Атырауда кәсіпкерлер "бюрократияның" кесірінен тұрғын үйлерді пайдалануға бере алмай отыр

5011

Атырауда тұрғын үй салушы құрылыс мекемелері әкімшілік кедергілердің салдарынан шығынға ұшырап отыр. 

Атырауда кәсіпкерлер "бюрократияның" кесірінен тұрғын үйлерді пайдалануға бере алмай отыр

Осы себепті олар қалалық құрылыс бөлімі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және Ұлттық сараптама орталығы қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты шағымданып, "Атамекен" Атырау облысы кәсіпкерлер палатасына жүгінді. 

"Каспий Құрылыс ЛТД" ЖШС қала маңындағы Талғайраң ауылында көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын салған. Алайда мекеменің бас директорының орынбасары Қамбар Теміров тапсырыс берушінің кесірінен үйлер инженерлік желілерге қосылмағандықтан пайдалануға бере алмай, шығынға батып отырғанын айтады.

Тапсырыс беруші – Атырау қалалық құрылыс бөлімі. Әкімдік Талғайраң ауылында көпқабатты тұрғын үйлер салу бойынша инженерлік желілерді жүргізу туралы келісімшарттың талаптарын бұзған.

Соның салдарынан тапсырысты атқарушы мекеме қазір бос үйлерді күзетуге және қызмет көрсету үшін артық шығынға ұшыраған.

- Бізге бүгінде электр энергиясы үшін шамамен 20 млн теңге, үйлерді күзеткені үшін төлеуге 16 млн теңге қаражат керек. Ал, сыртқы инженерлік желілерге қосылмаған дайын нысандарды пайдалануға беру мүмкін емес. Бұл тапсырыс берушінің міндеті негізі. Жылудың болмауы салдарынан нысандар күн суытқанда жағымсыз факторларға ұшырайды. Ал қалалық құрылыс бөлімі олқылықтарды уақытылы реттемегені үшін бізге қатысты әкімшілік іс жүргізді. Мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау басқармасының қызметкерлері заңсыз тексеру жүргізді. Кейін тексеру қорытындысы сотта күшін жойды, – дейді Қамбар Теміров.

Құрылыс басқармасы мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшылары мекеменің нысанды пайдалануға қабылдау актісін ұсынбағанын хабарлады. Олардың мәліметінше, қазір инженерлік коммуникацияларды тартуға қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қала прокурорының орынбасары Нұржан Әбілов бұл мәселе бойынша бірқатар бұзушылықтың анықталуына байланысты тиісті шаралардың қабылданатынын айтты.

Ал "Direct Construction Service" ЖШС" ЖШС-нің өкілі Асан Юсубалиев те Нұрсая ықшам ауданында құрылысы бітіп тұрған тұрғын үй кешенін әкімшілік кедергілердің кесірінен уақытында пайдалануға бере алмай отырғанын айтады.

- Нұрсая ықшам ауданындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталғаннан кейін тіркеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес АҚ Атырау облысы бойынша филиалына дайын объектілерді пайдалануға беру актісін тапсырғанбыз. Алайда бұл орган тіркеуден бас тартты. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өтінімімізді құрылыс саласындағы нормалар мен талаптар сақтамалмаған деп кері қайтарды. Басқарма қызметкерлерінің айтуынша, пайдалануға беру актісі аккредиттелген зертхана жүргізген өлшеу нәтижелері бойынша ғимараттың шу оқшаулау жобасына сәйкес санитариялық-медициналық сараптама бойынша мемлекеттік органнан растау алмағандықтан өтінім кері қайтарылған. Бұл ретте шу және вибрация деңгейінің өлшемдерін біздің тапсырысымыз бойынша "Батыс Эко Проджект" ЖШС аккредиттелген ұйымы өткізді. Сұратылған растауды алу үшін біз Ұлттық сараптама орталығына жүгініп, оларға шу мен вибрация деңгейін өлшеу хаттамасын ұсындық. Сараптама орталығы бұл хаттаманы қабылдамай, сынақтан қайта өтуді талап етті, – дейді Юсубалиев.

Сонымен бірге ол бұл сараптама орталығының қажетті жабдығы болмағандықтан, тиісті өлшемдерді жүргізуге Батыс Қазақстан облысындағы филиалға барудың ұсынылғанын айтады. Компания салған тұрғын үй кешені мемлекеттік кепілдік бойынша салынған. Одан бөлек, компания айыппұл санкцияларын болдырмау үшін белгілі бір мерзімге дейін пайдалануға беру актісін алуға тиіс. Бұл мәселемен қазір Қазақстан құрылысшылар одағы да айналысып жатыр екен. Олар 14 наурызда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және ҚР Бас прокуратурасына мемлекеттік органның талабы заңнамаға қайшы келетіні туралы хат жолдаған.

Ұлттық сараптама орталығының маркетинг және сараптамалық қызмет департаменті директорының орынбасары Назар Ниятқұлов жергілікті филиалдың сынақ зертханаларының хаттамалары негізінде сараптамалық қорытынды беруден не себепті бас тартылғаны тексеріліп, қызметтік тергеу жүргізілетінін жеткізді. Өйткені жеке зертханалардың хаттамалары да есепке алынуы тиісті екен.

- Бірақ Атырау филиалы қорытынды беруге құзыретті емес. Өйткені зертхана мен арнайы жабдық жоқ және қызметкерлер жақында ғана оқудан өтіп келген. Жабдық карантин шектеулеріне байланысты кешігіп, уақытында жеткізілмей жатыр. Сондықтан құрылыс салушыға әзірше көрші Батыс Қазақстан облысы филиалына жүгінуді ұсынып отырмыз, – дейді Назар Ниятқұлов.

Ал Ұлттық сараптама орталығының Атыраудағы филиалының маманы Лаура Ғайнуллинаның айтуынша, "Дайрект Констракшн" ЖШС-ның құжаттары дұрыс рәсімделмегендіктен қабылданбаған.

- Егер құжаттар дұрыс болса, филиалдың өзі оларды БҚО-дағы әріптестерге жіберер еді, – дейді ол.

Алайда кәсіпкерлер палатасы кеңесінің мүшелері мұндай жауапты қабылдамады. Олар кәсіпкерлерге артық кедергі жасалған деп есептейді. Сол себепті бұл мәселені тез арада реттеу керектігін айтты.

Ал "Дайрект Констракшн" ЖШС-нің өкілі Асан Юсубалиев болса, нысанды тіркеуден бас тартуға сылтаулардың түрленіп отырғанына наразы. Енді ол құжаттарды толықтырып, қайта тапсыруға мәжбүр.  

Кеңес төрағасы Әлібек Семғалиев жиын соңында мемлекеттік органдар өкілдерінің назарын жеке лауазымды тұлғалардың біліксіздігі немесе немқұрайдылығынан ісін адал  жүргізетін кәсіпкерлер зардап шекпеуі тиіс екенін атап өтті. 

Ал Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев аталған мәселелерге орай кеңестің бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Ол "Direct Construction Service" ЖШС сотқа жүгінсе, Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы практикалық көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

Ал "Каспий Құрылыс ЛТД" ЖШС-іне қалалық құрылыс бөлімі кінәсінен шығынға ұшырап отырғандықтан дайын нысандарды қабылдау және келісімшартқа сәйкес төлеуді талап етіп, Атырау облысы әкімінің атына өтініш жолдауды ұсынды.

Сонымен қатар мемлекеттік қызмет істері департаментіне "Каспий Құрылыс ЛТД" ЖШС-на қатысты кәсіпкерлік қызметке араласу және заңсыз тексеру фактісі бойынша мемлекеттік сәулет және құрылысты бақылау басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғауды ұсынды. Бұл ретте де компания сотқа жүгінген кезде өңірлік палата кәсіпкердің құқығын қорғауға атсалысады.

Айнұр Сапарова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу