Атырауда ойын-сауық орталықтары бір жылдан бері жабық

4303

"Бізді мүлдем ұмытып кетті" дейді олардың иелері.  

Атырауда ойын-сауық орталықтары бір жылдан бері жабық

Атырау облысында жабылғанына бір жыл болған бильярд залы, боулинг орталықтар, компьютер клубтары мен балаларға арналған ойын алаңдарының иелері жергілікті кәсіпкерлерді қолдау палатасына шағымданды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Былтыр карантин жарияланғанда олар алғашқылардың қатарында жабылған. Одан бері бірқатар көпшілік орындар, атап айтқанда, сауда орталықтары, кафе-ресторандар, кинозалдар, мәдениет мекемелеріне дейін талаптарды сақтай отырып ашылып жатыр. Қазіргі күні Атырау облысы да "жасыл аймаққа" енді. Бірақ, аталған бизнес нысандар әлі тоқтап тұр. "Біздің бар-жоғымызды мүлдем ұмытып кеткен сияқты" дейді олардың иелері.

"Біздің үш банкет залы мен боулинг орталықтан тұратын ойын-сауық кешеніміз бар, өткен жылы наурыз айында жабылғаннан бері тұрмыз. Одан кейінгі 4-5 айда қызметкерлерімізді ашылатын шығар деген үмітпен ұстап отырдық, одан кейін жалақы төлей алмағаннан кейін бәрін жұмыстан шығардық. Бәріміздің де отбасымыз, несиесіз бар. Мейрамханалар шектеумен жұмыс жасап жатыр ғой, біздің олардан қай жеріміз кем? Мысалы, боулинг орталықта алты жолақ бар, олардың әрқайсысында бес адамнан ойнаса да әрі кеткенде отыз адамдай-ақ болады. Оның үстіне, қазір коммуналдық қызметтердің ақысын да өз қалтамыздан төлеп отырмыз", – дейді "Алтын Сарай"  ойын-сауық кешенінінің атқарушы менеджері Бибігүл Шитенова.

Аталған кәсіпкерлік нысандарының несие, жалақы, комқызмет бережақтарынан басқа да үлкен проблемасы бар екен. Ол – ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрған құрал-жабдықтардың тат басып, істен шыға бастауы. Олардың да көпшілігі несиеге алынған.

"Funky Town" ойын-сауық паркінің өкілі Жанаргүл Жолдығұлованың айтуынша, олар кезінде несиеге рәсімделген ойын автоматтарына айына 1 млн.теңгедей несие төлейді. Несие жеңілдіктерін пайдаланғанмен, олардың да мерзімі  аяқталған. Егер парк қызметіне рұқсат берген жағдайда аппараттарды түгелдей тексеру керек болады, олардың ішінде жұмыс жасамай қалғандары да болуы мүмкін. Соған қарамастан кәсіпкер карантиндік шектеулер жарияласын, бірақ, жұмыс істеуге мүмкіндік берсе екен деп отыр.

Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресовтің сөзінен белгілі болғаны, қаладағы 19 бильярд мекемесінің 6-уі карантин салдарынан жабылған. Екі боулинг орталықтың та біреуі жұмысын тоқтатыпты.

"Бүгін жиналған бизнес өкілдерінің талабы – оларға жұмыс істеуге рұқсат беру. Бұл орынды деп ойлаймын, өйткені, олар бір жыл бойынша ешқандай табыссыз отыр. Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қолдауға зәру, сондай-ақ, санитарлық талаптарды, шектеулерді сақтай отырып халыққа қызмет көрсетуге дайын. Мен осы мәселені облыс әкімі қатысатын ведомоствоаралық комиссия отырысында көтермекпін. Сол сияқты, кей аймақтарда осындай бизнес нысан түрлеріне жұмыс істеуге рұқсат еткен еткен екен, сол себепті облыстың бас санитарлық дәрігеріне де шығамын, – деп қорытындылады аймақтық кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу