Атты қамшымен ұрғандар жарты миллион айыппұл төлеуі мүмкін

16332

Әкімдер зооқонақүйлер салуға жер бөлмек. 

Атты қамшымен ұрғандар жарты миллион айыппұл төлеуі мүмкін

Бәрі неден басталғанын жұрт біледі: қожайындарының өз иттерін қинап, азаптауы, көлікке байлап, асфальтпен сүйретуі, мысықтарды жоғарғы қабаттардан лақтырып, болмаса, парша-паршасын шығарып өлтіруі, балалардың итбалықтарды таспен және таяқпен ұруы секілді айуандық, жауыздық деректері жұртшылықтың төбе шашын тік тұрғызды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қоғамдық пікірге құлақ асқан Президент Қ.Тоқаев былтырғы 1 қыркүйектегі соңғы жолдауында Үкіметке азаматтық сектормен, белсенділермен бірге, "Жануарларды қорғау туралы" заң жобасын әзірлеуді жүктеді. Мемлекет басшысының байламынша, жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. "Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес".

Нәтижесінде, Үкімет бір емес, екі заң жобасын әзірлеп шықты. Біріншісі заңнаманы ретке келтіреді, жаңа ұғымдарды енгізеді. Ал екіншісі жануарларды азаптау, қорлау үшін жаза түрлерін қарастырады.

Құжаттарды дайындаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті саладағы жағдай шынымен аянышты екенін жасырмады. Қолданыстағы заңнамада жануарларды азаптауға қарсы жазалар онсыз да бар. Бірақ ол тетіктер жұмыс істемейді. Жаңа заңдар күшіне енсе, жануарларға қол көтерген кез келген адам ауыр жауапкершілік арқалайды.

"Соңғы кездері жануарларға қатыгездік таныту деректері қаптап кетті. Жануарлар иелерінің қолынан зардап шегеді. Сонымен қатар басқа жануарлармен таластырылады. Оларды жауапсыз иелері қаңғытып жібереді, аштыққа душар етіп, тастап кетеді. Осылайша, елде қаңғыбас жануарлардың популяциясы өсуде. Содан кейін олар адамгершілікке жатпайтын жолдармен ауланып, өлтіріледі. Қолданыстағы заңнамада жануарларға "қатыгездік" пен "жауапсыз қарау" үшін жауапкершіліктің ара-жігі ашылмаған, жаза әлсіз", – деп хабарлады комитет.  

Бүгінде Әкімшілік кодекстің 406-бабына сәйкес, жануарларды асырау, күтіп-ұстау, өсiру, пайдалану, сою кезінде ветеринариялық, санитариялық қағидалар мен талаптарды сақтамағандар жазаланады. Бұған зообақтардағы, цирктердегі, омарталардағы, аквариумдардағы жануарлар да кіреді. Осы бапты бұзғаны үшін 20-дан 200 АЕК-ке дейін, яғни 58,4 мыңнан 583,4 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.

Бұған қоса, Қылмыстық кодекстің 316-бабында жануарлардың өліміне немесе мертігуіне әкеп соқтырған қатыгездік үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жануарлардың өліміне немесе мертігуіне әкеп соққан қатыгездік, егер бұл әрекет бұзақылық ниетпен немесе садистік әдістерді қолдана отырып, не жас балалардың қатысуымен жасалса, 120 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады. Осыны адамдар тобы жасаса, айыппұл көлемі 200 АЕК-ке, ал темір торға қамау мерзімі – 50 тәулікке дейін өседі.

Бұған дейін бұл баптар негізінен, ит, мысық, зообақтағыларға қатысты қолданылатын. Енді жылқы, сиыр, қой секілді төрт төлік малды да ұрып-соғуға белсенді тосқауыл қойылуға тиіс.

Өйткені қазақстандық заңнамада, заңнамалық актілерде және халықаралық келісімдерде жануарларға әрбасқа анықтама беріліп келген. Заң жобасы үй жануарларын, жабайы жануарларды, соның ішінде қорада, вольерде, жартылай ерікті жағдайда ұсталатын және ауыл шаруашылығы түліктерінің бәрін біріктіріп, оларға "фаунаның биологиялық объектілері" деген анықтама беруді ұсынады.

Комитет атап өткендей, "ит, жылқы, тотықұс және басқа да аң-құс түрлері үй жануары да, жабайы жануар болуы да мүмкін".  

Сондықтан оларды түріне қарай емес, ұсталу сипатына қарай ажырату жоспарлануда. Сонда жануарлардың 6 жаңа түрі пайда болады: "серік жануарлар" ("компаньоны"), "жабайы жануарлар", "ауыл шаруашылығы жануарлары", "қызметтік жануарлар", "мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдаланылатын жануарлар", "эксперименттік-зертханалық жануарлар".

"Қазіргі заңнамалық база жануарларды ұстау және оған күтім жасау нормаларын толық қамтымайды. Жануарларды емдеу стандарттары әзірленбеген. Ал жануарларға арналған паналарға арналған нормалар мүлдем жоқ. "Жануарларға жауапты қарау туралы" заңды қабылдау адамдардың жануарлардың әртүрлі санаттарымен күнделікті араласуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды тәртіпке келтіруге және жүйелеуге бағытталған", – деген түсініктеме берді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Жаңа заң жобасы әкімдерді – жануарларға арналған қонақүйлер, паналар, сауықтыру орталықтарын және басқа да қызметтер көрсететін нысандарды салу үшін жер учаскесін бөлуге, ал министрліктерді –  ондай объектілердің құрылыс стандарттарын бекетуге міндеттейді. 

Қолданыстағы заңнамада нақтыланбағандықтан, әр әкімдік қараусыз жануарларға қатысты өз бетінше шешім қабылдайды. Мысалы, кейбір өңірде бетімен жүрген сиырларды қамайтын "мемлекеттік қоралар" тұрғызылды. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды кейбір елді мекендер бірден улап өлтіреді, енді бірінде аулап, бір ай бойы ұстайды, тек содан кейін жанын жаһаннамға жібереді.

Жаңа заң қабылданса, барлық ауыл-аймақтағы иесіз ит-мысықтардың өмірі екі айға ұзаруы мүмкін: "қаңғыбас жануарлар – иелері 2 ай бойы іздеу жолымен анықталмаған қараусыз қалған жануарлар қатарындағы иттер мен мысықтар" деген жаңа анықтама берілмек.

Жалпы, осы құжаттарды қабылдау арқылы Қазақстан Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Германия және Италия тәжірибесін игермек ниетте.

Жобада қараусыз жануарларға ветеринарлық көмек көрсету және стерилизациялау қарастырылады. Әзірге бұл сала демеушілер көмегімен ара-тұра жасалады. Мысалы, Ақтөбеде ірі инвестор "4 лапы" ветеринарлық клиникасымен бірге үйсіз-күйсіз жануарлар санын азайтуға бағытталған пилоттық жобаны қолға алды.

Қалада 2019–2020 жылдары демеушілер еріктілермен бірге 356 мысық пен итті піштіріпті. Биылғы жылы 300-ден астам жануарды стерилизациялау жоспарланған. Бұған бір жылға 5 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл қала көшелерін кезген иесіз хайуанаттардың санын ізгілікпен реттеудің ымыралы шешімі саналады. Әйтпесе, қолын қанға малғысы келмейтін еріктілер өлтіру үшін қаңғыбас жануарларды аулауға қатысуға ынтықпайды.

"Қазақстанның тек бірнеше қаласында ғана бюджет есебінен жануарларды стерилизацилайды. Мұндай жобалар жануарларды қыру қаупін тоқтатады. Сонымен бірге иесіз жануарлардың саны да азаяды", – дейді ақтөбелік ерікті әрі белсенді Полина Овсиенко.

Ұрықтандыратын мүшесі сылып тасталған жануарларға арнайы нөмірленген белгі, ен басылады. Сол арқылы құзырлы органдарға жануардың стерильді екені және оны жоюдың қажеті жоқтығы хабарланады.

Дегенмен, мұндай жануардың ашыққан кезде адамға шабуыл жасамасына да кепіл жоқ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу