Аты-жөнді ауыстыру жыныс ауыстырудан қиын

8235

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында билік шешпеген ең бір ірі мәселе.  

Аты-жөнді ауыстыру жыныс ауыстырудан қиын

Отарлау және орыстандыру кезінде патшалық Ресей, кейін қызыл империя бодан жұрттардың өкілдерін тексіздендіру саясатын жүргізді. Соның бірі – ата-тегін бұрмалау болатын.

Салдарынан, "Түбірі түрік орыс сөздерінің сөздігінде" (Словарь русских слов с тюркскими корнями) айтылғандай, Тәуекелдің ұрпақтары – Тевкелевке, Қарамырза ұрпақтары – Карамзинге, Байшоралар – Мичуринге, Салтақтар – Салтыковқа айналды. Ресей тарихында ірі із қалдырған қаншама адамның ата-тегі түркі тілдерінен тарайтыны жайындағы деректерді 12-томдық "Историю государства Российского" жинағынан да табуға болады.

Ел егемен болғаннан кейін бұл проблема жойылуы қажет еді. Алайда Қазақстанда осы мәселе азаттықтың үш онжылдығында да шешілмеді. Шенеуніктер фамилиясын ауыстырғысы келетін адамдарға түрлі кедергі тудырады, себебі оларға әлдебір қылмыскердей күдікпен қарайды? "Бәлкім, банктен мол кредит алып, соны төлеуден жалтару үшін аты-жөнін ауыстыруға құлшынып отыр ма?" деп сезіктенеді.

Ал өзінің, әкесінің және ата-бабасының есімдері қатты бұрмаланғаны бірқатар қазақтардың ашынысын туғызып жүр. Мысалы, Унгарбаев Нурхан Давлетов – Оңғарбай Нұрхан Дәулетұлы болғысы келеді.

"Ұлты қазақ азаматтарға 1996 жылдан бері заң жүзінде тегi мен әкесiнiң атын қазақша жазуға рұқсат етілді. Бұл үшін аты-жөнінің мемлекеттік және орыс тілінде қалай жазылуын қалайтынын көрсетіп, еркін формада өтініш беру керек екен. Бұл ретте қазақ тіліне жат -ов, -ова, -ев, -ева, -ин, -ина секілді аффикстерді жоюға мүмкіндік бар. Сонымен бірге азамат өз жынысына қарай әкенің есіміне "ұлы", "қызы" айқындауыштарын қоса алады. Мен мысалы, 1989 жылы Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасында тудым. Ол жақта да баланың аты-жөнін бұзып жазу жаппай орын алды. 2004 жылы атажұртқа оралдым, Қазақстан азаматы атандым. Енді тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойында атымды да қазақыландырғым келеді", – дейді Нұрхан Оңғарбай.

Тәуелсіздіктің түлегі, 21 жасар Чинасилов Максат Адылович әкесі мен атасының есімін құжатта дұрыс жазып, әділдікті қалпына келтірмек..

"Мен қазақпын! Сондықтан биылғы жылы аты-жөнімді қазақ тілінің заңдылығына сай келтіруге ниеттімін. Себебі біз, жас ұрпақ, ұлттық-тарихи дәстүрге лайық болуымыз қажет. Оның үстіне құжаттарымдағы аты-жөнім құлаққа түрпідей тиеді. Бұған қоса, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан анықтама алдым. Оған сәйкес, менің фамилям Шынасыл Мақсат Әділұлы деп дұрыс жазылуға тиіс. Сондай-ақ көз алдымда жақсы үлгі бар: әпкем 2010 жылы жаңадан жеке куәлік алу кезінде аты-жөнін қазақыландырып, Чинасилова Асельден Шынасыл Әсел Әділқызына айналды", – дейді Мақсат.

Әйтсе де, көптеген ХҚКО қазақтардың аты-жөнінің орысша нұсқасында "ұлы", "қызы" деген қосымша қосуға тыйым салып жатқан көрінеді.

"ХҚКО қызметкерлері менің қызыма туу туралы куәлік беру кезінде оның аты-жөнін өтінішімде көрсеткендей қазақша дұрыс жазудан бас тартты. Өз өтінішімде қызымның аты-жөнін орысша Арай Батыркызы (есімі өзгертілді) деп көрсетуді сұрағанмын. Бірақ әке атын орыс тілінде қазақшасына ұқсатып жазуға рұқсат етпеді. Мен 1999 жылғы Азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібі туралы қағидалармен де, 1996 жылғы Президент Жарлығымен де таныстым, олардан әкесінің атын қазақша нұсқада жазуға тыйым салынатыны туралы ешқандай норма таппадым. Ендеше қызымды орыс тілінде "Батыровна" деп емес, "Батыркызы" деп жазуға құқылымын. Билік ХҚКО-ларға хат жолдап, бұдан бас тарту заңсыз екенін түсіндірсін деймін", – дейді Батыр Крикпенов.

Айтпақшы, қазіргі кезде тек қазақтар ғана емес, еліміздегі өзге ұлт өкілдері де аты-жөндерін дұрыс жазуға ынтығуда. Олар мемлекеттік тілдің латыншаға көшуін пайдалануға дайын.

Солардың бірі Василий Хилл кириллицадағы әріптерді латыншаға транслитерациялау ережелерін қайта қарап, өзгертуді сұрайды.

"Сол арқылы менің фамилиямның жазылуын Hill деп өзгертуге рұқсат етілуін сұраймын. Әйтпесе, Қазақстан паспортында ағылшыншадағы нұсқасы Khill деп жазып қойылған. Латын графикасындағы қазақ әліпбиінде һ мен х – һ болып бекітілген. Орыс тілінде х-ның ағылшынша нұсқасы ретінде kh алынған. Бірақ ағылшын тілінде kh – к болып оқылады. Салдарынан, ағылшын тілді елдерде, АҚШ-та, Аустралияда маған "Мистер Килл" деп қайырылады. Бұл ағылшынша "мистер өлтіру" деген сөз екені мәлім. Әрі ашындырады, әрі көңілді жабырқатады. Кейбір елдерде тіпті оқуға қиналып, "Кхил" дегендері де бар", – дейді Василий Хилл.

Ол Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының зерттеулеріне сүйене отырып, Ресейдегіден өзгешеленіп, Қазақстанда кириллицадағы х-ны ағылшынша һ деп өзгертуді өтінеді. Сонда оның аты-жөні Англия, Америка, Аустралия, Канадада кең таралған фамилия қатарына қосылмақ.

"Мысалы, атақты комик Benny Hill, Формула-1 жарысының екі мәрте чемпионы Norman Graham Hill, Формула-1-ден әлем чемпионы Philip Toll Hill Jr., заманауи self-help book жанрының негізін қалаушы, жаңа ақыл-ой саласындағы америкалық автор Napoleon Hill, кинорежиссер Walter Wesley Hill және басқасы. Тере берсе, Hill фамилиялы атақты адамдар көп", – дейді ол.

Қынжылтатыны сол, ел ішінде мысалы, Қ әрпінің баламасы ретінде Q алынғанымен халықаралық деңгейде осы төл дыбыстың ағылшынша нұсқасы ретінде K қалды. Мәселен, заңнамаға түзету енгізіліп, елтаңбадағы жазу "Qazaqstan" болып өзгертілді. Дегенмен, халықаралық құжаттарда Kazakhstan болып ары қарай жазылуда.

Жұртшылықтың өтінішіне Әділет министрі Марат Бекетаев өз блогы арқылы жауап берді. Ол Президенттің 1996 жылғы Жарлығына сәйкес, қазақ тіліне тән емес -ов, -ев, -ева және басқа аффикстерді алып тастауға рұқсат екенін еске салды.

"Ата-тек пен аты-жөнді түзетіп жазу – құжаттандыру саласындағы меморган саналатын ІІМ-нің көші-қон қызметінің бөлімшесінде паспортты немесе жеке куәлікті беру кезінде жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылады. Бірақ ол қолданыстағы азаматтық хал актілеріне өзгеріс енгізбейді. Ондай өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы өтінішті азамат кез келген тіркеуші органға өзі ұсынуы керек. Егер өзгерістер, толықтырулар және түзетулер енгізуден бас тартса, оған сот арқылы шағым келтіруге болады. Осыған байланысты аты-жөнін ұлттық дәстүрге сай түзеткісі келетін азаматтар алдымен жеңілдетілген тәртіппен жеке басын куәландыратын құжатты алуы керек. Ол құжатты алған соң туу туралы куәлік және басқа да актілік жазбаға өзгеріс енгізу туралы тіркеуші органға өтініш беру қажет", – деп түсіндірді М.Бекетаев.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу