Атыраулықтар карантин кезінде күкіртпен демалуға мәжбүр

1441

Экологиялық проблема коронарвирустың таралуын үдетуде. 

Атыраулықтар карантин кезінде күкіртпен демалуға мәжбүр

"Жығылған үстіне жұдырық" дегендей, атыраулықтар үшін жаздың аптап ыстығы мен қатаң карантинге қолқаны қауып тұратын күкірттің сасық исі қосылды. Тұрғындар бұл қолайсыздыққа Атырау мұнай өңдеу зауытын кінәлап отыр. Алайда, зауыт басшылығы бұл айыпты жоққа шығарды. Айтуыларынша, 1 шілдеден тамыз айына дейін зауытта жөндеу жүргізілмек. Яғни, жұмыс процесі уақытша тоқтап тұр. Екіншіден, қаланың аталған бөлігінде тек Атырау МӨЗ ғана емес, жуу-буландыру стансасы, мұнай базасы сияқты өндіріс орындары орналасқан. 

"АМӨЗ" ЖШС-де ауа қысымының сапасын анықтайтын төрт автоматты станса бар. Олар ауаны ластаушы заттарды, соның ішінде күкіртті күн сайын тексеріп отырады. Бұл мәліметтер күн сайын зауыттың сайтында жарияланып, "Қазгидромет" РМК назарына ұсынылады. Аталған автоматты стансаларда 8 және 9 шілде күндері зауытпен шекаралас аймақта күкірт құрамы қалыпты концентрациядан асқан жоқ. Қазір жөндеу кезінде мұнай өңдеу көлемі 14 300 мыңнан 6 мың тоннаға дейін азайды", деп мәлімдеді зауыттың баспасөз қызметі.

Өз кезегінде "Қазгидромет" филиалымен бірлесіп, тексеру жүргізген Атырау облыстық экология департаменті 10 шілдеде "мониторинг стансалары оң нәтиже беріп тұр" десе, 12 шілдеде ауадағы ластаушы заттардың шекті деңгейден бірнеше есе асып кеткенін мойындады. Ауаның ластану көзіне "күкіртсутек көзіне айналған органикалық заттар мен мұнай өнімдерінің шіріген қалдықтары" деген баға беріліп, Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты тексеру тағайындалды. Сол сияқты, облыстық табиғат қорғау прокуратурасы да 2-14 шілде аралығындағы аталған стансалардың барлық мәліметтерін тексеріп, Атырау қаласының ауасындағы күкірттің белгіленген нормадан артық екенін анықтаған. 

"Мен 9 шілде күні таңғы сағат бес жарымда газанализатормен тексергенде ауадағы күкіртсутектің мөлшерден он алты есе асып тұрғаны анықталды. Қалада SOS жағдайы болғанымен карантинге байланысты амалсыз тексеруге шыға алмадым. Естеріңізде болса, 2017 жылы да зауытта күрделі жөндеу басталғанда дәл осылай демалу мүмкін болмай кеткен болатын. Мұны зауыт басшылығы жақсы білсе керек. Неге мұндай шараларды "жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады" дегендей, елде карантин жарияланып, дімкәс жандардың тыныс алуы онсыз да қиындап жатқан кезде қолға алады", дейді "Атамекен ЭКО" қоғамдық қорының жетекшісі Арман Хайруллин.

Арман Хайруллиннің айтуынша, қаланың сол жақ жағалауында салынып жатқан кәріз суын тазарту құрылғылары кешенін (КТС) тезірек бітіріп, іске қосу керек. Құны 10,1 млрд теңгеге бағаланған бұл жоба биыл аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс еді. Пандемияға байланысты карантин бұл жоспарды өзгертіп жіберді. КТС іске қосылса, бүкіл өндіріс қалдықтары төгілетін "Сасық сай" атауымен белгілі жинақтағыш-буландыру алаңы мүлдем жойылмақ. Атырау мұнай өңдеу зауытын қала сыртына көшіру туралы талаптар да көп айтылады. Бұл мол қаражатты қажет ететін жоба болғандықтан оған байланысты қандай да бір кесімді пікір айту әзірге қиын. 

Коронавирус инфекциясын жұқтырудан еліміз Атырау облысы алғашқы орынға шықты Оның ішінде, Теңіз кен орнындағы көрсеткіштер өте жоғары. Қоғам белсендісі Тәуірбек Жұмабергенұлы аймақта індеттің тез таралуы мен халықтың иммунитетінің әлсіреуіне осы ауаға таралған күкірт себепші деген пікірде. 

"Мұнай компаниялары ауаға жіберген осы күкірттің кесірінен қаншама адамның ұйқысы қашты, басы ауырып жүр, аллергияға ұшырады, тіпті кейбірі ұйқысынан оянбай қалып та жатыр. Қазір Атыраудағы мұнайшылардың көпшілігі вирус жұқтырған. Меніңше, кәсіпорындар ауаға шығарып жатқан күкірт қалдығы осы ауыр дертті одан бетер қоздырып жатыр",  дейді ол. 

Әзірге Атыраудың ауасын ластаушыларға байланысты қандай да бір сарапшылық, заңдық шешім шығарылған жоқ. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу