Атырау аудандары жабайы жағажайларды саялап жүр

2369

10 жағажай сенімді басқаруға берілмек. 

Атырау аудандары жабайы жағажайларды саялап жүр

Шомылу маусымы келісімен Атырау облысында суға батқандар туралы суыт хабар көптеп тарай бастады. Бұл – жылда қайталанатын көрініс. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, қазірдің өзінде өңір бойынша он бес адамның суға кеткен дерегі тіркелген. Былтыр осы уақытта 12 жағдай болған. Бір ғана Қызылқоға ауданында соңғы екі аптада үш тұрғын "тілсіз жаудың" құшағында мәңгіге кеткен. 

Осы орайда, Атырау облысы жағажайларына байланысты атап айтатын бір жай бар. Атырау қаласының өзінде нақты төрт жағажай бар, қожайындары жиі өзгеріп, атаулары ауысып тұрса да – олардың жұмысы бір жолға түскен деуге болады. Ал жеті ауданның бірде-бірінде ресми белгіленген, керек-жарақпен жасақталған жағажай жоқ.

"Біз бұл мәселені жылда көтеріп жүрміз. Қазір Индер ауданында бір, Жылыой ауданында бір, Құрманғазы ауданында он жағажайды сенімді басқаруға беру үшін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Басқа аудандардың бәрінде "жабайы" жағажайлар ғана бар. Соған қарамастан, біз адамдардың әдетте суға түсіп үйренген жерлеріне, кешқұрым, кісі көп мезгілде құтқарушыларымызбен бірге барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз, рейдтер өткізіп тұрамыз", – дейді Атырау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Берік Құрманәлиев. 

Берік Құрманәлиев заңдастырылған жағажайлардың болмауын кәсіпкерлердің енжарлығымен де түсіндіреді. Алайда оларды да түсінуге болады. Біріншіден, суға түсу маусымы екі-үш айға ғана созылады. Екіншіден, инфрақұрылым нашар. Жарық тартылмаған, таза су  мен жөні түзу жол жоқ.  Жағаны тазалап, құм төгіп, суды тазартып, кісілердің алаңсыз шомылуы үшін керек-жарақтарын орнатып, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызметкерлер жалдап, олардың жалақыларын төлеу керек. 
Әкімдіктер кәсіпкерлерге жағажайды сенімді басқару жүйесін ұсынып отыр. Сенімді басқару он жылдан жиырма жылға дейін берілгенмен, бизнес иелері тарапынан аса қызығушылық тудырып тұрған жоқ. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу