"Атырау" қатарынан екінші матчта жеңіске жетті

1392

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының сегізінші туры аясында төрт матч өтті.

"Атырау" қатарынан екінші матчта жеңіске жетті

"Тұран" Қазақстан Премьер-лигасының сегізінші туры аясында "Атырау" клубын қабылдады. Кездесу "Түркістан Арена" стадионында өтіп, 1:2 есебімен аяқталды.

"Атырау" жылдам гол соғып, есеп ашты. Ойынның 2-минутында қорғаушы Дмитрий Гузь ерекшеленді. Бұл оның осы маусымдағы екінші голы болды. Бірінші таймның қосымша уақытында Олжас Керімжанов жауапты голды соқты. Матчтың 79-минутында "Тұран" қақпасына пенальти белгіленді. Жиан Мартинс бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді.

Қатарынан екінші матчта жеңіс тойын тойлаған "Атырау" 8 ұпаймен оныншы орынға көтерілді. Қоржынында небәрі 3 ұпайы бар түркістандық клуб он үшінші орында тұр.

Жамбылдық "Тараз" Қазақстан Премьер-лигасының сегізінші туры қарсаңында "Ақтөбемен" кездесті. Матч Тараздағы Орталық стадионда өтіп, 3:1 есебімен аяқталды. Вардан Минасян шәкірттері матч бастала салысымен ойынды өз бақылауларына алды. 11-минутта Бауыржан Байтана ойындағы алғашқы голды соқты. Бес минуттан кейін Эуженио пенальтиді сәтті орындап, есепті еселеді. 55-минутта Дінмұхаммед Қараман командасының үшінші голын соқты. "Ақтөбе" сапында 74-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Игорь Сергеев көзге түсті. Жамбылдық клуб бұл жеңістен кейін 17 ұпаймен екінші орынға көтерілді. 9 ұпайы бар Алексей Бага шәкірттері тоғызыншы орында тұр.

Елордалық "Астана" бүгін оралдық "Ақжайықпен" кездесті. Матч "Астана Аренада" өтіп, 1:0 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды 6-минутта Тигран Барсегян соқты. Ал нәтижелі пасты Марин Томасов өз еншісіне жазды. "Ақжайық" қорғаныста жатып алмай, есепті теңестіруге тырысты. Бірақ бұл әрекетінен нәтиже шықпады. Андрей Тихонов баптайтын "Астана" командасы 20 ұпаймен көш бастауын жалғастыра бермек. Қоржынында 9 ұпайы бар "Ақжайық" сегізінші орынға жайғасты.

Ал "Каспий" Қазақстан Премьер-лигасының сегізінші туры қарсаңында "Тобылды" қабылдады. Матч Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионында өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Ойындағы алғашқы гол 31-минутта соғылды. "Тобыл" қақпашысы Александр Мокин мен қорғаушы Алекса Амановичтің қателігін сәтті пайдаланған "Каспий" шабуылшысы Давид Караев бос қақпаны көздеуде еш қателеспеді. Есепті теңестіргісі келген қостанайлық клуб 74-минутта тағы бір гол жіберіп алды. Бұл жолы Никола Цуцкич ерекшеленді. Ал қосымша уақытта Оралхан Өміртаев есепті қысқартты. Ақтаулық клуб бұл ойыннан кейін 12 ұпаймен алтыншы орынға табан тіреді. Ал осы маусымдағы алғашқы жеңілісіне ұшыраған Григорий Бабаян шәкірттері 15 ұпаймен 3-орынға жайғасты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу