Жуырда "Шеврон" компаниясының серіктестігімен, облыстық білім беру басқармасы, ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығының қолдауымен және "Caravan of Knowledge" корпоративтік қорының ұйымдастыруымен "JasScience BasQosu" шарасы өтті. Бұл шара биылғы жылдың ақпан айында тұсау кескен JasScience жобасының қорытындылау сәті болды.
JasScience жобасының мақсаты — STEAM білімін танымал ету және білім беру саласында қызмет ететін педагогтар, оқушылар командалары мен коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) арасында үздік STEAM жобаларын анықтау. Жобаның аясында әр санат бойынша 5 гранттан бөлініп, жалпы саны 15 грантты құрады. Грант сомасы да санаттар бойынша анықталды, оқушылар гранттары 300 мың теңге, педагогтарға арналған гранттар 400 мың теңге, КЕҰ арасындағы гранттар 2,5 миллион теңге көлемінде болды.
Биыл 21 қыркүйекте Астанада өткен PRO.NRG Fest 2024 халықаралық ғылыми-танымал фестивалінде 2 педагогикалық, 2 оқушылар және 1 коммерциялық емес ұйым өз жобаларын таныстырды. Фестивальге Қазақстанның барлық аймақтарынан келген төрт мыңнан астам қытысушыға бұл жобалар үлгі болды.
JasScience жобасы ғылымға қызығушылық танытатын белсенділердің қауымдастығының қалыптасуына ықпал етеді. Бұл, ұзақ мерзімді, келешекте аймақтың дамуына, білім деңгейінің артуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал жасамақ.
Жастарды STEAM жобаларына тарту, сыни ойлауды, креативтілікті және мәселелерді шешу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Бұл Атырау мен жалпы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Байқау финалистері өз идеяларының прототиптерін әзірлеуді аяқтап, оларды білім беру ортасына сәтті енгізді. Олар бұл туралы өз презентацияларында толығырақ айтып берді.
Бір қызығы, ғылыми жобаларды тек оқушылар мен мұғалімдерге ғана емес, Атырау ҮЕҰ көшбасшыларына да ұсынуға болады екен. Мәселен, "Мүгедек әлемі" мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жөніндегі қоғамдық бірлестік төрағасы Гүлбаршин Нұржігітова "Сандық ас үй" жобасының дүниеге келуіне бастамашы болды.
Іс жүзінде ерекше балаларда грамм, килограмм жөнінде түсінік жоқ. Біздің жоба математика арқылы ерекше адамдарға түрлі тағамды қалай дайындау керектігін айтады. Алмагүл ықшамауданында орналасқан өзіміздің орталықта біз бір бөлмені "Сандық асүйге" айналдырамыз және қарапайым кондитерлік өнімдерді дайындау арқылы қалай есептеуді үйретеміз, – дейді ол.
Анықтама үшін айта кетейік, "Шеврон" – дүниежүзіндегі жетекші интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі. Ал, "Орталық Азияның Еуразия Қоры" КҚ - 2005 жылы аймақта азаматтық белсенділікті арттыруға, жеке кәсіпкерлікті дамытуға, білім беруге және Орталық Азиядағы мемлекеттік басқаруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған қоғамдық ұйым. Сондай-ақ, "Caravan of Knowledge" корпоративтік қоры – Қазақстанда STEAM білімін танымал ететін, мұғалімдердің біліктілігін арттыратын және оқушыларды оқытатын білім беру ұйымы.