Азот тотығымен терапияға арналған аппарат "Теңізшевройл" компаниясының қолдауымен AYALA қоры Атырау облысында іске асырып жатқан "Өмір сыйлайық" қайырымдылық жобасы аясында берілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Азот тотығымен терапия тыныс алу жүйесінің күрделі патологиясымен: жіті өкпе гипертензиясымен, туа біткен пневмониямен және бұрын туғаннан кейінгі алғашқы сағаттар мен күндерде өлімге әкелетін басқа да ауыр жағдайлармен туған сәбилерді құтқарады. Ол АҚШ, Жапония, Еуропалық одақ елдеріндегі неонаталдық реанимацияларда кеңінен қолданылады. Атырау облыстық перинаталдық орталығы осындай жабдығы бар Қазақстандағы 7 перинаталдық орталықтың бірі атанды.
"Қайырымдылық медициналық жобаларды іске асырудағы AYALA қорының тәсілі – еліміздің перинаталдық орталықтарын жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан озық медициналық технологиялармен және жабдықтармен қамтамасыз ету. "Теңізшевройл" компаниясының қолдауының арқасында Атыраудағы неонатологтардың өздерінің кішкентай пациенттерінің өмірін табысты сақтап қалу үшін тиімділігі жоғары және бүкіл әлемде танылған терапияны қолдану мүмкіндігі бар", – деп атап өтті AYALA қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.
AYALA қоры берген аппараттың бірегейлігі – ол жаңа туған нәрестелерге қоршаған ауадан өмірлік қажетті газ шығарады. Аппараттың Қазақстандағы жеткізушісі "ГЕЛИКА" ЖШС бұл орталықтың бюджетін баллондар мен басқа да материалдардан айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді деп есептейді. Демек, аппарат дәрігерлерге қажет болған кез келген уақытта жұмыс істейтін болады.
Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қазбек Ермағамбетовтың айтуынша, жыл сайын жаңа жабдықтар кем дегенде 25 нәрестені құтқаруға көмектеседі.
"Азот тотығымен терапияға арналған аппарат нәрестенің қанын барлық маңызды ішкі мүшелердің, соның ішінде мидың өміршеңдігін қамтамасыз ететін оттегімен толтыруға көмектеседі. Облыстық перинаталдық орталықтың неонаталдық реанимациясында енді тыныс алу жолдарының туа біткен патологиясымен дүниеге келген балалардың өмірін сақтап қалу үшін барлық қажеттілік бар. Бұл Атырау облысында ерте неонаталдық өлім-жітім деңгейін төмендетуге елеулі үлес қосады", – деп атап өтті Қазбек Айжарықұлы.
Бұл жоба - AYALA қайырымдылық қоры мен "Теңізшевройл" компаниясының алғашқы бірлескен бастамасы емес. Өткен жылы ТШО қолдауымен Облыстық перинаталдық орталық шала туған балалардың көру патологиясын ерте диагностикалау үшін ретиналды камера алды. Осы жылдың соңына дейін ТШО-мен серіктестіктің арқасында осы орталықтың дәрігерлері өздерінің неонаталды хирургия бөлімінде жұмыс істей бастайды.
"Біз өз бизнесімізді 30 жылдан бері табысты жүргізіп келе жатқан өңірдің басты мерекесі – Мұнайшылар күні қарсаңында Атырау облысы тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтайтын жобаны қолдауға қуаныштымыз. Біздің компанияның басты құндылығы, энергиясы мен күші – оның қызметкерлері. Әрбір отбасы үшін өз нәрестесін қолына алудан артық бақыт жоқ. Сондықтан "Теңізшевройл" компаниясы барлық отбасыларда балалардың қуанышты күлкісі естілуі, әрбір үйдің бақытқа кенелуі мен амандық-саулықта болуы үшін облыстың балалар денсаулығын дамытуға қуанышпен және дайындықпен көмектеседі", – деп атап өтті ТШО бас менеджерінің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Хэймиш Полс.