Қазақстанның туризмі тұралап тұр

Алина Альбекова Алина Альбекова
5961

Испания азаматы осындай пікір білдірді. 

Қазақстанның туризмі тұралап тұр

"ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Испания павильонының директоры Кармен Буэно Астанаға келгеннен бері Алматыға, Ақкөлге барып үлгерген, сондай-ақ елорда бойынша ұйымдастырылған бірнеше экскурссияға қатысқан. Жақын арада Бурабай мен Қорғалжын қорығына, Қарағандыға баруды жоспарлап отыр.

Қазақстанның сұлу табиғатын мақтаған Кармен Буэно келеңсіз жайттарға да тоқталды. Ол жаман жолдар мен қаладан шыққанда жоғалып кететін мобильді байланысқа, туристік карта мен ағылшын тіліндегі ақпараттың тапшылығына таңданды.

"Автокөлікті жалға алып, қала сыртына шықпақ болдым. Алайда барғым келетін жерлердің картасының болмауы бұған кедергі келтірді. Мен бірде-бір картаны таба алмадым. Ағылшын тілінде жазылған бір жинақ таптым, онда Қазақстан туралы ақпарат және Алматыдағы туристік ақпараттық орталық туралы жазылған. Ол орталықтан бір карта табамын деп үміттеніп едім, бірақ та маған керек нәрсе ол жерде де болмай шықты. Орыс тілінде жазылған бір кітапша алдым, ол кітапшада ақпараттан гөрі сурет басым. Өзіміздің музыкалық топты табиғат аясын алып шығып, Қазақстанның көрікті жерлерін көрсеткіміз келген еді, алайда ағылшын тілінде жазылған түсінікті ақпарды интернеттен таба алмай қиналдық. Турист үшін туризм қолжетімсіз болған елді алғаш көруім", – деді ол.

Кармен Буэно Қазақстан өзінің табиғи ресурстарының арқасында шетелдік туристер үшін туристік бағыттардың бірі бола алатынына сенімді. Алайда қазір туристік карта мен жолдардың мәселесін шешіп алмаса, бұл жоспар іске аспайды. Испандық туристің айтуынша, "керемет" елордадан тысқары жердегі жағдай мәз емес. Дала мен шағын қалаларда қызмет көрсету дамымаған, "жөні түзу" мейрамхана мен қонақүй жоқ. Ал сервисі дұрыс жерде жол сілтейтін белгілер жетіспейді.

"Әңгіме адам көп жиналатын жерлер жайында болып тұрған жоқ. Мысалы мен тауға шығып, адам жоқ жерде демалғым келеді. Бірақ менің түсінуім бойынша сіздердің тауларыңызға шығу қауіпті, өйткені ол жерде сілтеме мен белгі жоқ. Яғни Қазақстанда демалыстың бұл түрі дамымаған деп есептеуге болады", – дейді ол.

Елордадан басқа жердегі музейлерде тұрған жәдігерлеріміз де шетелдік туристер үшін түсініксіз болып шықты. Испандық турист бұл музейлерде керемет дүниелерді көргенін, бірақ та ағылшын тілінде түсінік берілмегеннен кейін құр тамашалап, түк түсінбей қайтқанын айтты.

Испандық қонақ Қазақстанда туризм бар, бірақ ол дамымаған деген қорытындыға келген. Оның  ойынша, Испания Қазақстанға туризмді дамыту бойынша көмек көрсете алады.

"Қазақстанға келіп керемет табиғат көріністерін көргенде таң қалдым. Біз, испандықтар, қай жерде туризмді дамытуға болатынын, ал қай жерде болмайтынын бірден түсінеміз. Егер Қазақстан туристік орын болғысы келетін болса, онда сіздерде көп нәрсе жасауға болады. Егер сіздерге көмек қажет болса, біз көмектесуге дайынбыз", – деді испандық турист.

Гүлназ Ермағанбетова, Алина Альбекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу