Әуе компанияларда жолаушылармен диалог орнату мәдениеті төмен – Үкімет басшысы

2127

Отандық азаматтық авиация саласында шешілмеген мәселелер аз емес. 

Әуе компанияларда жолаушылармен диалог орнату мәдениеті төмен – Үкімет басшысы Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz

"Еліміздің кейбір әуежайларында ұшу-қону жолақтарына жөндеу жүргізу керек. Траптар мен жанармай құю машиналары сияқты арнайы техникалардың көбі ескірген. Әуежайлардың айналасындағы жерлер тұрғын үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдаланылуда. Яғни, халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етеді. Біз Үкіметте  авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін бірнеше рет талқыладық. Отандық жанармайдың жеткілікті қоры – Қазақстан арқылы транзитпен өтетін халықаралық авиакомпанияларды тартудың негізгі факторларының бірі", - деді ол.  

Премьер-Министрдің айтуынша, әуе көлігі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға, ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүдделі болуымыз керек. Бұдан бөлек ол отандық әуе компанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылып жатқанын да атап өтті.

"Рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағымдар көп. Айталық, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында "Fly Arystan" компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындамаған. Сондай-ақ, 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары "Астана-Шымкент" рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен", - деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов рейстердің кешіктірілу себептері уақытылы түсіндірілмейтінін, лайықты сервис ұсынылмайтынын айтты. Сәйкесінше бұл баға саясатында көптеген сұрақтың пайда болуына себепші, деді ол.

"Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды.
Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда, ол билет бағасын да өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр", - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек екендігін мәлімдеді. 
 
"Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс", - деп атап өтті ол.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу