Атырауда карантин талаптары күшейтіледі

3778

Облыстың бас сарапшының өзі "Covid-19" жұқтырған.  

Атырауда карантин талаптары күшейтіледі

Атыраудағы коронавирус инфекциясына қатысты соңғы мәліметтер мәз емес. Басқасын былай қойғанда, осы дертті диагностикалаумен айналысатын Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы  Атырау облыстық филиалын басқаратын Темірбек Мұсағалиев пен осы мекеме қызметкерінен "Covid-19" анықталды. Бұл қызметкердің вирусологиялық зертханаға еш қатысы жоқ, ол  әкімшілік құрамда жұмыс істеген. Қазіргі уақытта бухгалтер, кадр және маркетинг бөлімінен қызметкермен  байланыста болған он екі адам анықталып, оқшауланған. Осы жағдайға байланысты Т.Мұсағалиев facebook  парақшасында пост жариялап, тұрғындарды мәселеге бей-жай қарамауға шақырды.

"Мен осы инфекция басталғаны алдыңғы шепте жүрмін, бірақ, сіздер сияқты, маған жұқпайды деп ойлаппын... Бұған дейін аурудың ошағы Теңіз болса, ол 11 мамырдан бастап қалаға да келді. Тұрғындарда бетперде жоқ, арақашықтық сақтамайды, бейқам жүр" деп жазады маман дәрігер.

Айта кетейік, бұл жазба бұған дейін ол кісінің коронавирус инфекциясына шалдыққаны жөнінде айтылып жүрген алыпқашпа сөздің нүктесін қойды. Дегенмен,  вирусологиялық, химиялық және радиологиялық зертханалар қалыпты жұмысын жалғастыруда. Бұдан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдығапаров та коронавирусқа тест тапсырған, оның нәтижесі әлі белгісіз.

Мұнайлы өңірдегі өндірістік мекемелер карантин басталғалы сақтық шараларына барынша мән беріп, қызметкерлеріне жағдай жасап отырған. Соған қарамастан, "Ембімұнайгаз" компаниясына қарасты Жылыой ауданындағы Терең-Өзек, Қисымбай, Қызылқоға ауданындағы Кенбай кен орындарында кәсіпорынның 62 және мердігер компаниялардың 55 қызметкерінде "COVID-19" анықталғаны белгілі болды. Бұған қоса, маусым айындағы міндетті скрининг кезінде "Ембімұнайгаздың" 19 жұмысшысынан вирус жұқтыру жағдайы тіркелді. Барлық жұмысшылар қажетті ем алу үшін Құлсары және Атырау қалаларындағы жұқпалы аурулар ауруханаларына жатқызылып, отбасы мүшелері оқшауланған. Ал үй жағдайы оқшаулау талаптарын сақтауға мүмкіндік бермейтін адамдар Атырау қаласының "Береке" ықшам ауданындағы арнайы жабдықталған үйлерге карантинге жатқызылған.

Өз кезегінде "Ембімұнайгаз" АҚ қоғаммен байланыс қызметі қалыптасқан ахуалға байланысты "Жылыоймұнайгаз", "Қайнармұнайгаз" МГӨБ-нің және аталған өндірістік бөлімшелерде жұмыс істейтін "Ембімұнайэнерго" басқармасы қызметкерлері үшін жұмыс вахтасының мерзімі 14 күннен 28 күнге дейін ұзартылғанын және вахтаға жіберілген "Ембімұнайгаз" және мердігер мекемелердің барлық жұмысшысы ПЦР-тесттен кейін вирус жұқтыруды болдырмау мақсатында бес күндік карантинге жатқызылатынын мәлімдеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орталық аппараттың бір бөлігі дистанционды жұмыс режиміне жіберіліп, қызметкерлердің бас кеңсе ғимаратында болу уақыты түскі үзіліссіз сағат 15.00-ге дейін қысқартылған.

Қазіргі күні Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Амантай Жұмағалиевтың қаулысымен, "Атырау облысы аумағында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты" талаптар қайта күшейтілді.  Оған сәйкес, 18 маусынан бастап Атырау облысы мен қаласындағы тұрғындар мен көліктердің жүріп-тұруына, дүкен, супермаркет, базарлардың жұмысына байланысты шектеулер қайтадан орнады. Түн мезгілінде себепсіз жүруге болмайды. Балабақшалар жұмысы тоқтатылды. Бұдан бөлек, көпшілік орындардарға барып, отбасылық шаралар өткізуге болмайды. Үй-ішінде той жасап, аулаға шатыр тігіп, садақа беріп жатқандар енді қатаң тексеріліп, әкімшілік жазаға тартылады.

Құралай Қуатова,

Атырау облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу