Атырау дәрігерлермен толығып жатыр

4546

Өңірге келуі тиіс 122 жас маманның 55-і жұмысқа кірісті.  

Атырау дәрігерлермен толығып жатыр

Медицина мамандары аса тапшылық ететін Атырау аймағына барлығы 122 жас маман келеді деп күтіліп отыр. Қазіргі күні интернатура және резидентура бітіріп келген 55 маман келіп, Атырау қаласындағы және аудандардағы емдеу мекемелеріне жұмысқа кірісіп те кетті.

"Бүгінде облыста тоғыз медицина саласының қызметкері болса, оның ішінде екі мыңы пандемиямен күреске жұмылдырылып отыр. Оның үстіне, өңірде 278 дәрігер жетпейді. Бүгінгі таңда Жылыой, Құрманғазы аудандарында ауруханалар салынуда. Сонымен бірге, Атырау кардиоорталығына жапсарлас ғимарат ашылады. Медицина және білім саласы мамандарын дайындауға қашан да басымдық береміз", – деді  облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жас мамандармен кездесуінде.

"Коронавирус індетіне байланысты, жас мамандардан қосымша көмек болады деп күтілуде. Мамандардың жалақысы заң шеңберінде көрсетілген деңгейде төленеді. Егер инфекциялық немесе провизорлық стационарға жұмысқа кіріссе, министрлік бұйрығына сәйкес үстемеақы бөлінеді. Емдеу мекемелері басшыларынан түскен сұранысқа сай, мамандар үймен қамтамасыз етіледі", – деді Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Жас дәрігерлердің бірі – Насыр мен Альбина Оңғарбаевтар "қызыл аймақта" жұмыс істеп жатқан отбасылық жұп. Дәрігерлікті таңдаған жас мамандар Ақтөбенің тумалары.

"Жұмысқа 20 шілде күні кірістік. Атырау облыстық ауруханасы жанындағы провизорлық стационардамыз. Науқастарды қабылдап, жағдайларын бақылаймыз. Ауру тарихына қатысты құжаттар толтырамыз. Қазіргі уақытта облыстық әкімдік жалдап берген "Достық" қонақ үйінде тұрамыз. Ауруханаға автобус тасымалы ұйымдастырылған. Бүгінде ахуал тұрақталып, науқастар саны азаюда. Десе де, осындай қиын жағдайда халыққа көмек көрсетіп жатқанымызға қуаныштымыз", – дейді Насыр мен Альбина Оңғарбаевтар.

Мұнайлы өңірге келген Ақтөбе медициналық академиясын аяқтаған 53 маманның 11-і стационарлық ауруханаға, 27–сі бастапқы медициналық көмек көрсететін емханаларға жұмысқа кірісті. Қалған 15 маман аудандарға жіберілді.

Құралай Қуатова,

Атырау облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу