Атырау облысында несие беру азайып, банк алдындағы берешек көбейген

5547

Ал депозит көлемі ай сайын өсіп жатыр.

Атырау облысында несие беру азайып, банк алдындағы берешек көбейген

Атырау облысында биыл несие беру көлемі азайған, бұл жағдай барлық валютамен берілетін несие түріне және барлық тұлғаға қатысты болып отыр. Қазақстан Ұлттық банкінің Атырау филиалының мәліметінше, 2020 жылдың қараша-қыркүйек айларында облыстың екінші деңгейдегі банк филиалдары 263,0 млрд теңге несие берген, бұл – былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 61,0 млрд теңгеге аз.

Мұның ішінде, заңды тұлғаларға несие беру 110,4 млрд теңгеге дейін, жеке тұлғаларға 152,6 млрд теңгеге дейін азайған. Сондай-ақ  ұлттық валютамен берілген несиелер 255,1 млрд теңгеге, шетел валютасымен берілгені 7,9 млрд теңгеге дейін азайған. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 2020 жылдың тоғыз айында 21,3 млрд теңге сомасында несие берілген, бұл былтырғы көрсеткіштен 39,9%-ға төмен.

Өкінішке қарай, Атырау облысы бойынша несие берешегінің де өсіп отырғаны байқалады. Қазіргі күні облыстағы банк филиалдарымен берілген несиелер бойынша берешектер 488,6 млрд теңгені құрайды, яғни былтырғыдан гөрі 10,2%-ға өскен. 

Мұның ішінде 2020 жылғы 1 қазанда облыстың жеке тұлғаларының берешектері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға көбейіп, 316,9 млрд теңгені құраса, заңды тұлғалардікі 171,7 млрд теңгені құрап, 2,3%-ға төмендеген. Сол сияқты, ипотекалық несиелер бойынша берешектің де өскені байқалады, ол 2019 жылғыдан 26,0 % -ға өсіп, 63,3 млрд теңгені құраған.

Бір қызығы, пандемияның кері әсеріне қарамастан, шағын кәсіпкерлік нысандарының несие бойынша берешегі өткен жылмен салыстырғанда 7,5 %-ға төмендеп, 43,3 млрд теңгені құрап отыр екен. Ал жеке және заңды тұлғалардың несиелер бойынша мерзімі өткен берешектер көлемі 2020 жылғы 1 қыркүйек күнгі мәліметке сәйкес, 10,6%-ға өскен және 33,5 млрд теңгені құрайды. 

Тағы бір тенденция облыстағы депозит нарығына байланысты. Бұл жерде депозит көлемі ай сайын салыстырылып отыратынын айта кетелік. Мәселен, 2020 жылғы қыркүйекте екінші деңгейдегі банк филиалдары 568,8 млрд теңгеге салымдар тартқан, бұл тамыз айына қарағанда 5,9 есе көп. Осы ретте жеке тұлғалар 33,5 млрд теңгеге депозит салған, бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 43,6%-ға көп. 

Сондай-ақ, 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте облыстың айырбастау пунктері халықтан 69,1 млн АҚШ долларын сатып алған, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 8,4%-ға төмен. Сонымен қатар 2,3 млн еуро (68,2%-ға азайды), 613,5 млн ресей рублі (46,3%-ға азайды) сатып алыныпты. Ал айырбастау пунктерінің жыл басынан бергі халыққа сатқан АҚШ долларының көлемі 189,3 млн-ды құрайды, бұл былтырғымен салыстырғанда 45,0%-ға аз. Бұдан басқа халыққа 7,4 млн еуро сатылған, ол былтырғыдан 90,4%-ға төмен және 1 767,1 млн ресей рублі сатылған, бұл да - өткен жылғыдан 74,2%-ға төмен көрсеткіш. 

Жыл санап ақшалай қолма-қол төленетін қаржы операцияларының сана азайып келеді. ҚР Ұлттық банкінің Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің басшысы Айнагүл Аққұловадан білгеніміз, 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында төлем карточкаларын пайдалану арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша 936,0 млрд теңге сомасына 73 565,0 мың транзакция, карточкалық шоттан қолма-қол ақша алу бойынша 523,2 млрд теңге сомасына 9 434,4 мың транзакция жасалған. Сөйтіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ақшасыз төлем жасау 4,8 есеге өсіп, қолма-қол ақша алу, керісінше, 5,1%-ға төмендеген. 

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу