Атырау облысының дәрігерлері асқынған босануды жүргізудің еуропалық тәжірибесін меңгеруде

57

Атырау облысының 25 акушер-гинекологы Римдегі Джемелли клиникасының маманынан акушерлік және гинекологиялық хирургия бойынша шеберлік сабағында білім алуда.

Атырау облысының дәрігерлері асқынған босануды жүргізудің еуропалық тәжірибесін меңгеруде Фото: AYALA

16-20 қараша аралығында Атырау облыстық перинаталдық орталығында "Заманауи акушерлік және гинекологиялық хирургияның өзекті мәселелері" атты бес күндік шеберлік сабағы өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оны Римдегі Агостино Джемелли атындағы университеттік клиниканың (Fondazione Policlinico Universitario Agostino Gemelli IRCCS) аға консультант-дәрігері Даниэла Ромуальди, MD, PhD жүргізуде. Оқуға перинаталдық орталықтың, Атырау қалалық перзентханасының жәіне жетi аудандық ауруханасының дәрігерлері қатысуда. Жобаны AYALA қайырымдылық қоры Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен "Теңізшевройл" компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асыруда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2000 жылдан бері әлемде ана өлімі 40%-ға төмендеген. Соған қарамастан, 2023 жылы жүктілік пен босану кезіндегі асқынуларға байланысты күн сайын 700-ден астам әйел қайтыс болған. Уақтылы диагностика мен білікті медициналық көмектің арқасында ана өлімінің басым бөлігінің алдын алуға болар еді. Атырау облысының мемлекеттік медициналық мекемелерінің дәрігерлеріне арналған Даниэла Ромуальдидің шеберлік сабағы асқынған босану кезінде көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.

"Ана өлімін төмендету – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі. Тәуелсіздік жылдарында елімізде бұл көрсеткіш алты еседен астам азайды: тірі туған 100 000 нәрестеге шаққанда 67-70 жағдайдан 10 жағдайға дейін төмендеді. Атырау облысында соңғы үш жылда ана өлімін 70%-ға азайтуға қол жеткізілді. Біздің міндетіміз – қол жеткізілген нәтижені сақтап, көрсеткішті одан әрі төмендету. Бұл ретте дәрігерлердің біліктілігін үздіксіз арттырудың маңызы ерекше. Акушер-гинекологтарға Италияның жетекші тәжірибелі маманынан білім алуға мүмкіндік жасаған "Теңізшевройл" компаниясы мен AYALA қорына алғыс айтамыз", – деді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Даниэла Ромуальди – акушерлік және гинекологиялық хирургия саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар акушер-гинеколог. Ол күрделі акушерлік операциялар, оның ішінде техникалық тұрғыдан қиын кесарь тілігі жасалатын Джемелли клиникасының мамандар командасында жұмыс істейді. Клиника жоғары қауіп тобындағы жүктілікті жүргізу бойынша үшінші деңгейлі референстік орталық болып саналады.

Шеберлік сабағының бағдарламасы асқынған босануды жүргізудің заманауи тәсілдерін қамтиды: қайталама кесарь тілігінен және плацентаның жатыр қабырғасына бітісіп өсуінен бастап, көп мөлшердегі қан кетуді тоқтату мен ағзаны сақтап қалуға бағытталған операцияларға дейін. Практикалық бөлімде операциялардың бейнежазбалары көрсетіліп, нақты клиникалық жағдайлар талданады.

"Теңізшевройл" үшін әлеуметтік инвестициялардың нәтижесі Атырау облысының дамуына ұзақ мерзімді ықпал етуі маңызды. Әлемдік медицина тәжірибесінде халықаралық сарапшылардың қатысуымен оқыту – дәрігерлердің үздіксіз кәсіби дамуының маңызды бөлігі. Мұндай формат озық клиникалық тәжірибені меңгеруге және күрделі аурулар мен жағдайларды емдеу тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Күрделі акушерлік және гинекологиялық хирургия бойынша шеберлік сабағын қолдау арқылы біз мемлекеттік медициналық мекемелер дәрігерлерінің кәсіби құзыреттерін дамытуға және өңірлік денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға инвестиция салып отырмыз", — деді Теңізшевройл ЖШС-нің Үкімет және қоғаммен байланыс бойынша бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.

Даниэла Ромуальдидің шеберлік сабағы – "Теңізшевройл" компаниясының қолдауымен өңірде "AYALA Академиясы" білім беру бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан, ана мен бала денсаулығын қорғаудың түрлі мәселелерін қамтитын үш халықаралық курстың екіншісі. Маусым айында Джемелли клиникасының профессоры Тулио Ги ультрадыбыстық диагностика бойынша 26 маманды оқытты. Ал желтоқсан айында француз неонатологы Надя Юзеф облыс неонатологтарына реанимация бөлімшесінде жаңа туған нәрестелерді ультрадыбыстық зерттеудің заманауи әдістері бойынша сабақ өткізеді.

"Аналардың өмірі мен денсаулығын сақтау – AYALA қорының маңызды басымдықтарының бірі. 2024 жылы біз Қазақстандағы алғашқы халықаралық акушерлер конгресін ұйымдастырдық. Одан кейінгі екі жылда серіктестеріміздің қолдауымен елдегі мемлекеттік босандыру мекемелері мен жедел жәрдем қызметтеріне шокқа қарсы арнайы киімнің 350 жиынтығын табыстадық. Оның ішінде 14 жиынтық Атырау облысының медициналық мекемелеріне берілді. Өткен жылы Атырауда акушерлік қан кету кезінде шұғыл көмек көрсету бойынша шеберлік сабағын ұйымдастырдық. Бүгінде бұл жұмысты Даниэла Ромуальдимен бірге жалғастырып, "AYALA Академиясы" жобасын қолдағаны үшін "Теңізшевройл" компаниясына алғыс айтамыз. Біз үшін жүктілік пен босанудың ең ауыр жағдайларының өзінде дәрігерлердің әйел өмірін сақтап қана қоймай, оның болашақта қайтадан ана атану мүмкіндігін де сақтауы аса маңызды", – деді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу