Атыраудың "Ақжайық" резерватында тағы өрт шықты

2389

Ол арада бірнеше күн өтсе де әлі өшірілген жоқ.  

 Атыраудың "Ақжайық" резерватында тағы өрт шықты

Атырауда ерекше қорғалатын "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватында 3 қыркүйек күні жанған өрт әлі өшіріліп жатыр. Қазіргі күні  131 өрттің пайда болу ошағы анықталған.

Өкінішке қарай, қорықта жаз басталғаннан күз ортасына дейін бірнеше рет өрт оқиғасының орын алатыны үйреншікті жайға арналған, ол қалаға жақын орналасқандықтан бықсыған қамыс түтіні жел тұрса Атырауға жетіп, аузы-мұрныңды удай ашытатыны бар. Осындай ахуалға қарамастан әлі күнге облыс резерват тоғайына тереңдеп барып, тілсіз жауды ауыздықтайтын техникамен қамтылмаған.

Бұл жолы облыстық төтенше жағдайлар департаменті жергілікті басылымдарға "өрттің жайылу аумағын артық етіп көрсетті" деген реніш білдірді. Яғни, БАҚ "өрттің ауданын бағалау үшін әртүрлі әдістер қолданылатынын ескермепті".

 "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК АҚ ғарыштық мониторингтің көмегімен жасалған кескіндерді қолдана отырып, жану аймағы туралы жалпы мәліметтерді біріктіреді, онда бұрын өртеніп кеткен жерлер де есепке алынады. Сондай-ақ, қамыстың жануы сулы-батпақты жерде немесе өту үшін қол жетімді жол жоқ жерде орын алғандықтан, әуе барлауы кезінде арнайы өрт сөндіру техникасы өртті сөндіру үшін өрт оқиғасы орнына тікелей жете алмайтындығы анықталғанын ескеру керек. Сондықтан мұндай жағдайда жер үсті көліктерін пайдалану мүмкін болмады. Алайда бұл жағдайға қарамастан, 3 қыркүйек күні сағат 10:15-тен бастап Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары оқиға орнына жаяу барып өртті өшіру жұмыстарын жүргізді. Каспий теңізінің жағалауындағы қамыстың шөгінділері біркелкі емес құрылымға ие, әрине, қамыс өспейтін шағын учаскелер де бар, бірақ негізінен бұл аймақтағы қамыстың биіктігі үш метрге жетеді. 3 қыркүйекте жалынның таралуына ықпал еткен қатты желді де ескеру қажет. Тәуліктің қараңғы болуына байланысты 4 қыркүйек күні таңертеңге дейін сөндіруді тоқтату туралы шешім қабылданды. Таңертең олар қайтадан өрт орнына аттанды. Өрт шамамен 170 га жерде жанып жатыр, сондай-ақ, "Ақжайық" республикалық табиғи резерватының деректері бойынша олардың аумағында жанған алаң 5 га құрайды, қалған жанған бөлігі Кеңөзек ауылдық округіне тиесілі", - деп хабарлайды аталған департаменттің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, өртті ауыздықтауға төтенше жағдай департаменті мен резерваттың қызметкерлері мен құрал-жабдықтарынан бөлек, "Атырау облысы Су Арнасы" РМК-ның жұмыс күші мен техникасы қолданылғаны белгілі болып отыр.

Бұл жолы да әдеттегідей ешкімнің зардап шекпегені, қорықтың ерекше қорғалатын аң-құсына зиян келмегені айтылып отыр. Бір жақсысы, әзірге "Ақжайықта" көктемгі аң-құстың төлдейтін кезінде тіркелген өрт дерегі жоқ, бұл кезде жан-жануарлар төтенше жағдайда қашып үлгере алмайтындықтан, орны толмас зиян келген болар еді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қорық аумағында 2018 жылы бес өрт оқиғасы тіркеліп, 58,3 га жер өртке оранған; 2019 жылы тілсіз жау жеті рет қайталанып, 60 га жерді жайпаған; 2020 жыл басынан бері ғана резерват бес рет өртеніп, одан жалпы көлемі 19,8 га жер зардап шекті. Өрттің орын алу себептері – тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, найзағай түсу сияқты табиғи факторлар.

Құралай Қуатова.

Атырау облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу