Атырауда жаңа жабдықтар балалар реанимациясының мүмкіндіктерін кеңейтті

78

Атыраудағы екі медициналық мекеме жаңа туған нәрестелер мен балаларға шұғыл көмек көрсетуге арналған тоғыз заманауи медициналық жабдық алды.

Атырауда жаңа жабдықтар балалар реанимациясының мүмкіндіктерін кеңейтті Фото: AYALA

Облыстық балалар ауруханасына екі SV600 өкпені жасанды желдету аппараты және бес пациент мониторы, ал Атырау қалалық перзентханасына SV800 өкпені жасанды желдету аппараты мен анестезиологиялық-тыныс алу аппараты табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа жабдықтар қазірдің өзінде белсенді қолданылып, дәрігерлерге балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесіп келеді.

Жабдықтар AYALA қайырымдылық қоры "Теңізшевройл" ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырып жатқан "Өмір сыйлайық" жобасы аясында берілді. Жоба Қазақстанда нәрестелер өлімін және туа біткен мүгедектік деңгейін төмендету жөніндегі мемлекеттік міндеттерді қолдау мақсатында мемлекеттік перинаталдық орталықтарды, перзентханалар мен балалар ауруханаларын заманауи медициналық техникамен жабдықтауға бағытталған.

"Балалар денсаулығын сақтау саласын дамытуға бағытталған жобаларды қолдау – Атырау облысындағы әлеуметтік қызметіміздің ажырамас бөлігі. Жаңа туған нәрестелер мен балаларға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін заманауи жабдықтардың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан AYALA қайырымдылық қорымен серіктестікте өңірдің мемлекеттік медициналық мекемелерін қолдауды жалғастырып келеміз. Бұл жұмыстың нәтижесі ұзақ мерзімді болып, облыстың барлық тұрғынына оң әсерін тигізгенін қалаймыз", – деді Теңізшевройл ЖШС-нің Үкімет және қоғаммен байланыс бойынша бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.

Атырау қалалық перзентханасы 2009 жылдан бері жұмыс істейді. 2019 жылдан бастап мұнда мамандандырылған емдеуді, қарқынды терапияны және тұрақты бақылауды қажет ететін жүкті әйелдерге, босанатын аналар мен жаңа туған нәрестелерге III деңгейдегі перинаталдық көмек көрсетіледі. Жаңа жабдықтар перзентхананың жаңа туған нәрестелерге хирургиялық көмек көрсету бағытын дамытудағы техникалық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

"Жаңа өкпені жасанды желдету аппараты мен анестезиологиялық-тыныс алу аппараты нәресте өмірінің алғашқы сағаттарында қарқынды терапияны бастауға, оның жағдайын тұрақтандыруға және хирургиялық араласулар кезінде анестезиологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Перзентханамыздағы шұғыл хирургиялық көмектің жаңа бағытын дамытуға қолдау көрсеткені үшін AYALA қоры мен "Теңізшевройл" компаниясына алғыс айтамыз", – деді Атырау қалалық перзентханасының бас дәрігері Серікбек Төребаев.

Атырау облыстық балалар ауруханасы өмірінің алғашқы күндерінен бастап 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсетеді. Оның пациенттерінің арасында шұғыл хирургиялық көмекті қажет ететін жаңа туған нәрестелер де бар. Мұндай балалардың жағдайы өте жылдам өзгеруі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер үшін олардың өмірлік маңызды көрсеткіштерін үздіксіз бақылау аса маңызды. Ауруханаға табысталған екі өкпені жасанды желдету аппараты мен бес пациент мониторы қазірдің өзінде медицина мамандарының жұмысында қолданылып жатыр.

"Біздің реанимация бөліміне күн сайын жағдайы ауыр балалар түседі. Сондықтан дәрігерлерге өмірлік маңызды көрсеткіштерді дәл әрі үздіксіз бақылау қажет. Баланың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі алынған деректердің нақтылығына және мамандардың әрекет ету жылдамдығына байланысты. Жаңа пациент мониторлары баланың жағдайындағы ең болмашы өзгерістерді де дер кезінде анықтап, шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда пациентті заманауи SV600 өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға болады. AYALA қоры мен "Теңізшевройл" компаниясы бізге баға жетпес қолдау көрсетті. Мұндай жабдықтар реанимация бөліміне жағдайы аса ауыр пациенттерді де күтіп-бағуға қажетті мүмкіндіктер береді. Бұл біз бұдан да көп баланың өмірін сақтап қала аламыз деген сөз", – деді Атырау облыстық балалар ауруханасының директоры Альмира Сабырғалиева.

AYALA қайырымдылық қоры республикалық "Өмір сыйлайық" жобасын 2007 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Атырау облысында жоба 2011 жылдан бері іске асырылуда. Осы уақыт ішінде Облыстық перинаталдық орталық, Қалалық перзентхана және Облыстық балалар ауруханасы 100-ден астам реанимациялық және диагностикалық жабдық алды.

"Теңізшевройл" компаниясының қолдауы Атырау облысының неонаталдық қызметін дамытуға зор үлес қосып келеді. Медициналық мекемелерді жүйелі түрде жабдықтаудың арқасында дәрігерлер аса күрделі операциялар жасауға, жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға және туа біткен мүгедектіктің алдын алуға көмектесетін заманауи диагностикалық технологияларды енгізуге мүмкіндік алып отыр. "Өмір сыйлайық" жобасының аса маңызды ерекшелігі — оның ұзақ мерзімді нәтижесі: табысталған медициналық техника дәрігерлерге кемінде бес жыл қызмет етеді. Еліміздің болашақ ұрпағының игілігі үшін тиімді әлеуметтік қолдаудың үлгісін көрсетіп келе жатқан құрметті серіктесіміз – "Теңізшевройл" компаниясына алғыс айтамын", – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу