Атлантикада ғайып болған сүңгуір қайықта оттегі таусылуға жақын

2145

Сондықтан мұхитта құтқару операциясы жеделдетіліп, шешуші фазасына жетті.

Атлантикада ғайып болған сүңгуір қайықта оттегі таусылуға жақын Фото: afp.com

АҚШ-тың Жағалау күзеті Солтүстік Атлантикада "Титан" атты шағын кемені іздеу операцияларына жетекшілік етіп жатыр. Бұл ауданда 1912 жылы әйгілі "Титаник" айсбергке соғылып құрдымға кетіп, оның бортындағы 1500-ден астам адам қаза тапқан.

OceanGate (мұхит қақпасы) экспедициясы 2021 жылдан бері 3,8 шақырым тереңдікте жатқан "Титаниктің" қаңқасына бірнеше рет сүңгіп барды. Бұл миссиялардың мақсаты – жүз жылдан астам уақыт бұрын апатқа ұшыраған алып кеменің ыдырау процесі мен оның айналасында қалыптасқан суасты экожүйесінің өзгеру хроникасы жайлы мәлімет жинау.

Соңғы хабарға қарағанда, сүңгуір қайықта оттегі бүгін кешке таусылады. Оны құтқаруға тағы 10 кеме мен қайық тартылып жатыр. Олар Солтүстік Ирландия территориясының көлеміндей аумақ пен 4 шақырым тереңдікке барлау жасауы керек. Ал сейсенбі-сәрсенбі күндері естілген дыбыстың қайдан жеткені әлі белгісіз.

"Титан" қашан және қайда жоғалып кетті?

АҚШ-тың жағалау күзетінің мәлімдеуінше, батискаф жексенбі күні таңертең су түбіне кеткеннен кейін, 1 сағат 45 минут өткенде көмекші кемемен байланысын үзді.

Канаданың Жаңа Шотландия аймағындағы Галифакс қаласының Құтқару жұмыстарын үйлестіру жөніндегі біріккен орталығының мәліметі бойынша, "Титан" Ньюфаундленд штатындағы Сент-Джонс қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 700 шақырым жерде ғайып болған.

"Титан" OceanGate экспедициясы жалға алған және бұрын Канаданың жағалау күзеті қолданған мұзжарғыш кеменің көмегімен мұхитқа түсіріліпті. Бұл кеме осыған дейін Солтүстік Атлантикадағы "Титаник" жатқан жерге ондаған адам мен сүңгуір қайықты жеткізген екен. Солардың қатарында "Титан" да болып, мұхит түбіне бірнеше рет сүңгіген.

OceanGate кеңесшісі Дэвид Конканнон дүйсенбіде Associated Press агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, "Титан" батискафы 96 сағаттық оттегімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, оның айтуынша, құтқарушылар 6 шақырым тереңдікке түсе алатын әрі қашықтан басқарылатын аппаратты мүмкіндігінше тезірек оқиға орнына жеткізуге тырысып жатыр.

Бортта кімдер бар?

АҚШ-тың Жағалау күзетінің мәлімдеуінше, бортта екі пилот пен төрт "миссия маманы" бар. Олар: 58 жастағы британдық кәсіпкер және зерттеуші Хамиш Хардинг, пәкістандық 48 жастағы кәсіпкер Шахзад Давуд пен оның 19 жасар ұлы Сүлейман,  "Титаникқа" экспедиция жасаумен айналысқан OceanGate директоры - 61 жастағы Стоктон Раш және 77 жастағы француз зерттеушісі Пол-Анри Наржоле. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, осылардың әрқайсы "Титаникке" сапар үшін 250 мың доллардан төлеген.

Бұл қандай терең су кемесі?

Сәуір айында Вирджиния штатындағы АҚШ округтік сотына берілген құжаттарға сәйкес, "Титан" 4 шақырым тереңдікке сүңгуге қабілетті.

2021 жылдың мамырында OceanGate "Титанның" әрбір сүңгу кезінде "теңдесі жоқ қауіпсіздік мүмкіндігіне" ие екенін айтқан және де сол кезде "Титанның" Багам аралдары маңындағы терең суда 50 рет сынақтан өткені хабарланды.

2022 жылғы экспедициясы кезінде OceanGate бұл сүңгуір қайықтың аккумуляторынан ақау шығып, оны көтергіш платформаға қолмен бекіткенін хабарлаған еді.

Титанның миссиясы не?

OceanGate экспедицияларының мақсаты – "Титаник" лайнерінің жағдайының нашарлауын, сондай-ақ кеме апаттарынан туындайтын суасты экожүйесін хроникалау.

"Титаниктен" қаңқасы металл жейтін жүздеген бактерияның шабуылына ұшырап жатыр. Сондықтан бұл кеменің ондаған жылдар ішінде жоғалып кететіні жайлы болжам айтылды. Алайда ғасырдан астам уақыт бұрын мұхит түбіне кеткен "Титаниктің" қалдығы әлі толық жойылған жоқ.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу