"Атауын Алтаймен байланыстырдым": Шығыс Қазақстанда кәсіпкер брендтік киімдер тігеді

991

​Жеңілдетілген несиенің несібесін көріп отыр.

"Атауын Алтаймен байланыстырдым": Шығыс Қазақстанда кәсіпкер брендтік киімдер тігеді Фото: Саят Бауыржанұлы

Бүгінде жеңіл өнеркәсіпті дамытуды қолға алып, өз ісін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлер аз емес.

Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай ауданында дүниеге келген Саят Бауыржанұлы туған жерінің табиғатымен ұластырып, "ALTAY OUT WEAR" деген брендтік киімдер тігіп жүр. Жуықта кәсіп иесімен сұхбат құрып қайттық. 

Тігінші, дизайнер Саят Бауыржанұлы тау-тасқа, саяхатқа арналған күртешелер тігуді қолға алған.

Айтуынша, тігіншілікке бала күннен әуес. Анасы ісімер, әкесі етікші. Өзгелердей анау ердің ісі, мынау әйелдің ісі деп бөлмейді. Қолдан келсе бәрін істейді. 

– Бұл тігіншілік менің бала күннен қызығушылығымды арттырған өнер болатын. Бойымдағы бар өнер мен арман-мақсат ұштасты десек болатын шығар. Өйткені мен бала күннен өзіме киім тігетінмін. Кейде достарыма да күртке тігіп беремін. Әкем етікші, шешем ісмер. Сондықтан біржағы бұл маған отбасынан берілген тәрбиенің нәтижесі деуге болады, – дейді Саят Бауыржанұлы. 

Кейіпкеріміздің осындай отандық киім өндірісін қолға алуына шетелге сапары әсер еткен сыңайлы.  

– Біраз жыл бұрын Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп қайттым. Кореядан бір байқағаным өздерінің брендтері көп екен. Неше түрлі дүниелерді, киімдерді өздері тігіп бренд ретінде сатып жатыр. Сол жолы маған неге өзіміздің брендті жасамасқа деген ой туды. Сол ойдың жетегімен осы іске кірістім, – дейді тігінші. 

Шетелдің қаңсығын таңсық көріп, ел ішіндегі базарды жайлаған сапасыз тауардан өзіміздің брендттік өнімдеріміз әлдеқайда артық. Айта кетейік, Саят Бауыржанұлы Катонқарағай ауданында дүниеге келген. Ол жер табиғаты көркем, ерекше өңір. 

– Мақсатым – Алтайдың таулы өлкесі мен тамаша табиғатын әлемдік деңгейде насихаттау. Туризмін дамыту үшін бренд атауын Алтаймен байланыстырдым. Тігілген киімдердің көбі тау тасты аралап, орман көлді жағалап жүріп қайтам деген туристерге, табиғат тамашалаушыларға арналған. Тек дала үшін емес, қала үшін де қолайлы, – дейді кәсіпкер.  

Айтуынша, жаз айында 80-90 шамасында шалбар және өзге де тігілген киімдер, рюкзактар сатылыпты. Алматыда бір дүкенмен сауда-саттық бойынша келісім жасаған. 

– Шымкент жақтан көбірек тапсырыс аламыз. Инстаграм арқылы тапсырыс қабылдап, алушыға жіберіп береміз. Мысалы, жуықта Грузиядан екі альпинист пен тіккен рюкзакқа тапсырыс берді. Алған соң кері байланысқа шығып, тағы да тапсырыс беретіндерін айтты. Бренд қалыптастырамын деп қолға алғандықтан барынша сапа мен сәнге, қолайлылыққа мән беремін, – дейді шебер. 

Ел Президенті соңғы Жолдауында ішкі-сыртқы туризмді де, шағын кәсіпті де дамыту керектігін айтқанын ескерсек, алдағы уақытта "ALTAY OUT WEAR" бренді де алға озар деген үміт бар. 

– Бұл кәсіпті әуелі өз ақшаммен, несие алып бастадым. Ал осы жылы жастарға жеңілдікпен беріліп жатқан 2,5 пайыздық несиені алдым. Ол несие де оңайлықпен қолға тимеді. Десе де кәсібімді дөңгелетіп әкетемін деген сенім басым болды.  Біржағы өзіміздің облыстың бір бренді болсын деген мақсатым, арманым бар ғой, – дейді Саят Бауыржанұлы.

Елімізде кәсіп ашамын деген жастарға қолдау жасалып жатқаны белгілі. Тек жүйелі жоспар мен ниет болса, істі иіріп әкетуге болады

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу