ATP 250 Astana Open турнирінің алғашқы жартылай финалисті белгілі болды

966

Бүгін сайыстың төртінші күні АҚШ өкілі Фрэнсис Тиафо жарыстың жартылай финалына жолдама алды.

ATP 250 Astana Open турнирінің алғашқы жартылай финалисті белгілі болды

Беларусияның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингте 83-сатыда орналасқан Егор Герасимов Astana Open чемпионатының әр-бір матчында тамаша ойын өрнегімен көзге түскен спортшы. Оның Ирди Веселді тізе бүктірген кездесудегі шеберлігіне таң қалмаған жан жоқ. Бірақ оның ширек финалдағы қарсыласы, АҚШ-тан келген әлемнің 64-ракеткасы Фрэнсис Тиафо оңай берілетін спортшы емес. Қателікке бой алдырмайтын, әр матчта қарсыласын тығырыққа тіреуге тырысатын шебер теннисші. 

Бірінші геймнен екі жақ шабуылға толы ойын көрсетті. Герасимов допты ойынға қосуда ойын жылдамдығын арттыруға тырысты. Ал Тиафо қысқа қайырма соққыларымен қарсыласын қапы қалдырды. Екі теннисші де допты ойынға қосуда қателескен жоқ. Сондықтан партия тай брейкпен жалғасып, қысқа есеппен америкалық жеңіске жетті, - деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі.

Бірінші сетте жеңіліс тапқан Герасимов екінші партияның басында қоғалысын үдетіп, брейк иеленді. Тиафу өз кезегінде есеп айырмасын қысқартқысы келді. Алайда геймде ұтылыс тауып, беларус спортшысына кезекті партияда жеңісті беріп қойды.  Егор Герасимовтың жүйкесі сыр берді ме, осы геймнің бірінші сетболында қатарынан екі қателік жасап, сетті тек үшінші әрекетінде алды.

Шешуші сетте екі ойыншы да бабында болды. Фрэнсис Тиафоның соққылары Егор Герасимовты әбден састырды. Беларусь өкілі уақыт өте доптың бағытын дәл тауып отырды. Тіпті допты ойынға қосқан сәттен тордың жанында ойнады. Тиафоның допты ойынға қосу әдістері де сәтті шыққанын айту керек. Доп жылдамдығы сағатына 217 км дейін жетті.  Бірақ кезекті допты ойынға қосуда ол қателесіп, гейм қарсыласының есебіне жазылды. Алайда қателігінен сабақ алған АҚШ өкілі брейкке қол жеткізіп, алға ұмтылды. Ал Герасимов таблодағы көрсеткіш 5:6 болған сәтте мүлт кетіп, қолда тұрған жеңісті уысынан шығарып алды. Қысқа есеппен бұл матчта  Фрэнсис Тиафоның бағы жанды. Есеп:  7:6 (7:5), 5:7, 7:5.

Михаил Кукушкиннің ширек финалдағы бүгінгі қарсыласы бір күн бұрын үш сетте аустралиялық  Джордан Томпсоннан басым түскен Эмиль Руусувуори.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу