Атыраулық кәсіпкерлер облыс прокурорына шағымданды

4249

Олар заңсыз шығынға батқанымен қоймай, айыппұл төлеген 

Атыраулық кәсіпкерлер облыс прокурорына шағымданды

Биылғы Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Атырауға Әзірбайжаннан қызанақ әкеліп, табыс таппақ болған кәсіпкер қып-қызыл шығынның астында қалды. Анықтай келгенде өзінің еш негізсіз жапа шеккенін білген бизнес иесі облыс прокурорына шағымданды, – деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыстық кәсіпкерлерді қолдау палатасында ай сайын ұйымдастырылып тұратын кезекті кездесуге бұл жолы облыс прокуроры Халидолла Дәлешов келді. Оның қабылдауына жазылған "Каспий балығы" ЖШС директоры Самид Сулейманов өзінің басындағы жаймен таныстырды.

Былтыр желтоқсан айының соңында оның тауары, яғни екі машина қызанақ Әзірбайжан елінен Маңғыстау шекарасы арқылы Атырауға келеді. Маңғыстаулық шекарашылар 30 желтоқсан күні өнімнен сынама алып, Алматыға тексеруге жібереді де, қызанақ тез бұзылатын болғандықтан, көліктерді келе жатқан жағына жібереді. Атырауға келгесін оны дереу уақытша сақтау қоймасына орналастырады. 

"Ал 5 қаңтар күні маған телефон соғып, өнімнен бір вирус тауып алғандарын, сол себепті көзін жоятынын айтты.Мен құзырлы органдарға шығып, тәуелсіз сараптама жасауға рұқсат сұрадым. Бірақ менің тауарымды түгел жойып жіберген, соның салдарынан, 2 млн теңге шығын шектім, ол аз болғандай, айыппұл төледім",– дейді кәсіпкер. 

Бір қызығы, бір күн айырмашылықпен Алматының зертханасына екі облыстан жіберілген бір қызанақ сынамасының нәтижесі екі түрлі болып келіпті. Бірінде теріс, екіншісінде оң. Бұл аздай, сол кездегі шекарадан өтерде тексерілуге жататын тауарлардың тізімін тексерген Палата одан қызанақты таппаған. Демек, құзырлы мекемелердің тексеруден бастап айыппұл салуға дейінгі әрекеті заңсыз жасалған.

Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, олар кәсіпкердің арызы бойынша мәселені қарап, талдай келіп, бұл жерде ветеринариялық инспекция қызметкерлері тарапынан коррупциялық заң бұзушылықтарды байқап, ол бойынша облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне хат жолдаған. Белгілі болғандай, қазіргі күні бұл шағымды қалалық прокуратура қарап жатыр екен. 

Ал кәсіпкер Болат Шариповтың прокурорға шағымы жерге байланысты.

Ол 1 га жерді жеке тұлғадан шаруашылық мақсатта сатып алған. Ол жерге өз қаражатына үй, сарай, шағын жылыжай салып алады. Сөйтіп, құжаттарын әзірлеп, тіркемек болған кезде халыққа қызмет көрсету орталығы аталған жылжымайтын мүлікті коммерциялық мүлік ретінде рәсімдеуді талап етеді. 

"Бұл – жиі кездесетін жағдай. Кәсіпкерлер заңды тұлға ретінде рәсімдеген жылжымайтын мүліктерін жеке тұлға ретінде рәсімдеуге аудара алмай, жүгіріп жүреді. Мәселен, малына қора-қопсы салам деп немесе басқалай мақсатта пайдаланамын деп ойлап, айналып келгенде, өзіне үй салып алуға ниеттенуі мүмкін", – деп түсіндіреді Сәрсенбай Жолдыбаев. Бұл мәселе бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына хат жолданған. Себебі олар өздерінің аталған жағдайда мүлікті рәсімдеуден не себепті бас тартқанын түсіндіріп те айтпай отыр екен. Облыс прокуроры бұл ретте қолдан проблема туғызбай, әкімшілік кедергілерді барынша азайту керек деген пікірде. 

Бұдан бөлек, прокурор қала әкімдігі қызметкерлерінің жұмыс жасатпай отырғанына наразы кәсіпкерді қабылдады. Мақат ауданының бір топ кәсіпкері де құзырлы орган басшысына жолығу үшін арнайы келген. Белгілі болғандай, олар бір кездері өздері қаражат жинап, газ тұрбасын жүргізіп алады. Енді сол желіге аудандық ветеринария стансасы ешкімнен рұқсат та сұрамастан, белден басып, өз бетінше қосылған.

Облыс прокуроры Халидолла Дәлешов кәсіпкерлермен кездесуде айтылған арыз-шағымдар бойынша тиісті шаралардың қабылданатынын жеткізді.

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу