Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесуінде киберқауіпсіздік мәселелерін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның пікірінше, бұл жұмыста киберқауіптерді ерте анықтауға және ШЫҰ елдерінің ақпараттық инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеуге баса мән берілуі керек.
– Ауғанстандағы жағдай жіті назар аударуды қажет етеді. Бұл елде гуманитарлық дағдарыстың алдын алу және ұзақмерзімді тұрақтылыққа жағдай жасау үшін күш біріктіру жұмыстарын жалғастырған жөн. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдау – өте өзекті. Біз климаттың өзгеруі мәселесіне айрықша назар аударуымыз қажет. Алдын алу шараларын шұғыл қабылдамасақ, бұл мәселе планетамыздағы жаһандық табиғат апаттарын асқындырып жіберуі мүмкін. Ауа райының аса құбылмалы болуы әлемдегі басты проблемалардың біріне айналып келеді. Осыған байланысты ШЫҰ табиғат апаттарымен күресу ісіндегі тәсілдерін жаңартуы қажет. Биыл көктемде біздің еліміз климат өзгерістерінің кері әсерін анық сезінді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстандағы алапат су тасқыны кезінде тілеулестік танытып, көмек көрсеткені үшін сіздердің елдеріңізге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Біз бұл қолдауды жоғары бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның алдағы Астана саммиті "Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу" деген атаумен өтетінін жеткізді.
– Шанхай ұйымының негізгі мақсаттарының бірі – аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Мұны аталған күн тәртібі анық көрсетеді. Осы орайда Сыртқы істер министрлері кеңесіне үлкен үміт артылады. Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астанадағы отырысын табысты өткізуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.