Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев Ыстамбұлда өткен шотокан каратэден әлем чемпионатында "алтын" медаль жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Спортшы WSF ұйымының 16-ыншы әлем чемпионатында 45-54 жас санатында (Shobu Ippon Kumite Open) өнер көрсетіп, турнирді жеңіспен аяқтады.
“Мұрзиев өз санатында барлық жекпе-жекте қарсыласын жеңген. Бірінші кездесуде ол Англия өкілі Майк Линчті 2:0 есебімен жеңді. Келесі айналымда да 2:0 есебімен басым түсті”, – делінген Sportdata турнирлік жүйесінің деректерінде.
Жартылай финалда атыраулық спортшы Кот-д’Ивуар өкілі Франк Лоусонмен кездесіп, тағы да 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Финалда Мұрзиев жеңісін қорытындылап, әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.
Айта кетейік, Марат Мұрзиев Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарады. Бұған дейін ол өңірдің бірнеше ауданын басқарған.