекеттік бюджеттен 28,9 млрд теңге қарастырылған. Оның 18,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал 10,6 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен алынуы керек.
"2018 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік көмек төлемдерінің сомасы 19,5 млрд теңгені құрады. Бұл бөлінген қаражаттың – 67,4%-ы", – деп толықтырды министр.
Оның сөзінше, мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың нәтижесінде өмір сүру деңгейінің негізгі көрсеткіштері жақсарған. Мәселен, Қазақстандағы кедейлік деңгейі 1996 жылы 34,6% болса, 2018 жылдың ІІ тоқсанында 4,7%-ға қысқарды. Ал халықтың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табысы 2001 жыл мен 2017 жыл аралығында 10,8 есе өсіп, 83 053 теңгеге жеткен.
Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында балалы отбасылар басым. Олардың үлесі шамамен 41%-ды құрайды. Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер бойынша күнкөрісі төмен көп балалы отбасылардың 75,7%-ы оңтүстік өңірлерде тұрады. Атап айтқанда, Шымкент қаласында және Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарында.
"Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 25%-ын толық емес отбасылар құрайды. Ал шартсыз ақшалай көмек алушылар құрамындағы толық емес отбасылардың үлесі – 87,4%. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасынан әлеуметтік статустар бөлінісінде балалардың саны көбірек – 321,1 мың бала немесе 63,7%", – деді Мәдина Әбілқасымова.
Басқа санаттағы адамдардың үлесі келесідей: балаларға, мүгедектерге, қарттарға күтім көрсетумен айналысатын адамдар – 18,6% (93700 адам), көмекке жүгінген сәтте жұмыс істеп жүрген адамдар – 8,4% ( 42200), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 4,7% (23700), жұмыссыздар – 1,8%, студенттер – 2,1% (14400), мүгедектер – 0,5% (2600), зейнеткерлер – 0,3% (1400).
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізілетінін айтты.
"Биыл жазда арнайы әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Оның мақсаты – атаулы әлеуметтік көмек алушылардың осы көмектің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы пікірін білу. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, атаулы әлеуметтік көмекті одан әрі жетілдіру жұмысы ең алдымен оның мөлшерін арттыруға бағытталуға тиіс. Респонденттердің 84% осылай деп есептейді. Осыған байланысты 2018 жылы іске асырылған жұмыстарды ескере отырып, министрлік атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды пысықтауға көшті", – деді министр.
Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекке үміткер азаматтардың жан басына шаққандағы табысын есептеу тәртібі жетілдірілетінін айтты.
"Агроөнеркәсіп ғылыми-зерттеу институтымен бірге жеке қосалқы шаруашылықтан алынатын табыс нормативтерін қайта қарау бойынша зерттеу жүргіздік. Аталған зерттеудің нәтижелері қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрлігіне бекіту үшін жіберілді. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, сараланған тәсіл негізінде мұқтаждықты айқындау бойынша кедейлік шегі қайта қаралатын болады. Бұдан бөлек, мұқтаж адамдарды қолдау бойынша жеке және кешенді принципті күшейту үшін әлеуметтік қызметтер мен көмек ұсынудың интеграцияланған моделін құру жұмысы жалғасып келеді. Жоғарыда көрсетілген жаңа тәсілдерді іске асыру мұқтаж отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ кедейліктен өз бетінше мүмкіндік береді", – деді Мәдина Әбілқасымова.
Фархат Әміренов