Атырау азық-түлігі қымбат өңірлердің көшін бастады

2520

Өңірдің тұрақтандыру қорындағы көкөніс сәуір айында таусылған. 

Атырау азық-түлігі қымбат өңірлердің көшін бастады

Атырау облысы азық-түлік бағасының қымбаттауы жағынан республика бойынша бірінші орынға шықты. Егер еліміз бойынша әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасы орта есеппен 4,8 пайызға қымбаттаса, мұнайлы өңірде бұл көрсеткіш 6,8 пайыз, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Сауда және интеграция министрлігінің ашық дерек көздеріндегі мәлімет бойынша, 4 мамыр күні көпшілік тұтынатын азық-түлік бағасының 4,8 пайызға өскені тіркелген. Оның ішінде, тек сәуір айында ғана тағам құны бірден 1,7 пайызға көтерілген. Азық-түлік бағасының өсуі, әсіресе, Атырау (6,8 пайыз), Нұр-Сұлтан (6,3 пайыз), Шымкент (5,6 пайыз) қалаларында байқалған.

Дәл қазір атыраулықтар үшін күнделікті ішіп-жейтін ас-суының қымбатқа түсетіні тың жаңалық емес. Дегенмен, жергілікті әкімдік пен "Атырау" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арасындағы келісімшартқа сәйкес, халыққа нарықтық құнынан 10-15 пайыз арзан бағамен ұсынылатын тұрақтандыру қорының өнімдері бар. Олар супермаркеттер мен қаладағы ірі сауда орталықтарында сатылады. Базарлардағы төмен бағамен тағам өнімдерін сататын нүктелердің алды ұзын-сонар кезектен арылмайтыны үйреншікті жайға арналған.

"Биыл "Идеал Маркет" ЖШС-мен келісімшарт жасалып, оларға 400 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Қазіргі күні Жылыой, Индер аудандарын қосқанда, 36 супермаркетте әлеуметтік азық-түлік бағасы нарықтағыдан төмен бағамен сатылуда. Сондай-ақ, "Агрофеликс" шаруа қожалығы әкімдік белгілеген шекті бағада көкөніс өнімдерін ұсынады", – дейді "Атырау" ӘКК мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің менеджері Азамат Айтпаев.

Нақтылай кетсек, "Идеал Маркет" ЖШС супермаркеттер желісінде еліміз бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енген сүт, ет,май, жұмыртқа, күріш, ұн сияқты 19 түрлі азық-түліктің 14 түрі сатылады. Ал аталған шаруа қожалығы көкөністің картоп, капуста, сәбіз, пияз сынды төрт түрін арзан бағада ұсынады.

Өкінішке қарай, тұрақтандыру қорында сақталған 605 тонна көкөніс өнімі сәуір айының ортасында-ақ түгелдей сатылып кетіпті. Өз кезегінде бұл да азық-түліктің өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

Сондай-ақ, Азамат Айтпаевтың айтуынша, биыл халық тарапынан 1 сортты ұнға сұраныс артқан. Сол себепті, сұранысты қанағаттандыру және нан бағасын ұстап тұру үшін "Идеал Маркет" серіктестігіне сату және наубайханаларында нан өнімдерін шығару үшін 155 млн теңгеге несие беріліп, оған 1000 тонна астық алынған.

ҚР Ұлттық статистика агенттігі сайтында 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша Атырау облысындағы орташа айлық жалақы көлемі 405,8 мың теңге, ал жан басына шаққандағы кіріс 230 829 теңге деп көрсетілген. Республикалық көрсеткіштен артық саналатын бұл мәліметтерді жергілікті жұртшылық мойындай бермейді. Десек те, соңғы жылдары облыста әр тұрғынға шаққандағы номиналды кірістің Атырау өңірінде төмендей бастағаны байқалыпты, мәселен, биыл адам басына шаққандағы кіріс 3,3 пайызға азайған, күнделікті көзіміз көріп отырған жағдаймен салыстыра қарасақ, бұл дерекпен келісуге болады.

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу