"Атысты тоқтату режимін өрескел бұзды!": АҚШ Иранға соққы жасады

Бұл – халықаралық суларда сауда кемелеріне жасалған шабуылдарға жауап. 

"Атысты тоқтату режимін өрескел бұзды!": АҚШ Иранға соққы жасады Фото: REUTERS / Majid Asgaripour

Аталған мәлімдеменің авторы – АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

 Осылайша, ВВС Ирандағы нысандарға ауқымды соққылар жасала бастағанын жазды. 

Орталық қолбасшылықтың дерегінше, АҚШ-тың әскери операциясы Ормуз бұғазы арқылы өткен 3 сауда кемесіне жасалған шабуылдарға жауап ретінде жүргізілуде. 

– Иранның бұл әрекеті ешқандай негізсіз, қауіпті болды және атысты тоқтату режимін өрескел бұзды, – деп жазылған X әлеуметтік желісінде жарияланған ақпаратта. 

Бұған дейін Ормуз бұғазында 2 мұнай-газ танкеріне шабуыл жасалып, Қатар Иранды "газ тасымалдаушы танкерге шабуыл жасады" деп айыптады. Кеме ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылына тап болып, машина бөлімінде өрт шыққан. Reuters агенттігі экипаж мүшелерінің эвакуацияланып, өрттің жарылыс қаупін тудырғанын хабарлады.

Теңіз қауіпсіздігі саласындағы дереккөздер Оман жағалауында Сауд Арабиясының туы астында жүзген тағы бір газ тасымалдаушы танкер зақымданғанын мәлім етті. Тегеран бұл шабуылдарға қатысы барын не жоғын ресми мәлімдемеді. 

Жаза кетейік, АҚШ пен Иран арасындағы соғыс маусым айындағы уақытша бейбіт келісімнен соң тоқтаған еді. Бұл келісім түпкілікті мәміле жасау жөніндегі келіссөздерге 60 күн уақыт береді.

Өткен аптада Қатарда өткен жанама келіссөздер бейбіт реттеу бағытында, соның ішінде Ормуз бұғазы мәселесі бойынша, айтарлықтай нәтиже бермей аяқталды.

АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет ауқымды әскери қимылдарды қайта бастау қаупін айтқан-ды. 

Оған жауап ретінде Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи уақытша атысты тоқтату туралы меморандум талаптарына сәйкес, қауіп-қатер сақталған жағдайда түпкілікті келісім жөніндегі келіссөздер басталмайтынын сөз етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу