Атырауда ​"қытай аулары" тағы дау тудырды

Арзан әрі шірімейтін аулар балықтарды көбейтпей отыр. 

Атырауда ​"қытай аулары" тағы дау тудырды

Атырау облысында жыл сайын 7 млн шабақ табиғи ортаға жіберіледі. Алайда олардың көп бөлігі теңізге жетпестен, құрма ауға түсіп өледі,– деп жазды inbusiness.kz  тілшісі.

​Бұл жөнінде  өңірге келген ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың сапары кезінде айтылды. Ол балық шаруашылығы мамандарымен кездесіп, саладағы мәселелерге құлақ асты. 

​"Су маржандары жыл өткен сайын азаймаса, көбейіп жатқан жоқ. Балық қорын болашақ ұрпаққа сақтап қалу үшін құрылатын ауға мораторий енгізуге мәжбүрміз. Алайда мәселенің мән-жайын түсінбейтіндер де бар. Мәселен, Атырауда балық шаруашылығы қауымдастығы мұндай тыйымның тиімсіз екенін алға тартып отыр. Себебі балық аулаудың басқа құралдарын алуға уақыт керек дейді. Екіншіден, тордан басқа құралмен аулай білетін балықшы тапшы екенін айтады. Жиында келтірілген барлық деректерді мен міндетті түрде министрлікке жеткіземін. Ал әзірге заңға сай жұмысты жалғастырған жөн", деді Аян Бахиянов.

​Бұдан бөлек, қазір балықты аулаудан гөрі оны өсіріп, көбейтуге көп көңіл бөлініп отырғаны айтылуда. Балық өсіріп, тұқымын таратамын дейтін азаматтарды мемлекет қолдауға дайын. 

​"Балықтардың популяциясы жойылудың алдында тұр. Егер қойылмалы тор ​ пайдалануды доғармасақ, бағалы бекірені былай қойғанда, қарапайым қара балықтан да айырылып қалуымыз мүмкін. Ал, бекіренің жағдайы тіптен қиын. Атырауда жыл сайын 7 миллион бекіре шабағы өзінің табиғи ортасына жіберіледі. Солардың көбісі торға шырмалып, теңізге жетпей өліп кетеді. Осыдан кейін балық шаруашылығын қалай дамытамыз? Балық жүретін жолды торлап тастасақ, ол қалай өсіп-өнеді?! Сондықтан, мұндай мораторий дер кезінде енгізіліп отыр", –  дейді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

​Өз кезегінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы да құрма ауды қолдануға қарсы.

​"Демалыс дегеннің не екенін ұмыттық. Қойылмалы торды құрған адам балығын алады да тайып тұрады. Ал, артын жинап жатқан ешкім жоқ. Егер торға шырмалған тіршілік иесін дер кезінде шығарып алмаса, келесі күнге жетпей өліп кетеді. Қолында балық аулауға рұқсат қағазы бар адамға тыйым сала алмаймыз. Тіпті, өз торларын "менікі емес" деп міз қақпастан мойындамайтындары қаншама?! Жыл басынан бері заңсыз құрылған 5 мыңнан астам тор тәркіленді. Солардың жалпы құны 40 млн теңгеден асып жығылады", дейді мекеме басшысы Нұрлыбек Гайсин.

​Қазіргі күні Қытай мен Ресейде жасалатын балық аулау құралдары шекарадан құрылыс материалдары ретінде өтіп жатыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін кеденшілерден толыққанды тексеріс енгізу жөнінде ұсыныс-хат та жолданған.

​"Бүгінде балық өсіруші кәсіпкерге кеткен шығынның өтемі ретінде мемлекеттен 30 пайызға дейін субсидия бөлінуде. Бұрын бұл тізімде бекіре,  албырт балықтары ғана болса, қазір араван, цихлид, лат, шаян тәрізділермен толыққан. Мемлекет балық шабақтары мен оларды емдеуге арналған дәрілік препараттарды сатып алуға және аталық-аналық балықтарды күтіп-ұстауға кеткен шығынды 50 пайызға дейін субсидиялайды. Тиісті құжаттарын тапсырған шаруашылық субектісінің өтініші бес жұмыс күні ішінде қаралады", – деп түйіндеді сөзін Аян Бахиянов.

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу