Әуе көлігі Баянауылды бетке алады

3097

Павлодардан Баянауылға қырық минутта жетуге болады.

Әуе көлігі Баянауылды бетке алады

"Бүгінгі күні Баянауылдағы әуежай (Павлодар облысының Баянауыл ауданының ортасы, ұлттық саябақ орналасқан жер) шағын авиацияны қабылдауға жүз пайыз дайын. Өткен жылы облыс әкімі (Болат Бақауов) ширек ғасырдан кейін аталмыш әуе қатынасын қайта қалыпқа келтіру туралы міндет қойған болатын. Бұл іс турист тарту үшін жасалды", – деп мәлімдеді Павлодар облысы Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов.    

Жаңа әуежайға Let-410 жолаушылар ұшағымен ұшып келген алғашқы жолаушы облыс әкімінің өзі болды. Рейске "Жезқазған Эйр" компаниясы қызмет көрсетті. Маусым айында өңір басшысы FK14 Polaris  екі орынды ұшақпен ұшып келіп, ұшу-қону жолағын тексерген болатын.

Шағын авиация ұшақтарының қонуына мүмкіндік беретін топырақты жолақтың ұзындығы 1200 метр. Қазіргі уақытта әуежай ғимаратында терминал мен ұшақтарға арналған ангардың құрылысы жүріп жатыр. Павлодар облысы Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің айтуынша, бүгінгі таңда әуежай жергілікті әкімдікке қарайды. Жобаға облыстық бюджеттен шамамен 90 млн теңге қаржы жұмсалған. Сонымен қатар егер қажеттілік туып жатса деп бетон тоселген жолақ салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалды. Алдын ала есептеу бойынша, оның құрылысына 250-300 млн теңге кетуі мүмкін.

"Қазір салалық министрлікпен (инвестициялар және даму министрлігі)  тығыз жұмыс істеп  жатырмыз. Үнемі ұшу үшін министрлік бізге ұшақ сатып алады. Авиабилеттің бағасы арзан болғандықтан, келушілердің саны ұлғаяды деп ойлаймын, өйткені көлікпен үш-төрт сағат жүргенше, ұшақпен 40 минутта келген әлдеқайда тиімді", – деді ауыл әкімі.

Әуе қатынасының қолжетімділігі туралы сөз қозғалғанда Павлодардан Баянауылға ұшу рейсінің бағасы 10 мың теңге екенін айтылды. Ал жақын орналасқан қалалардан ұшып келу билеті қанша болатыны туралы мәселе ашық қалпында қалды. Баға инвестициялар және даму министрлігінің  тұрақты рейстерді бекітуіне байланысты болады. Жергілікті билік әзірге Павлодар, Астана және Қарағанды бағытын ғана сөз етіп отыр. Ішкі туризм статистикасына сүйенер болсақ, Баянауыл қонақтарының басым бөлігі дәл осы жақтардан. Павлодар облысы кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы мамандарының ақпары бойынша, биыл жазда Баянауыл аймағында шамамен 160 мың адам демалған, ал былтыр бұл көрсеткіш 152 мың адамды құраған. Жергілікті билік бұл көрсеткіш қысқы демалысты ұйымдастыру есебінен өседі және әуежай жыл бойы жұмыс істейтін болады деп үміттеніп отыр.

Шале қарастырылмаған
Баянауылдағы қысқы демалыстың бір нұсқасы – тау шаңғысы. Ауыл әкімінің айтуынша, арқан жолы мен шаңғы жолын салуға қатысты барлық жұмыс 20 желтоқсанға дейін аяқталады. Облыс басшысының өзі бірінші болып жолды сынақтан өткізуі мүмкін.

Екі орындық 70 креслоға арналған арқан жолы Мырзашоқы тауында салынып жатыр, оның биіктігі 800 метр. Тау шаңғысы базасы күн сайын бес мың адамға дейін қабылдайтын болады.

"Бұл жерде тек әуесқой  шаңғышылар ғана емес, сонымен қатар кәсіби спортшылар жаттығатын болады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, бұл жер барлық талапқа сай. Шаңғы жолы 11 шақырым. Қарға қатысты проблема жоқ, қараша айының басынан бастап екі рет қар жауған, қардың  биіктігі 10 см-ге дейін жетеді. Қазір жабдықтар әкелініп жатыр", – деді Оразгелді Қайыргелдинов.

Бірақ бұл жерде әлемдік демалыс орындарындағыдай шале қарастырылмаған. Қызмет көрсету тек дәмхана және киім ауыстыратын жер ретінде жасалған контейнермен шектеледі. Туристер  Баянауыл ауылына тоқтай алады. Қазір ауыл тұрғындары үйлерін хостел ретінде беруге дайындап жатыр. Келген қонақтарды орналастыратын екінші орын Ақсу ферроқоспалар зауытына тиесілі Торайғыр көліндегі "Факел" демалыс орны. База ERG компаниясының облысқа жыл сайын бөлетін қаржысына салынған.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу