"Атом электр станциясын салу оңай емес": Қазақстан қай кезеңде тұр?

1623

Астанаға еліміздің ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жүргізу үшін Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) миссиясы келді. 

"Атом электр станциясын салу оңай емес": Қазақстан қай кезеңде тұр? Фото: google.com

ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов МАГАТЭ миссиясының елімізге келудегі мақсатына егжей-тегжейлі тоқталып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.

"МАГАТЭ – халықаралық беделді ұйым. Қазақстан 30 жыл бойы бұл ұйымның мүшесі. Әлемде атом энергиясын меңгеріп отырған отыздан аса мемлекет бар. Оған қосылатын тағы да мекемелер бар. Миссия ядролық инфрақұрылымның дайындығы, жасалуы тиіс қадамдар, тиісті заңнаманың қабылдануы, мамандар мәселесін және т.с.с. қарастырады. 2016 жылы агенттіктің миссиясы елімізге келген кезде 22 нұсқау жазып берген болатын. Оның ішінде заңнаманың қабылдануы, мекемелердің жарғыларын сәйкестендіру, оқыту мәселелері бойынша және т.б. Миссия олардың орындалуын тексеруге келді", - деп жауап берді вице-министр.

Осы тұста еліміз миссия талаптарын орындамаған жағдайда атом электр станциясы құрылысына тыйым салынуы мүмкін бе деген заңды сұрақ туындайды. Жандос Нұрмағанбетовтің сөзінше, халықаралық агенттік тыйым сала алмайтын көрінеді.

"Агенттік АЭС сал немесе салма деп айта алмайды. Ұйым атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды қолдайды. Олар мүмкіндігінше АЭС салуға өздерінің білімімен бөлісуге дайын. Егер де біз олардың берген нұсқауларын орындамасақ, жылдық конференцияда бұл ел талаптарды орындамай жатыр деп жария етеді. (...) Атом электр станциясын салу оңай мәселе емес. Ол көп қаражатты талап етеді, халықаралық қаржы ұйымдары оны қаржыландырады, оның ішінде қойылатын қондырғылар басқа елдерде өндіріледі. Біздің мақсатымыз – айтылған нұсқауларды орындау, АЭС-ты тек қана бейбіт мақсатта салатынымызды, соңғы технологияларды қолданатымызды көрсету", - деп атап өтті спикер.

Энергетика вице-министрінің мәліметіне сәйкес, АЭС бойынша жалпы жұмыс алгоритмі келесі тәртіппен жүргізіледі. Ең әуелі атом электр станциясы салынатын жер белгіленеді. Екіншіден, технология айқындалады.

"Содан кейін ғана АЭС құрылысы басталады. Бүгінгі таңда біз бастапқы кезеңде тұрмыз. Балқаш көлінің жағасында АЭС салу бойынша ұсыныс бердік. Жергілікті атқарушы орган рұқсатын күтіп отырмыз. Бұл шешімдер қалай қабылданады – сол уақытта келесі кезеңге өтеміз", - деді ол.

Спикердің айтуынша, Қазақстан атом реакторлары мәселесінде қай елдің технологиясына сүйенетінін әлі шешпеген көрінеді.

"Біздің таңдап отырған технологиямыз әлемде қолданылатын, атом реакторлары салынған 4 технология. Бұл Қытай, Ресей, Франция және Оңтүстік Корея шығаратын реакторлар. Келесі қадам – осы төрт өндірушінің біреуін таңдау", - деп жауап берді Жандос Нұрмағанбетов.

Бұдан бөлек вице-министр АЭС-те жұмыс істейтін мамандарға да тоқталды.  

"Қазіргі таңда мамандарды даярлау жүріп жатыр. Бұл бағытта жаңадан факультеттер, филиалдар ашылуда. Елімізде көп жылдан бері атом саласында істеп жатқан мамандар бар. Жалпы нөлден бастап жатқан жоқпыз. Мысалы, ядролық институт бар, бұл жерде реактор бар. Реакторды басқарып жатқан, меңгеріп жатқан адамдар бар. Шамамен 2 мың адамдай осы салада істеп жатыр. Бұл "Қазатомөнеркәсіп", кеніштерді қоспағандағы статистика. Ал, егер бәрін есептейтін болсақ, уран да ядролық мәселе ғой, онда 20 мың адам салада істейді. Бірақ та, әрине, реакторды басқара алатын қазір дайын мамандар жоқ. Десек те, атом электр станциясын салу мерзімі 10 жылға дейін немесе одан да асып кетуі мүмкін. Бұл бірқатар факторларға байланысты. Сондықтан осы уақытта мамандар дайындап, реакторды басқаратын адамдар өз елімізден шығады дегенге сенімдіміз. Қазір байқап қарасақ, физика факультетіне түсіп жатқан жастар көп. Сондықтан кадр мәселесі бойынша жағдай жақсы болады деп ойлаймын", - деді Энергетика вице-министрі.

Спикер тілшілердің "Технология таңдау кезінде елімізге 4 ел (авт. – Қытай, Ресей, Франция және Оңтүстік Корея) тарапынан қысым жасалуы мүмкін бе" деген сұрағына да жауап берді.

"Қазақстан егеменді мемлекет емес пе? АЭС салу – мемлекеттің мәселесі. Жалпы атом электр станциясын салу 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына арналған. Саяси қысым болмауы керек деп ойлаймын", - деп жауап берді Жандос Нұрмағанбетов.

Ал, миссия жетекшісі, ядролық инженер Мехмет Джейханның сөзінше, МАГАТЭ атом электр станциясын салу мәселесінде шешімнің қабылдауына немесе оның орындалуына бақылау жүргізбейді. Миссия құрамында 3 адам бар. Миссия өкілдері елді аралап, басқа алаңдарға бармайды.

"МАГАТЭ миссиясының негізгі мақсаты – елдерге немесе үкіметтерге тиісті шешім қабылдауға көмектесу. Біз мұнда прогрессті көру үшін,  инфрақұрылым дамудың қандай сатысында тұрғанын, болашақта қандай салаларды дамыту керегін түсінуге көмектесу үшін келдік. Осы миссияның соңында қандай салаларды әлі де дамыту қажет екенін қарастыра аламыз. Біз Қазақстанға тиісті шешім қабылдауға көмектесе аламыз деп үміттенемін", - деді Мехмет Джейхан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу